Қазақстандағы ислами депозиттердің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетуі ықтимал
Қазақстандағы жаңа ислами депозиттердің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Мұндай деректер Қазақстандағы исламдық қаржыландыруды дамыту нарығы бойынша есепте келтіріледі. Есеп тұсаукесері «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО, Орталық) алаңында өткен.
Зерттеу аясында діни сеніміне байланысты дәстүрлі банктерден депозит ашпайтын респонденттер ислами депозит ашуға дайын екенін жеткізген. Мұндай жаңа депозиттердің жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Сонымен қатар, зерттеу барысында алынған мәліметтер негізінде дәстүрлі депозиттен 924 млрд теңге аударылуы мүмкін.
Қазір нарықтағы исламдық ипотека көлемі 1,6 трлн теңгені құрайды. Ал исламдық қаржыландырудың әлеуеті, оның ішінде тұтынушылық қаржыландыру, автоқаржыландыру және бөліп төлеуді қосқанда, 2,3 трлн теңгеден асуы ықтимал.
Зерттеу нәтижесі ислами әртүрлі қаржы құралдарына сұраныс айтарлықтай жоғары екенін байқатқан.
«Ислами қаржыландыру нарығын дамыту қажеттілігі діни сенімдеріне қарай классикалық банк құралдарын пайдалана алмайтын дінді берік тұтынушы мұсылмандар санының артуымен байланысты өседі деп күтіледі», – делінген хабарламада.
Алайда исламдық қаржыландыру тек дінге берік мұсылмандарға ғана арналмағанын атап өткен жөн. Балама қаржыландыру түрін діни сеніміне қарамастан, кез келген адам пайдалана алады. Бірақ та халық арасында ислами қаржы құралдары туралы білетіндердің қатары аз. Сауалнамаға қатысушылар қаржы өнімдерін пайдалануға кедергі келтіретін себептердің ішінде өнімдердің қолжетімсіздігін, ұсыныстардың аздығын, исламдық қаржы туралы қате түсініктерді және сенім мәселелерін атап өтті.
Ақпан айында АХҚО қатысушы компаниялары Қазақстанның азаматтарына көрсете алатын қаржылық қызметтердің тізбесі кеңейген. Мәселен, заңды және жеке тұлғаларға кез келген валютада исламдық қаржыландыру бойынша қызметтерді енді АХҚО исламдық банктер немесе сақтандыру компаниялары ғана емес, сонымен қатар исламдық қаржы ұйымдары да көрсете алады. Бұған тұтынушылық қаржыландыру, бөліп төлеу, исламдық лизинг, сауданы қаржыландыру, шариғат қағидаттарына сәйкес қаржыландыру кіреді.
«АХҚО алаңында лицензияланатын исламдық қаржы ұйымдарының ашылуы ҚР резиденттері, оның ішінде шағын және орта бизнес үшін ұсынылатын құралдар желісін кеңейтуге ықпал ететін болады, бұл тұтастай алғанда ел экономикасының нақты секторын дамытуға оң әсер етеді», – делінген хабарламада.
Есеп Ислам Даму Банкі институтының қолдауымен АХҚО лицензияланған қатысушысы – CSQLаw консалтинг компаниясымен бірлесіп дайындалған. Зерттеуге Қазақстанның 13 000-ға жуық респонденті қатысты. Оның ішінде 350-ге жуығы заңды тұлғаболса, 12 000-нан астамы жеке тұлға.