Геймификация арқылы табысты қалай арттыруға болады?

Жарияланды
Геймификация дегеніміз не?/shutterstock.com

Бизнесті заман ағымына қарай жүргізу маңызды. Мысалы, миллиениалдарды қазір жұмысқа салып, «қинай» алмайсыз. Өйткені бұл ұрпаққа мұндай қарым-қатынас жақпайды. Нәтижеге жету үшін жылдар бойы терлеп жұмыс істеуге шыдай бермейді. Сондықтан қалаған жетістікке жетектеу үшін оларға процестерді ойын түрінде ұйымдастырған компания ұтады. Олай болса, геймификацияның бизнес үшін маңызы қандай — осы туралы айтайық.

Бизнеске геймификацияны не үшін енгізу керек?

Геймификация дегеніміз — бизнеске ыңғайландырылған ойын техникалары. Сол арқылы қызметкерлер мен клиенттерді ұстап қалуға болады. Компаниямен байланысты нығайтып, жылы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Мысалы, жұмыс бастан асқан кезде қол астындағылар жұмыстан титықтап кетпес үшін басшылық бөлімдер арасында жарыс ұйымдастырады. Кім жақсы нәтиже көрсетсе, сыйлыққа ие болады дегендей. Бұл — компания ішіндегі геймификация. Болмаса, квест жасауға болады.

Айталық, сайтта бірнеше кілт сөз жасырып, бәрін тапқан кезде промокод шығатындай қыла аласыз. Бұл — клиенттерге арналған геймификация. Бір қарағанда, салмақты жұмыс орнына жараспайтын іс деп бағамдауыңыз мүмкін. Бірақ ойын ойнауға әркім құмартады. Ойын кезінде бәсеке қызады, ұтқан кезде бақыт гормондары бөлінеді. Дофамин мол болса, өнімді жұмыс істеуге де құштарлық ашылады.  Олай болса, бизнесте геймификация қаншалықты маңызды және қандай жағымды нәтижелер әкелетінін тізбектеп шығайық.   

Геймификацияның маңызы не?

  • Қызметкерлерге мотивация сыйлайды. Бизнес болған соң, онда күнделікті күйбең көп. Онбордиң, квалификация көтеру дегендей жұмыстар болады. Ал жұмыстан шаршайтын, құлықсыз қызметкер мұндай шаруаларды атқарғысы келмейді. Сондықтан мұндайда ынталандыру болатындай әдістер ойлап тапқан дұрыс. Сауда бөлімін мысалға алсақ, олардың сауда жоспарын жарысқа айналдыруға болады. Сонда қызметкерлер бір-бірімен жарысып, басып озуға барын салады. Нәтижесінде компания табысы да артады. Ойынның тағы бір жақсы тұсы — ұтылса да аса ауыр тимейді. Қайтадан басынан бастап, байқап көруге мүмкіндік бар. Бизнесті геймификациялау арқылы жұмысты сұрықсыз орыннан гөрі қызыққа толы мекенге айналдырасыз. Қандай қиын іс болса да, жеңді түріп қойып кірісіп кетуге оңай. 
  • Клиентерді көптеп тартуға болады. Адам бойында қызықтан құр қалып қоймасам деп тұратын сезім бар. Оны тіпті «жіберіп алған пайда» синдромы деп атайды. Жаңалықты естімей қалмайын деп лентаны қайта-қайта сырғытып, жаңарта беретін әдет те соған байланысты. Геймификация да осылай жұмыс істейді. Клиентті қызықтыра түседі. Жаңа ойын форматындағы контент жасаңыз да, жариялаңыз. Қолданушыларға басталғаны туралы хабарлама жіберіңіз. Сонда сервисті жиірек қолданып, қарағыштап отырады.
  • Яғни бұл бағыттағы геймификацияның мәні — адамдарды жіпсіз байлау. Жеңілдік алу үшін сайт не мобайл қолданбада тапсырмалар орындау керек десеңіз, ол нәтижесін береді. Өзіңіз қалайтын жиһазды құрап көруге мүмкіндік беретін онлайн-конструктор қоссаңыз болады. Пицца сататын компанияның қолданбасына пиццадан мұнара тұрғызу сияқты ойындар қосуға болады. Осындай тәсілдер арқылы клиент жағымды эмоция алып қана қоймай, сіздің қызметті қолдануға байланады.  
  • Лоялдық. Клиент қай кезде адал болады? Оған пайдалы болса және эмоциялық байланыс нығайғанда. Олай болса, бизнесте геймификация қосу арқылы клиенттерге осыны сыйлай аласыз. Ойын көңілін көтереді, басқа бәсекелестерден гөрі сізді жақсы көріп тұрады. Мұндай адалдық қызметкерлер тарапынан да болуы керек. Лоялды қызметкерлер компанияның жеткен жетістігін сапалы жұмыспен байланысты деп санайды. Сондықтан компания шарықтасын деп барын салып жұмыс істеуге дайын болады. Жұмысқа ілініп салынып емес, қуана-қуана барады. Өйткені ол жерде әр қызметкердің құны қымбат екенін жақсы біледі. 
  • Жаңа аудитория қосылады. Геймификация қолданып жасалған жарнама кампаниясы өте өтімді. Одан жаңа клиент көп келетіні анық. Одан қала берді клиенттер сол қызықты басқаларға айтуға асығады. Бұл — тегін жарнама. Пікірлер, шолулар сияқты қолданушылар контентін жасауға итермелейтін күшке ие.
  • Монетизация. Бизнесте геймификация қолданғанның артықшылығы — табыс арта түседі. Аудитория кеңейген соң компания клиентінің саны артады. Оларды лоял аудиторияға айналдыру үшін осы тәсіл керек-ақ. Геймификация арқылы қазіргі клиенттерді көбірек сауда жасауға ынталандыруға болады. Бастысы, мақсатты дұрыс қойсаңыз болды. Мысалы, косметика сататын дүкен 8 наурыз қарсаңында әр әйелге сыйлық таратты делік. Ол үшін бар болғаны 10 мың теңгеге зат алу керек деген шарт бар. Бір жағынан манипуляция бар көрінеді. Десе де, қосымша сыйлық — көңіл қуантады. Ішінде не бар екен, қандай сыйлық түседі екен деп қызығады. 

Геймификацияны қалай енгізуге болады?

Ең алдымен, аудиторияны зерттеу керек. Яғни сіздің клиенттеріңізді қандай ойын форматы қуантады? Қызметкерлеріңіздің қызығушылығы қандай? Ол үшін портретін жасап алу керек.

  • Қаншалықты азартқа беріледі?
  • Қандай ойынды жақсы көреді?
  • Қандай сыйлық мотивация береді?
  • Сыйлыққа ие болу үшін не істеуге дайын?
  • Жарысқанды жақсы көре ме?

Осы сынды сұрақтар арқылы бізде клиент не қызметкердің ортақ сипаттары көрінеді. Енді мақсатымызды туралаймыз. Ойын қандай мақсатты көздейді? Егер ойын күшті өткенімен, KPI орындалмай қалуы мүмкін. Үлкен мақсаттарды бірнеше нақты бөлікке бөліңіз. Табысты қалай арттырғыңыз келеді? Ол үшін қандай қолданушы контенті керек? Анықтап алыңыз. Мысалы, клиенттерге арналған бизнес-геймификацияда мынадай нақты мақсаттар болуы мүмкін?

  • Қолданушы күн сайын қолданбаны ашып, кіріп отыруы керек;
  • Ол оның кемінде 15 минут уақытын алады;
  • Әр екінші юзер ойыннан ұтқанын қуана-қуана әлеуметтік желіге жазады. 

Ал қызметкерлерге арналған таргет мысалы мынадай:

  • Орташа чекті 20 пайызға көбейту керек;
  • Қосымша оқудан өтетін қызметкерлер санын арттыру қажет.

Бұдан кейін ойын стратегиясын анықтаймыз. Сізде қолданушы не қызметкердің портреті жасалған, мақсатыңыз айқындалды.

Мақсатқа жету жолдары

Енді сізге қандай механизмді қолдану керегін шешу қалды. Мысалы, дизайн-зерттеуші Джейсон Точчи қақпанға түсіруге көмектесетін мынадай бес түрлі әдісті айтады:

  1. Жетістік. Жарысып, ең үздік нәтиже көрсетуге ұмтылу үшін бәсекелеседі. Біреу бақ сынап көреді.
  2. Қиял. Түрлі фэнтези элемент, рөлдік ойындар қосуға болады.
  3. Әлеуметтену. Командамен жұмыс істеу, тілдесу арқылы жүзеге асады.
  4. Демалыс. Бірауық демалып алуға мүмкіндік беріңіз.
  5. Сабверсия. Ереже бойынша жүрмей, керісінше бұзуды көздейді.

Мысалы, әлеуметтену әдісін қолдансаңыз, онда ұжым ішіндегі атмосфера қызады. Ал жетістіктің мысалын онсыз да жиі көріп жүрген боларсыз. Белгілі бір ұпай жинап, жеткізген соң сыйлық алу дегендей тәсілді қазір көп қолданады. Ал субверсияны көп қолдана бермейді. Шын ойындарда көрініс табады. Бірақ басқаша ойлай алатын қабілетті арттыру үшін қызметкерлеріңізге ұсынсаңыз болады. Өйткені ереже бойынша емес, жаңаша тәсілдер іздеудің өзі миға серпіліс сыйлайды. Ойын механикасы адамдарды қызықтырып, клиентті ұстап тұруы үшін принциптерді ұстану маңызды. Осы ретте оларды да атап өтейік:

  • Ойынға қосылу оп-оңай болсын. Көп ақпарат толтыру керек болса, онда кірмей жаба салады. Сондықтан ережесі түсінікті әрі қарапайым, тіркелуі оңай болғаны жақсы;
  • Жетістіктерге жету жолы жеңіл болсын. Нәтижесі визуал көрініп тұрсын.
  • Адам тартылған соң, ойын контентін жаңартып, тапсырмаларды ойын деңгейіне қарай күрделендіріп отырыңыз.
  • Бәсеке керек. Жалпы рейтиң түрінде көрсетіп қойсаңыз, аты сол жерге шығуы үшін юзерлер барын салады.
  • Қолданушының есіне салып отырыңыз. Шығып кетті ме, белгілі бір уақыт сайын хабарлама жіберіп тұрыңыз.

Сынақтан өткізген соң жақсарта түсу керек

Ойын болғалы жатқанын барынша көбірек таратыңыз. Әлеуметтік желіде жазу, пошталарына хат жіберу, сайтта көрінетін жерге орналастыру сияқты қадамдар жасалуы қажет. Мұны сауда воронкасы деп есептеңіз. Сізге нәтижелерді өлшеп, анализ жасап отыру керек. Оны клиент тартқаннан бастап мақсатқа жеткенге дейінгі кезеңдерге бөліп тастаңыз. Сонда әр өзгерісті байқап отырасыз. Мысалы бизнес-тапсырмаларды бақылауға мүмкіндік беретін қызық тәсілді Google ойлап тапқан еді. Компания іс-сапарлар туралы ақпаратты толыққанды әрі уақытылы алғысы келеді. Сөйтіп іс-сапарға шығайын деп жатқан қызметкерлерге баратын көлік түрін, қонақүйді өзіне таңдауға ерік береді. Әрине, белгілі бір сома аралығында деген шарт бар. Мысалы бөлінетін ақшадан артылып қалса, оны келесі іс-сапарда қолдануға не қайырымдылық ұйымына аударуға болады. Қызық емес пе?!

Осы арқылы қызметкерлер сапарды жоспарлауға құлықты бола түскен. Жарты жылда барлық іс-сапар осылай жоспарланатын болған. Компания өзіне керек ақпаратты толық әрі уақытылы алды. Ал қызметкер — өзіне ыңғайлысын таңдады. Қызметкерлер жиі таңдайтын қонақүй, такси, әуекомпанияларымен келісім жасасып, серіктестік нығая түсті. Бұл кейстен байқайтынымыз, бизнесте геймификация қолданған кезде өзіне шешім қабылдауға мүмкіндік берсе, қызметкер жақсырақ жұмыс істейді, көбірек қатысады. Бастысы, не күтесіз — соны шегелеп алыңыз. Қандай нәтиже керек, қанша ресурс шығындай аласыз?  

Сондай-ақ оқыңыз