Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Eni компаниясымен бірге Жаңаөзенде гибридті электр станциясын салады

ҚазМұнайГаз
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Eni компаниясымен бірге Жаңаөзенде гибридті электр станциясын салады / Kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Eni компаниясы Жаңаөзен қаласында гибридті электр станциясын салу жобасын талқылады. Бұл туралы ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Eni компаниясының барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньяти бастаған делегациямен кездесті.

Тараптар Жаңаөзен қаласында (жел 77 МВт, күн 50 МВт және газ 120 МВт) гибридті электр станциясын салу жобасын талқылады. Қазіргі уақытта ҚМГ мен Eni жобаны іске асыруды бастау жұмыстарын аяқтап жатыр.

ҚМГ және Eni басшылары Каспий теңізіндегі Абай учаскесінде алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылауға дайындық және тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға басымдық бере отырып, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын дамытудың келесі кезеңдерін іске асыру мәселелеріне тоқталды.

Тараптар Қарашығанақ мұнайын «Транснефть» жүйесі арқылы неміс мұнай өңдеу зауыттарына экспорттау нәтижесін айтты. Қарашығанақ кен орнынан мұнайды аталған бағыт бойынша тасымалдау 2024 жылы да жалғасады.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазынаға» тиесілі «ҚазМұнайГаз» облигациялары бойынша купон мөлшерлемесі 3%-дан 9,3%-ға дейін өсті. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы хабарлады.

Шығарылған облигациялар көлемі (теңге): 751 631 400 000;

  • 3% мөлшерлемемен ҚМГ жылына шамамен 22 млрд теңге алады;
  • 9,3% мөлшерлемемен компания 70 млрд теңгеге жуық алады.

Бұған дейін Электр станциялары шығынға батып отырғанын жазған едік. Соның салдарынан электр энергиясы қымбаттайды.

«Самұрық-Энерго» басшысы Серік Түйтебаев Алматыда ЖЭО-2-де өткен «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, тарифтерді тежеу саясаты жылу энергиясын өндірушілерді шығынға батырады.

«Мысалы, Алматыдағы «АлЭС» компаниясының шығыны соңғы 5 жылда шамамен 6 млрд теңгені құрады. Көбінесе электр станцияларының электр энергиясын өндіру үшін жағатын көмірге төлейтін қаражаты жоқ. ҚР энергия өндіруші ұйымдарының «Богатырь Көмір» ЖШС алдындағы жалпы берешегі шамамен 6,4 млрд теңгені құрайды», – деді Серік Түйтебаев.

Бұған қоса, сыртқы саяси жағдайға байланысты жабдықтардың бағасы одан әрі өскен. Мысалы, бу қазандықтары мен құбыржолдарға арналған құбыр екі жылдың ішінде 3,5 есе қымбаттады.