Жаңалықтар

Букмекерлік кеңселер мен казиноның жарнамасына толық тыйым салынады – заң жобасы

Букмекерлік кеңселер мен казиноның жарнамасы максималды түрде шектеледі / Фото: kursiv.media

Букмекерлік кеңселер мен казиноның жарнамасына толық тыйым салынуы қажет. Ал ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі. Осындай талап қойған Мәжіліс депутаттары «Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Заң жобасын Елнұр Бейсенбаев таныстырды. Депутат аталған заң жобасына Үкіметтен қорытынды алу оңайға соқпағанын айтты.

Әдетте, басқа заңдар бойынша қорытындыны 1-2 ай күтетін болсақ,  ал бұл заңға келгенде тым созылып кетті. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер бар деген сөз. Яғни мұнда үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Бүгінде құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан. Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған.  Ажырасулардың 40%-на осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар, – деді мәжілісмен комитет отырысының жиынында.

Елнұр Бейсенбаев келтірген дерекке сүйенсек,  2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Сонымен қатар қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Тіпті мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастағанын алға тартты.

«Олардың ересек туыстарының атынан тіркеліп, ойнау фактілері жиілеп кетті. Мәселен, шамамен еліміздегі әрбір бесінші жас букмекерлік кеңселерде бәс тігеді. Бұл дегеніңіз бір миллионнан астам жас кемінде бірнеше рет құмар ойынға бәс тіккен деген сөз. Бұрын ойын автоматтарымен ойнаса, енді оның барлығы онлайнға көшті», – деді мәжілісмен.

Заң жобасына қандай шектеулер енгізілді?

Ұсынылып отырған заңда құмар ойынды жарнамалауға да тыйым қарастырылған. Соның ішінде үйлердің қасбеттерінде (фасадтарында), ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамалауға болмайды. Сонымен қатар, интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде жарнамаға толық тыйым салынады.

Екінші ойын жасына толмағандардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады. .

Үшінші талап онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолдану.

Төртінші  өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу құқығын шектеу. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар 25 жасқа дейінгі жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.

Бесінші жобада аңсыз лотоматиктерге мүлдем тыйым салу қарастырылған.

Алтыншы ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.

Жетінші заңды тұлғалардың 25 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге жібергені үшін және орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдарға әкімшілік жауаптылығы белгіленеді. Бұл ретте, бір жыл ішінде қайталанатын болса, бұл заң бұзушылық лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соғады.

Сегізінші балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады, – деп мәлімдеді депутат.

Сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу де заң жобасында қарастырылған. Сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынады.

«Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді», – деді депутат.

Мәжілісмен пайымынша заң аталған өзгерістерімен қабылданатын болса, онда қоғамды сауықтыруға, құмар ойындарының таралуын шектеуге мүмкіндік береді.

Заңсыз лото клубтар

Айта кетейік бұған дейін, ІІМ Ұлттық қауіпіздік комитетімен бірігіп, заңсыз істеген 326 лото клуб қызметіне тосқауыл қойған еді.

13 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жойған. Ауқымды арнайы операцияны жүргізуге Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш мыңнан астам қызметкері жұмылдырылған.

Республика бойынша лото клубтарға 570 тінту жүргізілген. Нәтижесінде 23 бірлік атыс және травматикалық қару, 247 млн теңге, 55 млн ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары, компьютерлік техника, мобильді құрылғылар, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген.