Биржа әлеміне саяхат: қор нарығы қалай жұмыс істейді?
Қор нарығы, инвестиция, дивиденд, трейдиң секілді терминдерді күрделі санап, бұл салаға бас сұғуға қорқақтайтындар болады. Шын мәнінде биржада сауда жасау аса қиын емес. Әлбетте, кәсібилікке жеткенше талай қателік жіберіп, біраз білім жинау керек. Әйтсе де, атынан ат үркетін ештеңесі жоқ. Бүгінгі материалымызда қор нарығы қалай жұмыс істейтінін айтамыз.
Қор нарығы деген не?
Бұл — акциялар, облигациялар, валюталар не түрлі актив сатылатын алаң. Мұнда құнды қағаздарды алу және сатудан бөлек, өзге де операциялар жасалады. Қор нарығы бағаның әділетті қойылуын қамтамасыз етеді. Осы ретте сіз білуіңіз қажет басты белгілерін атап өтейік:
- Қор нарығының бекітілген сауда алаңы болады. Мысалы қазақстандық KASE;
- Белгілі бір талаптарға сай келетін, тауарлар яки активтерді іріктеуге арналған арнаулы механизмі болады;
- Сауда өтетін уақыт мен стандарттары бекітіледі;
- Барлық сауда келісімі рәсімдері орталықтандырылады;
- Нарықтағы барлық қатысушының әрекеттерін құзіретті орган қадағалайды;
- Активтері ресми белгіленеді.
Биржа толыққанды жұмыс істеп тұруы үшін құрылымы күрделі инфрақұрылым қажет. Бірінші кезекте биржа жұмыс істеуі үшін сауда алаңдары мен өзге де маңызды жүйелер керек. Мұнда банктер, брокерлер, дилерлер мен құнды қағаз саудасымен айналысатын өзге де ұйымдардан тұратын кәсіби қатысушылар болады. Ал сауда процесін техникалық қатысушылар реттейді. Олар: клириң орталықтар, депозитарий, регистраторлар. Биржа жұмысының басты бөлігі — ақпараттық қамту. Осы мақсатта биржа ақпарат агенттіктері мен іскерлік басылымдармен бірге жұмыс істейді. Қазақстанда қор нарығы 2003 жылғы 2 шілдедегі № 461-II «Бағалы қағаздар нарығы» туралы заңмен реттеледі.
Биржа қатысушылары
Құнды қағаздар сатылатын нарықта мынадай үш түрлі қатысушы болады:
- Эмитенттер. Бұл — өз құнды қағаздарын шығарып, сатумен айналысатын компаниялар;
- Инвесторлар. Бұл — құнды қағаздарды сатып алатын жеке тұлғалар мен компаниялар;
- Кәсіби қатысушылар. Бұл — қызметі биржамен ресми байланысты адамдар мен компаниялар. Яғни инвесторлардың атынан келісімдер жасасатын брокерлер, банктер, дилерлер мен басқарушы компаниялар. Арнайы сертификатын иеленсе, мұндай статусты жеке тұлғалар да ала алады. Осылайша белгілі бір құнды қағаздар типіне қатысты келісімдерді жасауға мүмкіндік алады.
Қор нарығының индекстері
Қор нарығының капитализациясы деп ол жерде шығарылған барлық құнды қағаздың құнын айтамыз. Нарықты бағалаудың басты көрсеткіші де осы. Оны есептеу үшін барлық эмитенттелген қағаз санын олардың нарықтағы бағасына көбейтесіз. Мөлшері котировкаға байланысты үнемі өзгеріп тұрады.
Нарық айналымы деген — құнды қағаздардың жалпы құны. Оның мөлшерін келісімдер жасалған құнды қағаздарға көбейтіп табады. Аталған көрсеткішті нарық капитализациясы деңгейіне қарай пайызбен белгілейді. Күн басталғанда және аяқталғандағы курс, құнды қағаздар белгіленімі, актив түрлерінің коэффициенттеріне қарап, нарықтағы ахуалды байқаймыз. Әрі анализ жасағанда осы факторларға мән береміз. Ахуал өзгерген кезде түрлі құнды қағаз топтарының динамикасы көрсеткіші түріндегі индекспен көрсетіледі.
Биржа индексі әр сауда алаңында болады. Біздегісі — KASE. Ол есептің үздіксіз әрі нақты жасалуына жауап береді. Мұндай индекстер сауда алаңындағы бар барлық акция құнын көрсетпейтінін есте ұстау қажет. Көбіне қор индикаторлар акциялардың белгілі бір саны бойынша есептеледі. Атап айтқанда, ең қымбат компаниялардың құнды қағаздары не ең көп сатылған акцияларға байланысты есеп жасалады.
Түрлі елдердің құнды қағаздарынан тұратын халықаралық индекс болады. Мәселен MSCI немесе The World Index. Мұндай индекстер ауқымды. Мысалы, Еуропа, Азия, Солтүстік Америка деген сынды географиялық секторларды қамтуы мүмкін. Ал белгілі бір ішкі нарықтағы құнды қағаздардың капитализациясы секторлық индекске тиесілі. Мысалы, KASE, еуропалық биржа, америкалық не Мәскеу биржасы және т.б. Ал салалық индексте экономиканың белгілі бір саласына тиесілі құнды қағаздар болады. Айталық, мұнай және газ, фармкомпаниялар немесе IT-компаниялар дегендей.
Индекстер қалай есептеледі?
Нарықтың капитализация индексінде нарықтағы компаниялардың капитализациясы есепке алынады. Яғни эмитент неғұрлым қымбат тұратын болса, соғұрлым оның индекстегі салмағы ауыр болады. Осы формула бойынша барлық акция құнының сомасы олардың санына көбейтіліп, ыңғайлы нақты бір көрсеткішке бөлінеді. Ол 10 немесе 100 деген сынды дөңгелектенген санға тең болады. Осылайша S&P 500 индексі есептеледі. Теңдестірілген индексте болса, индекстегі барлық акция салмағы бірдей болатындай есеп жүргізіледі. Мысалы А компаниясының капитализациясы В компаниясына қарағанда он есе жоғары делік. Бірақ теңдестірілген индексте екеуінің де үлесі бірдей болады. Классикалық есеп әдісінде құны өлшенеді. Ең қарапайым есеп болғанымен, барлық әлемдік индекс соған қарап бой түзейді. Формуласы мынадай: индекстегі барлық актив құны олардың санына бөлінеді.
Бұдан бөлек, Ласпейрес, Пааше, Фишер формулалары деген де есептеулер бар. Олардан құралатын индекстер болады. Нарық ахуалын индекстеуге арналған өзге де тәсілдерде өтімділік, минимум вариативтілік деген сынды көрсеткіштер есепке алынады. Байқағаныңыздай, индекстің көмегімен акцияларға сұраныс қандай екенін, сала бойынша ахуалды біліп, болашақта құнды қағаздар бағасы қалай өзгеретініне анализ жасауға мүмкіндік бар. Сол индекстердің деректері техникалық, іргелі анализдерде қолданылады. Спекуляция жасағанда, тәуекелдерге хедж жасағанда, түрлі сауда алаңы арасындағы арбитражда осы мәліметтер аса маңызды. Өндірістік құнды қағаздардың, яғни фьючерстер мен опциондардың базалық активі ретінде осы индекстер жүруі мүмкін.
Биржада сауда қалай жүреді?
Жеке инвестор өздігімен биржада, оның ішінде бағалы қағаздар нарығында сата алмайды. Сауда алаңына кіру үшін оған брокер керек. Ол — активтермен келісім жасауға ресми рұқсаты бар, лицензиялы профессионал. Делдал ретінде көбіне жеке тұлға емес, брокерлік компания жүреді. Бірақ арагідік профи-жеке тұлғалар да болып қалуы мүмкін. Брокер таңдаған соң, арнайы шот ашылады. Сол жерге брокер қаражат аударып отырады. Оны брокер құнды қағаз сатып алу не сату үшін сол шоттан алады. Брокер бұдан бөлек, салық агенті ретінде де жұмыс істейді. Яғни инвестор келісімнен пайда тапқан кезде ол сол табысынан салық төлеуге тиіс. Брокер барлық есепті жасап, салық төлегеннен соң қалған таза табысты инвестордың брокерлік шотына аударады. Келісім жасалып, құнды қағаз меншікке алынған соң ол туралы жазба депозитарийде сақталады. Бұл — активтерді есепке алып, сақтаумен айналысатын қор нарығының қатысушысы. Депозитарий мен брокер қызметі ақылы. Бірақ келісімнен түсетін белгілі бір пайызды алып отыратындай келісуге болады. Болмаса, инвестор бекітілген тариф бойынша бөлек төлеуге де ерікті.
Анализ түрлері
Техникалық және іргелі анализ деген екі түрі бар. Ол не үшін керек? Кей стратегиялардың түбінде спекуляция жатады. Яғни активтерді сатып алу мен сату арасындағы айырмадан пайда табуды көздейді. Нарық көз ілеспес жылдамдықпен жұмыс істейді. Бір секундта мыңдаған келісім жасалып жатады. Ал ол болса, құнды қағаздар бағасын өзгертеді. Келісімнен түсетін максимум пайданы алдын-ала болжау үшін профессионалдар анализ тәсілдерін қолданады. Онда котировка, индекс, нарық өтімділігі және т.б. көрсеткіштер есепке алынады.
Техникалық анализ құнды қағаздар бағасының бұрын қалай өзгергенін есепке ала отырып, сатып алуға не сатуға ең қолайлы кезді есептеу үшін қолданылады. Трейдерлер бағаларды түрлі график түрінде визуалдайды. Сол графиктерден бағалар өзгерісінің заңдылығын, фигураларды байқауға болады. Егер сондай фигура шықса, келісім жасаудың қажеті бар ма, жоқ па — шамамен болжам жасауға мүмкіндік ашылады. Фигура яки паттерндерден бөлек, техникалық анализде индикаторлар қолданылады. Ол дегеніміз — түрлі есеп көрсеткіштері. Индикаторлар деп бағаның орташа көрсеткішін немесе динамикасын айтады. Оларды баға графигіне қосып қоюға да, бөлек шкаламен белгілесе де болады. Бөлек шкаламен көрсетілетін индиакторлар мен коэффициенттер мен қатынастардан тұратын индикаторларды осциллятор деп атайды. Белгілі бір деңгейдегі индиктордың қиылысы байқалса, сату не сатып алу керек деген белгі береді. Сонымен бірге осциллятор арқылы қанша рет алып сатылғанын да біліп отырасыз. Жалпы алғанда техникалық анализ елдегі не әлемдегі экономикалық ахуалдарды есепке алмай, тек құнды қағаздар котировкасымен жұмыс істейді.
Іргелі анализдің айырмашылығы
Ал іргелі анализде жер жаһандағы ахуал аса маңызды. Себебі бұл — құнды қағаздар салаларының қаржылық жағдайы, елдердің экономикалық ахуалы, компаниялардың капитализациясы сынды факторлар есепке алынатын анализ түрі. Былайша айтқанда, іргелі анализде активтердің шынайы құны көрінеді. Мысалы компанияларды алып қарасақ, іргелі анализ арқылы бизнестің жағдайы, нарықтағы ахуал, бәсекелестердің келісімдері есепке алынады да, нәтижесінде инвестиция мен дивидендтерге қатысты болжамдар жасалады. Ұзақмерзімді стратегия жасауда таптырмайтын әдіс.
Іргелі анализ бен техникалық анализдің айырмашылығы сол — іргелі анализде компанияның қаржылық жағдайы, нарықтағы және сол саладағы орнына қарай болжам жасалады. Яғни басқа салалас компаниялардың қағаздарына қарағанда қалай екеніне салыстырады. Техникалық анализ болса, нақты келісім жасаған кезді көздейді. Тәжірибелі инвесторлар трейдиң жасағанда осы екі әдісті де қолайына қарай қолдана береді.