Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Алматыда орналасқан машина жасау зауытын жекешелендіру шарттарын қайта қарап жатқандарын мәлімдеді. Министрлік зауытты ел өнеркәсібіне үлес қосатын кәсіпорын ретінде сақтап қалудың қамын жасап жатқан көрінеді.
«Зауыттың қайда орналасқанын, қандай аумақты алып жатқанын елдің бәрі біледі. Оның орналасқан жері «басқа мақсаттарға» пайдалану үшін қаншалықты құнды екені де белгілі. Министрлік зауыт аумағын құрылыс орнына айналдыруды қолдамайды. Бұл зауытты өнеркәсіпке үлес қосатын кәсіпорын ретінде дамыту керек деп санаймыз», – деді министр.
Еске сала кетсек, 29 ақпанда электронды сауда алаңына Алматыдағы С.М. Киров атындағы машина жасау зауыты сатылымға шыққан болатын. Зауыттың қазіргі кезде 2 млрд қарызы бар.
Машина жасау зауытының 100% акцияларын сатуға арналған конкурс 12 наурызда сағат 10:00-ге тағайындалған еді. Тілек білдірушілерге 110,7 млн теңгеге кепілдік жарна салу міндеттелді. Аукцион бойынша сатылымға шығарылған зауыттың бастапқы бағасы 6 144 491 882 теңге деп көрсетілген. Конкурс ағылшын мәнеріндегі сауда-саттық әдісі бойынша өтуге тиіс болған.
Алайда 2 наурызда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі машина жасау зауыты сатылмайтынын мәлімдеді. Министрлік зауыттың 100 пайыз акциясын сатуға жарияланған конкурстың күшін жойды.
Зауыт акционері – «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық Компаниясы. Кәсіпорын 67 қызмет түрімен айналысады, оның ішінде шойын құю, түсті металдар мен қорытпаларды өңдеу, сондай-ақ металл бұйымдарын өндіру бар.
Зауыт Алматыда Мақатаев көшесі, 127 мекенжайы бойынша 20 гектардан астам аумақта орналасқан. Лазерлік және термиялық өңдеуге, ұсталық-престеу жұмыстарына және гальваникалық жабындарға арналған металл өңдеуді қоса алғанда, 14-тен астам цехтан тұрады. Аудиторлар ғимараттардың көп бөлігі апатты күйде екенін хабарлаған.
Бағалауға сүйенсек, машина жасау зауытының балансындағы барлық жабдық 6,1 млрд теңгеге бағаланады. Аудиторлар акциялар пакетінің көлеміне байланысты баға опциясын қарастырды.
Ұсынылған құжаттар бойынша кәсіпорынның 2024 жылғы 22 ақпанда 2 млрд теңгеден артық қарызы бар. Зауыт өз иесіне көп қарыз, оның ішінде дивидендтер – 1,6 млрд теңге. Екінші орында – айыппұлдар (236,4 млн теңге), ал үшінші орында-негізгі қарыз (120,2 млн теңге).