ҚНРДА «Взаймы» микроқаржы ұйымын лицензиясынан айырды
Ірі микроқаржы ұйымының бірі «Взаймы» лицензиясынан айырылды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Алматы қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы бастығының 26.03.2024 жылғы №27 бұйрығы бойынша, «Взаймы микроқаржы ұйымы» ЖШС микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылды», – делінген хабарламада.
Лицензиядан айыруға қызметін Заң талаптарын және уәкілетті органның, Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерін жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік 12 ай ішінде үш және одан көп рет) бұза отырып жүзеге асыру негіз болды.
Лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде ұйым атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді алып тастауы керек. Олардан туындайтын, көрсетілген заңды тұлғаның микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруын болжайтын сөздерді немесе аббревиатураларды да алып тастауы керек. Қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
Ұлттық банк мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Взаймы» 229 микроқаржы ұйымы ішінде активтері көлемі бойынша 15-ші орында тұрды. Оның активтері 13,7 млрд теңге болды. Несие портфелі – 17,1 млрд теңге, міндеттемелері – 7,5 млрд теңге. Меншікті капиталы – 6,1 млрд теңге, таза пайдасы – 5,9 млрд теңге.
Бірнеше микроқаржылық компанияның лицензиясы тоқтады
ҚНДРА бұған дейін бірнеше микроқаржылық компанияның лицензиясын тоқтатты.
Шешім Алматы қаласы өңірлік өкілдер басқармасы бастығының 23 ақпандағы №№15,16,17,18,19 бұйрықтарына сәйкес қабылданды.
«Hava Finance» (Хава Финанс)» МҚҰ» ЖШС, «POS Credit» (ПОС Кредит)» МҚҰ» ЖШС, «SF Offline» (СФ Оффлайн) МҚҰ» ЖШС, «Сәлем Кредит» МҚҰ» ЖШС, «Express Аванс» МҚҰ» ЖШС-ның (бұдан әрі – МҚҰ) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияларының қолданысы 3 ай мерзімге тоқтатыла тұрды», – деп жазылған хабарламада.
Лицензияны тоқтатуға негізгі себеп – заң талаптарын сақтамау болды. Атап айтқанда, «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағының 5-тармақшасына сәйкес уәкілетті органның жазбаша нұсқамасын орындамау.
Микроқаржы секторында проблемалық қарыз көлемі артты
Еске сала кетсек, былтыр парламенттік тыңдауда ҚНРДА басшысы микроқаржы секторында проблемалық қарыз көлемі артқанын айтқан. Жалпы елімізде жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгеге жетті. Ал қарыз алушылардың саны 8 миллионнан астам адамды құрады.
ҚНРДА басшысы проблемалық қарыз алушылардың мәселесін шешу міндеті қазір қаржы институттарына жүктелгенін айтты. Олар 1,449 млн проблемалық қарыз алушымен жұмыс жоспарын дайындапты. Бұл жұмыста кейінгі жылдары еш төленбеген проблемалық несиені баланстан шығару мүмкіндігі қарастырылған. Әбілқасымова мұны қаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен жүзеге асыратынын атап өтті.
ҚНРДА басшысы сонымен бірге азаматтардың борыш жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу және тұтынушылық кредит берудегі тәуекелдерді барынша азайту үшін агенттік кешенді іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын айтты.