Емтихан өткізілмейді және тең мүмкіндіктер беріледі: бірінші сыныпқа құжат қабылдау сәуірде басталады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бірінші сыныпқа құжат қабылдау сәуірде басталады/ Фото: kursiv.media

Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ата-аналар баланың құжаттарын электрондық үкіметтің еgov.kz веб-порталы арқылы тапсыра алады. Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан астам бала барады деп күтілуде.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі Заңына сәйкес лицейлер мен гимназияларға бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихан өткізуге тыйым салатын ереже енгізілді. Барлық балалар, дайындық деңгейіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге ие болады. Бұл бастама тестілеу мен әңгімелесуге байланысты бірінші сынып оқушыларындағы психологиялық қысымды азайтуға бағытталған», – деп атап өтті орта білім Комитетінің басқарма басшысы Әлия Чокушева.

Балалар бірінші сыныпқа алты жастан бастап ата-анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Сонымен қатар:

  • №065у формасындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама;
  • 026/у-3 баланың денсаулық паспорты;
  • баланың екі дана 3х4 фотосуреті тапсырылады.

Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.

Еске сала кетсек, ақпанда Мемлекет басшысы оқушыларға сабақ кезінде смартфон пайдалануға тыйым салатын заңға қол қойды.

Заңның негізгі мақсаты – білім беру саласындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру.

Құжатта орта білім беру ұйымдарында смартфон пайдалану ережелерін бекіту қарастырылған.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты екенін айтқан. Сонымен қатар баланың ұялы телефонын мектепке әкеліп, үзіліс кезінде пайдалана алатынын айтқан.

Сондай-ақ, заңда тестілеусіз бірінші сыныпқа қабылдау бар. Бұған қоса балабақшаларда бірыңғай кезекті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу сынды қадамдар ұсынылған.

1 ақпанда Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.

Смартфон сынды құрылғыларды шектеуге қатысты Заңның қабылдануына Парламент депутаттары бастамашы болды.

Еске сала кетсек, Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев еліміздегі білім сапасының нашарлап кеткенін айтқан. Оның айтуынша, әсіресе, балаларда оқу сауаттылығы төмен деңгейде.

Сондай-ақ оқыңыз