Су тасқынына бір жыл бұрын дайындалған Үкімет еріген қар суын игере алмай жатыр

Жарияланды
паводки
Су тасқыны салдарынан қар қалың түскен өңір тұрғындары зиян шегіп жатыр / Фото: ТЖМ

26 наурыз күні кешке Астана іргесінде орналасқан Қоянды ауылының тұрғындары өңірде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай енгізуді талап етіп, наразылық ретінде трассаны жауып тастады. Тұрғындар қыста жауған қалың қар еріп, үйлеріне кіріп жатқанын, үкіметке проблемасын жеткізу мақсатында осындай қадамға барғанын жеткізген.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қыс бойы жауған қалың қар шығарылмаған. Салдарынан елдімекенді су басып, тұрғындардың үйіне кіре бастаған. Наразы халық жағдайды бірінші жергілікті әкімдік көмегімен шешуге тырысқан. Тұрғындар Целиноград ауданының әкімінен көмек сұрап жүгінген. Бірақ нәтиже болмаған соң, ашынған ауыл адамдары трассаны жабу туралы шешімге келген.

Наразылық танытқан тұрғындарға ТЖМ-нан бұрын полиция мен СОБР қызметкерлері жеткен. Нәтижесінде халықтың үнін естіген үкімет ауылға құтқарушыларды жіберіп, түнімен ауылды судан тазалауға мәжбүр болған.

ТЖМ 27 наурыз таңмен елдімекендегі жағдай бойынша есеп беріп, таңға дейін 80 мың текше метр еріген судан тазартылғанын мәлімдеді.

«Су тасқынына қарсы жұмыстар Целиноград ауданы Қоянды ауылында жалғасуда. 27 наурыз сағат 06:00 жағдай бойынша 80 мың текше метр еріген су тартылды. Ақмола облысы мен Астана қаласы ТЖД және ЖАО 17 бірлік техникасы, 76 адамы және 18 мотопомпасы жұмылдырылды. Жағдай қалыпты»- деді Ақмола облысы ТЖД бастығы Қанат Доспаев.

ТЖМ бұл жағдайдан кейін барлық су басқан өңірлерде жұмысты күшейткен. Атап айтқанда қыстай қар қалың жауған Абай мен Ақтөбе облыстарында, Қарағанды қаласы маңындағы елдімекендерді судан тазарту жұмыстары жүргізілген. Ақтөбе облысының Алға, Байғанин, Хромтау, Мүғалжар аудандары мен Ойыл, Шұбарқұдық елді мекендерінде, Шалқар қаласында құтқарушылар түні бойы еріген қар суымен алысқан.

«Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жағабұлақ ауылында қардың еруі мен жауын-шашынның көп түсуіне байланысты екі аула учаскесін су басып, Жем өзеніндегі су деңгейінің көтерілу қаупі туындады. 74 адам, оның ішінде 30 бала эвакуацияланды», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Ал Абай облысының Аягөз ауданында Аягөз өзені арнасынан көтеріліп, ауылдарды су басу қаупі туындаған. ТЖМ өзен жағасын көтеруге құтқарушылар жұмылдырылғанын хабарлайды.

Сонымен бірге Қостанай облысының Амангелді ауылын да су басып жатыр деген хабар тарап жатыр.

Үкімет дайындығы

Байқағаныңыздай, қазіргі уақытта Қазақстанның көптеген өңірін су басып жатыр. Осы су басу қаупін болдырмауға үкімет Әлихан Смайыловтың тұсында кіріскен.

Өткен жылдың тамыз айында бұрынғы үкімет басшысы Әлихан Смайылов үкімет сағатында «су тасқыны қателіктерді кешірмейтінін» айтып, барлық су тасқынына қарсы шараларды қыс түскенше аяқтауды тапсырған еді.

«Су тасқыны қателіктерді кешірмейді, орындалмай қалған жұмыстар мен бөлінбей қалған қаражаттың соңы төтенше жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін. Мүдделі мемлекеттік органдар осы жылдың соңына дейін жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауда ұстауы қажет», – деген болатын Әлихан Смайылов.

Ол сонымен бірге күздің соңына дейін елді мекендерді қоршау, құбырлар мен арықтарды тазарту, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін тексеру және су бұру каналдарын дайындау жөніндегі жұмысты аяқтауды тапсырған.

Үкіметтегі жиында бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов елімізде су тасқынының алдын алу шаралары уақтылы орындалмайтынын, салдарынан мемлекет көп шығындалатынын айтқан еді.  

Мәселен, арнайы әзірленген Жол картасы шеңберінде 218 іс-шара жүзеге асырылып, оның 88 -і немесе 40%-ы орындалған. Оған шамамен 14 млрд теңге жұмсалған. Ал Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында су тасқынынан қирап қалған үйлерді қалпына келтіруге 1,3 млрд теңге жұмсалған.

Одан бөлек, су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда тиісті іс-шараларды жүзеге асыру үшін қомақты қаражат бөлінген. Мәселен, Түркістан облысының әкімдігімен өткен жылы барлық көзделген су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру үшін 1,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінсе, Үкіметтің қолдауымен ТЖМ арқылы мақсатты трансферттер есебінен Қызылорда, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімдіктеріне 15 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Сонша қаражат бөлінгеніне қарамастан, бұл елді-мекендерді су тасқынынан құтқара алмады.

Тағы қай өңірлерді су басты?

«Курсив» Жетісу, Абай, Қызылорда, Алматы облыстарын еріген қар суы басқанын жазды. Абай облысыны, Семей қаласы тұрғындарының хабарлауынша, қар қыстай дұрыс күрелмеген. Салдарынан қаланың Красина, Садовая және Менжинский көшелерінде су қаптаған.  Онда да қала тұрғындарымәселе шешілмеген соң, видеоүндеу жариялап, әкімнен көмек сұраған.

Сонымен бірге ТЖМ Жетісу облысында Бескөл станциясының жеке тұрғын үйлерін су басқанын хабарлады.

Ауа температурасының көтерілуі мен еріген қар суынан Қонаев қаласы маңындағы Қосқұдық ауылын да су басқан. 

Ал Қызылорда облысында ағынды су «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының учаскелерінде тас жол төсемін шайып кеткен. 

Сонымен бірге ТЖМ Атырау облысында бірнеше ауылды су басу қаупі жоғары екенін айтты. Атырау облысының Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдарын су басу қаупі бар екенін мәлімдеді.

Ал ТЖ Министрі Шыңғыс Әрінов ақпан-наурызда Қазақстанның 12 облысында су тасқыны болуы мүмкін екенін айтты.  2023 жылдың желтоқсан айында жауған жауын-шашынның көп мөлшері су басуға себеп болуы мүмкін.

Бұған дейін «Қазгидромет» 2024 жылы су тасқыны ең көп болатын аймақтар тізімін жариялаған еді.

«NASA» спутниктерінің жерді қашықтан зондтау суреттерін түсірген. 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, еліміздің 72%-і қар жамылған. «Қазгидромет» елімізде көктемде су тасуы мүмкін аймақтарды алдын ала бағалады:

Қатер жоғары өңірлер:

Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары.

Қатер орташа аймақтар: 

Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстары.

Қатер төмен өңір: 

Маңғыстау облысы.

Сондай-ақ оқыңыз