Сауда министрлігі Қазақстанда реэкспортпен айналысатын компаниялар жоқ деп сендірді
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстанда санкция салынған тауарларды реэкспорт жасайтын компаниялар жоқ деп сендірді. Бұл туралы ол Сенат кулуарында журналистердің сұрағына берген жауабында айтты.
Журналистер вице-министрден елімізде реэкспортпен айналысатын компаниялардың тізімі және санкцияға ұшырағандары бар ма деп сұрады.
Қайрат Төребаевтың айтуынша, Қазастан реэкспортпен айналысты деген айып Батыстың мемлекеттік органдарынан емес, жеке тұлғалардан түскен.
«Қазақстанға қарата айтылған айып бар. Бірақ Батыс мемлекеттері тарапынан емес, сол жақтаға жеке тұлғалар тарапынан. Ол БАҚ бетіне шығып кетеді. Диалог орнатылған мемлекеттердің ресми органдары «Қазақстан реэкспорт жүргізіп жатыр» деп жатқан жоқ. Үкімет жанында Премьер-министрдің орынбасары басқаратын жұмыс тобы бар. Ол Ресейге салынған сакцияларға байланысты осы мәселені толық қадағалап отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда реэкспортпен айналысатын компаниялар жоқ», – деді Қайрат Төребаев.
Бұған дейін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев те Қазақстан Ресейге санция салыған тауарларды жеткізіп отырған жоқ деп мәлімдеген. Министр Қазақстан экспорттық бақылауға қатысты халықаралық міндеттемесін тиісінше орындап отыр деп сендірген.
2023 жылы ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан Қазақстанға бір жылда екі рет келді. Алғашқы сапары сәуірде, одан кейінгісі қарашада болды. Сапар қорытындысында арнайы өкіл БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Сонда Қазақстаннан Ресейге санкция салынған тауарлардың жеткізілімі артқанын айтты.
«Біз қазақстандық әріптестерімізге, қазақстандық билік органдарына қабылдаған шаралары үшін алғыс айтамыз. Біз Ресейге белгілі бір тауарлардың, жекелеген өнімдердің реэкспортының деңгейі айтарлықтай төмендегенін байқайдық. Сонымен қатар кейбір тауарлардың реэкспортының артқанын аңғардық. Сондықтан бізге әлі де көп жұмыс істеу керек. Біз бұл өнімдердің реэкспортын тоқтатуды талап етеміз. Бұл өнімдер негізінен жоғары технология: мұнда интегралды схемалар, жедел жады, оптикалық көру мүмкіндігі бар жабдықтар бар», – деді Дэвид О’Салливан.
Қазақстанға алғаш келгенде О’Салливан «Астана Мәскеуге қатысты шектеулерін сақтамады» деген сыңайда пікір білдірген. Ол Еуростат аймақтағы жоғары технологиялық сегментте қымбат тауарларды тұтынудың рекордтық өсімін тіркегенін алға тартқан.
Былтыр қазан айында Қайрат Төребаев Сенат кулуарында Қазақстан Ресейге 106 тауар экспортын шектеді деген еді. Олардың арасында дрон мен чиптер де болған.
«Жалпы, біз барлық тауарды экспортқа шығарып жатырмыз. Тек Ресейге соғысқа қатысты экспорттық тауарларды шектедік. Бұл тізімге 106 түрлі тауар енді. Біз осы бойынша экспортқа мүлдем тыйым салдық», – деді Қайрат Төребаев.
Кейін Сауда және интеграция министрлігі вице-министр Қайрат Төребаевтің мәлімдемесіне түсініктеме беріп, экспорттық бақылау мен экспорттық шектеу ұғымдарын шатастырмау қажет екенін жариялады.