Жаңалықтар

Энергетика министрі Түркіменстаннан Қазақстанға энергия мен газ жеткізуге қатысты: «Бұл ұсынысты қабылдауға дайынбыз»

Қазақстан Түркіменстаннан энергия мен газ сатып алуға дайын / коллаж kursiv.media

Қазақстан Түркіменстаннан энергия мен газ сатып алуға дайын. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. Министр Түркіменстанның энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстанға электр энергиясы мен газ жеткізу жөніндегі ұсынысына түсініктеме берді.

«Жалпы, Түркіменстанның электр энергиясын жеткізуге мүмкіндігі бар. Қырғыз Республикасына экспорт қазірдің өзінде жүріп жатыр. Біз өз қажеттіліктерімізге және жөндеу кестемізге қарай әрекет етеміз.  Жалпы, біз түркімен әріптестеріміздің газға да, энергетикаға қатысты да ұсынысын қарауға дайынбыз. Әлі ресми ұсыныс түскен жоқ. Біз «ҚазМұнайГаз» және «KEGOC» компаниясына осы ұсынысты жүзеге асыруға қатысты мәселелерді пысықтауды тапсыруымыз мүмкін. Қазір біз ішкі қажеттіліктерді толығымен өтеп жатырмыз», – деді Сатқалиев.

Сондай-ақ министр журналистердің қолайлы ұсыныс болған жағдайда Қазақстан Түркіменстанға басымдық беруі мүмкін бе деген сауалға да жауап берді.

«Бұл келісімдерге байланысты. Иә, егер ұсыныс қызықты болса, қазақстандық тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында біз бұл ұсынысты қабылдауға дайынбыз», – деп  толықтырды Алмасадам Сәтқалиев.

Еске салайық бұған дейін Түрікменстан Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов  Қазақстанға газ және электр энергиясын жеткізуге дайын екендігін айтқан еді.

ТДХ мемлекеттік агенттігі ақпаратына сүйенсек, Бердімұхамедов әлемдік энергетикалық нарықтардың жалпы тұрақсыз жағдайында серіктестіктің тиімді, сенімді, өзін-өзі қамтамасыз ететін моделін құру қажет деп санайды. Ол Түрікменстан бауырлас елдерге энергия ресурстарын жеткізуге және жеткізу көлемін арттыруға дайын екендігін атап өткен.

Қазіргі уақытта көршілес ел Өзбекстан мен Қырғызстанға электр энергиясын экспорттайды. Бұл ретте үш мемлекеттің келісімімен Шығыс бағыты бойынша түрікмен табиғи газын жөнелту жөніндегі ірі жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарлары бар.

«Түркімен табиғи газы мен электр энергиясын Қазақстанға, Әзірбайжанға және Түркияға экспорттау үшін жақсы мүмкіндіктер бар. Біз бауырлас елдерге энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде одан әрі көмек көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті Гурбангулы Бердімұхамедов.

Қазақстандағы электр қуатының тапшылығы

Қазақстанда 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында электр қуатының тапшылығы шамамен 1 025 МВт құрайды. Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов осылай деп мәлімдеді.

Басқарма төрағасының айтуынша, 2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың наурызына дейін электр энергиясы бойынша да, қуаты бойынша да тапшылықтар болатынын айтты. 

«Болжамды максималды электр жүктемесі 17,4 ГВт және зауыттың генерациясы 16,4 ГВт болғанда тапшылық шамамен 1,025 ГВт болады. Оны негізінен Ресей Федерациясынан келетін импорт есебінен немесе Қазақстандағы тұтынушыларды шектеу есебінен жабуға болады», – деді Айтжанов.

Оның айтуынша, алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі электр энергиясын тұтынудың ағымдағы өсу динамикасымен оңтүстік аймақтағы ең жоғары жүктемесі 4500 МВт-тан асуы мүмкін.

«Оңтүстік өңірдегі тұтынушылардың сұранысын толық қамтамасыз ету және шектеулер енгізбеу үшін Жамбыл ГРЭС-і бес блоктық режимде жұмыс істеу қажет»,- деп түйіндеді сөзін Нәби Айтжанов.

Басқарма төрағасы атап өткендей, өткен жылы максималды тұтыну 13 желтоқсанда тіркеліп, 16 626 МВт құраған. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 167 МВт-қа жоғары (2022 жылы 16 459 МВт). Өндіріс 15 107 МВт құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 96 МВт-қа(15 203 МВт) төмен.