2023 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Қазақстанның сауда серіктестері арасында бірінші орынға шықты. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан экспорттаушылар форумы мен Қытай (Сычуань) – Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастық конференциясында айтты.
Министр былтыр екі ел арасындағы өзара сауда 31,5 млрд АҚШ долларын құрайтын рекордтық көрсеткішке жеткенін мәлімдеді. Қазақстандық өнімнің Қытайға экспорты 12,6 пайызға өсіп және 14,7 миллиард долларды құрады. Импорт 50,5 пайызға өсіп, 16,8 миллиард АҚШ долларына жеткен.
«Қытаймен өзара байланыс әлемдегі ең ірі инвесторлар мен жетекші экономикалардың бірі, Қазақстан үшін тұрақты прогресс пен сауда-инвестициялық әлеуетті іске асырудың ұзақ мерзімді факторы болып отыр. Өткен жылы Қытай нарығын еркін экспорттай алатын Қазақстанның агроөнімдер тізбесін кеңейттік. Біздің болжам бойынша, Қазақстанның өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы тауарларының кең ассортиментін қоса алғанда, 135 тауар позициясы бойынша экспортты 1 милиардқа арттыра алады», — деп баяндады Арман Шаққалиев.
Ведомства басшысы екі ел арасында бірлескен жоспарларды әзірлеу және өзара жұмыс органдарын құру маңызды екенін айтты.
«Қытайдың ең ірі үш провинциясының құрамына кіретін Сычуань провинциясынан бастадық. Бүгінгі таңда Қазақстан мен провинция арасындағы сауда шамамен 230 миллион долларды құрайды, оның ішінде Қазақстан 45 миллион долларға өнім экспорттайды», – деді министр.
Қос тарап былтыр сауда айналымын 40 млрд долларға жеткізуге келіскен
Айта кетейік былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин қазақ-қытай сауда айналымын 40 млрд долларға жеткізуге уағдаласқан еді. Мемлекет басшысы Сиань қаласында өткен саммитте Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрін көбейтуге мүдделі деді. Бидай мен ұн өндіруден Қазақстан әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіретінін атап өтіп, шаруалар сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын екенін жеткізді.
«Олар экологиялық жағынан таза әрі жоғары сұрыпты ет пен органикалық өнімдерді де көптеп жеткізе алады. Есесіне, бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз», – деді спикер.
Екі елдің географиялық орналасуы аймақтық және трансконтиненталды деңгейдегі маңызды көлік-логистика дәлізіне айналдырып отырғанын алға тартты Президент.
«Осыған байланысты Қазақстан өзінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін достық ниеттегі Қытаймен ынтымақтастықты тереңдетуге бағыттауға дайын. қазақ-қытай сауда айналымы 31 млрд долларға жетті. Ал, біз Си төраға екеуіміз оны 40 млрд долларға дейін жеткізуге уағдаластық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің дерегінше, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға салырнған 350 млрд доллар тікелей шетелдік инвестицияның 23 млрд доллардан астамы Қытайдан тартылған.