Жаңалықтар

ТЖД: Алматы қаласында екпіні күшті жел соғып, қатты жаңбыр жауады

ТЖД: Алматы қаласында екпіні күшті жел соғып, қатты жаңбыр жауады/kursiv.media

Алматыда кешқұрым ауа райы аяқ асты бұзылып, аспанды қара түнек басып кеткен. Қаланың таулы аймақтарында екпіні 22-28 м/с болатын күшті жел тұрып, қатты жаңбыр жауады деп күтілуде. Бұл туралы Алматы қаласы ТЖ департаменті хабарлайды.

«29 наурызда  Алматы қаласының таулы аймақтарында қатты жаңбыр жауып, батыстан соққан жел екпіні секундына 22-28м  дейін жетеді»,  деп жазылған таратылған хабарламада.

Сонымен қатар 29 наурызда облыстың таулы аймақтарында тұман түседі. Солтүстіктен, облыстың оңтүстігінде батыстан соғатын желдің күші 15-20, екпіні 23-28 м/с. Қонаев қаласында 29 наурызда батыстан соғатын желдің күші 15-20, екпіні 23-28 м/с болады деп күтіледі.

Осыған орай ТЖД бірнеше нұсқаулық жасаған: 

  • Егер сіз тауда болсаңыз, мұқият болыңыз және ауа-райының өзгеруін қадағалаңыз.
  • Үйге қайтуды тәуліктің кеш уақытына қалдырмаңыз, кері бағытты таба алмауыңыз мүмкін.
  • Рюкзактарда мына қажетті заттар болуы тиіс: жылы киімдер,күтпеген жағдайда дәрігерге дейінгі көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы, GPS навигаторларының болуы артық болмайды

Күн райы күрт бұзылуына байланысты Алматы халықаралық әуежайы рейстер кешіктіріліп жатқанын хабарлайды. Әуежайдың барлық қызметтері 24/7 күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ Алматы облысының тауларында қар көшкіні қаупі бар екені ескертілді.

 «28 наурыз бен 31 наурыз аралығында Алматы облысының тауларында қар көшкіні қаупі сақталады. ТЖД азаматтардан, туристерден және демалушылардан қар көшкінін тудыруы мүмкін болғандықтан қарлы беткейлерге шықпауды, сондай-ақ таулы жерлерде барлық қауіпсіздік пен мінез-құлық шараларын сақтауды сұрайды», – деп жазылған таратылған хабарламада.

Көшкін қаупі 55 учаскеде болуы мүмкін. Оның ішінде  Іле-Алатау тауларының оңтүстік беткейінде Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандары аталған.