Қазақстанда Қытай валютасына деген сұраныс 3 есе артқан
2024 жылдың ақпан айында Қазақстанда Қытай валютасына деген сұраныс артқан. Бұл Ұлттық банктің шетел валютасын сату/сатып алу статистикасындағы деректерден байқалады.
Өткен айда ақша айырбастау орындары 233,8 млн теңгеге юань сатқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы аймен салыстырғанда (67,8 млн теңге) 3,4 есе артық.
Соңғы рет юаньге деген сұраныс былтыр қыркүйекте байқалған еді. Ол кезде қытай валютасының сатылымы алдыңғы аймен салыстырғанда 3,7 есе өскен болатын. Қазан айында да юань сатуы екі есеге өсіп, 270 миллион теңгеге жетті. Қарашада қытай валютасына сұраныс өткен айдағы деңгейде қалған. Алайда желтоқсанда юаньның сатылымы 2,5 есе, яғни 96,4 миллион теңгеге дейін азайды.
Алматы қаласының айырбастау пунктері 129 млн теңгеге юань сатқан. Ал Астана қаласында 55,5 миллион теңгеге тең қытай валютасы сатылған. Қарағанды және Павлодар облыстарында сәйкесінше 13,7 млн және 20,7 млн теңгеге айырбас жасалды.
Ақпан айында Ресей рублі мен долларға деген сұраныс біршама төмендеген. Өткен айда республика бойынша 3,4 млрд теңгеге рубль айырбасталған. Айырбастау пункттеріндегі доллар сату көлемі 20,9% азайып, 190 млрд теңгеден 150,3 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Қаңтар айында халықтың еуроға деген сұранысы артқан болатын. Бұл айда ақша айырбастау пунктеріндегі еуроның таза сатылымы 21,6 млрд теңгені құрады. Ол – 2023 жылдың мамырынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Желтоқсан айымен салыстырғанда еуроға деген сұраныс 67%-ға өскен болатын. Бұл сұраныстың шамамен 40%-ын Алматы қаласы қамтамасыз еткен. Алматылықтар өткен айда 8,7 млрд теңгеге еуро сатып алған.
Қаңтарда рубльдің таза сатылым 4,8 млрд теңгені құраған. Бұл желтоқсандағы көрсеткіштен 17%-ға төмен. Жалпы былтыр қазақстандықтардың рубльге деген сұранысы төмендеген.