Қазақстанда органикалық өнім субсидияланады – Заң жобасы Сенат қарауына жіберілді
Қазақстанда органикалық өнім өндірісі субсидиялана бастайды. Ал осы сала өкілдеріне ортақ өндірістік сертификатпен жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Мәжіліс «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» Заң мен оған ілеспе екі заңды мақұлдады.
Органикалық өнім өндірісіне қатысты заңда не қамтылады?
Құжаттарды екінші оқылымда Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров таныстырды. Заң жобасының мақсаты – органикалық өнімді өндіру және оның айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіру. Сондай-ақ оны халықаралық стандарттармен және органикалық өндірісті жүргізу практикасымен үйлестіру.
«Өзгерістер органикалық өндірісті сұраныстар мен өткізу нарығының қалауына байланысты таңдалған стандарттың талаптарына сәйкестігін сертификаттауға мүмкіндік береді. Сертификаттау объектілерінен органикалық өнімдер алынып тасталады, тек өндіріс процесі ғана сертификатталады», – деді депутат.
Айдарбек Қожаназаров ұсынылып отырған заңның қолданыстағы заңнан бірнеше айырмашылығы барын айтты. Мәселен, шағын фермерлер бірлескен кепілдік жүйесіне біріге алады. Бұл ретте олардың өнімдері бірлескен кепілдік жүйесі белгісін пайдалана отырып таңбаланады.
«Мұндай өнім өндірушілер бірігу арқылы сертификаттау шығындарын азайта отырып, процедурадан бірлесіп өте алады. Болашақта бұл өндірушілер органикалық өнім өндірісінің сәйкестік сертификатын бір-бірінен тәуелсіз пайдалана алмайды», – деп түсіндірді ол.
Заң жобасында мұндай өнімді сату кезінде бақылау енгізіледі, ол мынандай шаралар арқылы қадағаланатын болады:
- – тұтынушылардың құқықтары мен халықтың денсаулығын қорғау;
- – «органикалық» деген атпен сатылатын, органикалық емес өнімдер айналымының жолын кесу;
- – өндірушілерді жалған таңбалауға байланысты азаматтарымызды адастыратын импорттаушылар тарапынан жосықсыз бәсекелестіктен қорғау.
Бұдан бөлек ілеспе заң жобасында өндірушілерге екі бағыт бойынша мемлекеттік қолдау қарастырылған:
– сәйкестік сертификаты құнының 50% субсидиялау;
– органикалық тыңайтқыштарды субсидиялау.
«Соңғы қолдау шарасы 2028 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Қазіргі уақытта органикалық өнімдер сұранысқа ие болғандықтан, заңдарды қабылдау саланың дамуына оң әсер етеді, жергілікті органикалық өнім нарығын дамытуға негіз болады және сыртқы нарықтардағы экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», – деді Айдарбек Қожаназаров.
Заң жобасын Мәжіліс депутаттары мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.
2023 жылы Қазақстан бұл өнімнің экспорты бойынша 123 елдің ішінде 9-шы орынға жайғасқан болатын. Қазіргі уақытта органикалық өнімдердің әлемдік нарығы 12 млрд еуроны құрайды және ол белсенді өсуде. Соңғы 20 жылда оның көлемі 7 есеге өсті. Яғни бұл сала әлемдік трендке айналып отыр. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша органикалық өнім экспорты бойынша Қазақстан 123 елдің ішінде 9-шы орын, органикалық бидай экспорттаушы елдер арасында 4 орында, Еуроодаққа органикалық майлы зығыр тұқымын экспорттау бойынша 6-шы орында тұр.