Жаңалықтар

Су тасқынына байланысты Ақтөбе әуежайы жұмысын тоқтатты

әуежай
Фото: kursiv.media

Су тасқынына байланысты Ақтөбе әуежайы уақытша жұмысын тоқтатты. Бұл жайлы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады.

«Ұшу жолағында тазалау жұмыстарынн жүргізуге байланысты әуежай әуе кемелерін қабылдау және ұшыру жұмыстарын 6:30-дан бастап, 17:00-ге дейін жабылады», –делінген хабарламада.

  • Тазалау жұмыстарына байланысты келесі рейстер ұшпай қалған:
  • SCAT/DV496/ Ыстамбұл – Ақтөбе;
  • SCAT/DV1722/ Ақтөбе – Астана;
  • FLYARYSTAN/KC7191/ Алматы – Ақтөбе;
  • FLYARYSTAN/KC7192/ Ақтөбе – Алматы;
  • QAZAQ AIR/IQ399/ Астана – Ақтөбе;
  • QAZAQ AIR/IQ395/ Ақтөбе – Атырау;
  • QAZAQ AIR/IQ396 Атырау – Ақтөбе;
  • QAZAQ AIR/IQ400 Ақтөбе – Астана;
  • AIR ASTANA/KC863/ Алматы – Ақтөбе;
  • AIR ASTANA/KC864/ Ақтөбе – Алматы;
  • SCAT/DV5263/ Шарм – Эш – Шейх – Ақтөбе;
  • SCAT/DV5264/ Ақтөбе – Шарм – Эш – Шейх;
  • SCAT/DV721/ Астана – Ақтөбе;
  • SCAT/DV722/ Ақтөбе – Астана.

Басқа өңірлердегі жағдай қандай?

Басқа өңірлердегі жағдайға келер болсақ, ТЖМ хабарлауынша Қостанай облысының Қызыл Жұлдыз ауылының тұрғындары су тасқыны салдарынан жақын маңдағы елді мекендерге эвакуацияланып жатыр.

ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша бұл ауылдан құтқарушылар көмегімен және 52859 әскери бөлім жеке құрамымен 37 адам, оның ішінде 18 бала эвакуацияланған.

Сонымен бірге Батыс Қазақстан облысы Аңқаты ауылында көшіру жұмыстары жүргізілген.

«Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы, Аңқаты ауылында жауын-шашынның мол түсуі және дала аймағында еріген қардың суына байланысты 16 тұрғын үйге су кіріп, сондай-ақ, 8 аула аумағын су басты. Қазіргі уақытта 27 тұрғын мектеп-интернат ғимаратына көшірілді. Үй жануарлары мен құстар қауіпсіз жерлерге шығарылды. Су деңгейін түсіру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр»,- деп хабарлайды жергілікті Төтенше жағдайлар департаменті.

Су тасқынына байланысты Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановқа қатаң сөгіс жариялады. 

«Су тасқынына дайын болмағансыңдар. Қала әкімдігі ғимаратының өзі суға кеткен. Бұның бәрі жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді. Кешелі бері қаланы аралап жүрмін. Кейбір шағын аудандарда мен келгенде ғана жұмыс басталып жатты. Орал қаласы әкіміне қатаң сөгіс жариялаймын. Қала мен аудандар күшейтілген режимде жұмыс істеулері керек. Жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстаңдар», – деп ескертті облыс басшысы.

Ал Абай облысының Аягөз ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жариялады. Оған себеп, су тасқыны кезінде көпір шайылып кеткен. Сонымен бірге үш адам суға кетіп, табылмай жатыр. 

ТЖМ өңірлердегі су тасқынына байланысты әр өңірде жедел желілерді іске қосып, тұрғындарды эвакуациялап жатыр.

Ал 26 наурыз күні Астана маңындағы Қоянды ауылын су басып, үйлеріне су кірген тұрғындар нарызылыққа шығып, өңірде төтенше жағдай жариялауды талап етті.