Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау туралы келісім мерзімі 10 жылға ұзартылды
Ресей мұнайының Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау мерзімі 10 жылға ұзартылды. Мәжіліс Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан-Ресей үкіметаралық келісіміне түзетулер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
Заң жобасын таныстырған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев құжат 2023 жылы 16 маусымда Санкт-Петербургте жасалғанын мәлімдеді. Министрдің сөзінше, 2014 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Ресей мұнайының Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жалпы транзиті 90 899 271 тоннаны құраған. Жалпы түсім 1 327 000 000 долларды немесе 501 981 476 065 теңгені құрады.
«Хаттамаға келісімді жүзеге асыру үшін құзыретті органдарды анықтауға қатысты өзгерістер енгізілді. Қазақстан тарапынан – Энергетика министрлігі, Ресей тарапынан – «Роснефть» мұнай компаниясы» қоғамдық акционерлік қоғамы. Келісімді жүзеге асыру Қазақстанға Ресей мұнайын алмастыру арқылы өз мұнайын сатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ресей мұнайын Қазақстан арқылы тасымалдаудан жыл сайын ел бюджетіне қаржы түсетін болады. Бұдан бөлек Павлодар мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаты да жүктеледі», – деді министр.
Министр атап өткендей, келісімді ұзарту Омбы-Павлодар мұнай құбыры арқылы жеткізілетін Павлодар мұнай-химия зауытынан мұнай жөнелтуді қамтамасыз етеді.
«Ешқандай да қауіп жоқ. 2024-2033 жылдар аралығында екі учаске бойынша Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға Ресей мұнайының транзиті үшін күтілетін кіріс 1 710 000 000 АҚШ долларын құрайды», – деді министр.
Ресей мұнайы жылына 10 млн тонна көлемінде белгілі бір бағытта магистральдық құбырлар жүйесі арқылы ұзақ мерзімде тасымалданбақ. Министрдің сөзінше, келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Сонымен қатар республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Ресей мұнайын тағы он жыл 2018 жылы бекітілген бағамен тасымалдайтыны белгілі болған еді. 1 тонна мұнай транзиті құнын еліміздің Энергетика министрлігі бекітті.
Ресей шекарасынан Атасу– Алашанькоу бекетіне дейін мұнай тасымалдау құны осыдан 5 жыл бұрын 1 тонна үшін – 15 АҚШ доллары (ҚҚС есебінсіз) деп бекітілген.
Соның ішінде Ресейден келген мұнайды шекарада Атасу БМАС-қа ауыстырып тиеу құны 4,23 АҚШ доллар. «Атасу – Алашанькоу» учаскесімен тасымалдау бағасы – 10,77 доллар.
Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан 2033 жылғы 31 желтоқсанға дейін осы баға өзгеріссіз қалмақ.
«Бекітілген құн 2018 жылы Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2019-2023 жылдарға арналған бұйрығымен белгіленген құн деңгейінде сақталады», – делінген «ҚазТрансойлдың» хабарламасында.
«ҚазТрансОйл» компаниясы «Роснефть» компаниясымен Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау жөніндегі келісімшартын 2033 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартқан. Бұл келісімге алғаш рет 2013 жылы қол қойылған еді.