Qarmet-ті сатып алу үшін Лаврентьев құрған компания Қазақстан Даму банкіне 100% кепілге қойылған
Qarmet АҚ (Бұрынғы ArcelorMittal Temirtau) сатып алу кезінде Қазақстан Даму банкі Андрей Лаврентьевке тиесілі QSG Holding Limited компаниясын 100% кепілдікке алған. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Орталық депозитарийінің сайтында ұсынылған сату бойынша мәміледе жазылған.
«Қоғамның «QSG Holding Limited» жеке компаниясы (Кепіл беруші ретінде), «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (Кепіл ұстаушы ретінде) және Қоғам (Қарыз алушы ретінде) арасында шығарылған және орналастырылған Қоғамның жай және артықшылықты акцияларының 100% Кепіл туралы шарт жасасуы мақұлдансын», – делінген мәміледе.
Яғни Қазақстан Даму банкі ArcelorMittal Temirtau (қазіргі Qarmet) компаниясына 28 желтоқсанда қарыз берген кезде осы қоғамға тиесілі QSG Holding Limited жеке компаниясының жай және артықшылықты акцияларын 100% кепілге алған.
Алайда АХҚО-да жарияланған QSG Holding Limited компаниясына қатысты мәліметтерде компанияның кепілге қойылғаны туралы ақпарат жоқ.
Осыған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Qarmet компаниясы бұрынғы акционері – Лакшми Митталдан жекенің қаржысына сатылып алынды деп мәлімдеген еді.
«Мен сіздердің Телеграм арнадан оқыған ақпараттарыңызға түсініктеме бере алмаймын. Журналистердің ҚДБ-ға сауал жолдап, түсініктеме алу мүмкіндігі бар. Кәсіпорынның акцияларын сатып алуға мемлекет ақшасы жұмсалған жоқ», – деді Шарлапаев.
ҚДБ Qarmet акционерлік қоғамына қарыз берді ме?
Еске сала кетсек, ProTenge телеграм-арнасының дерегінше, Андрей Лаврентьевтің ArcelorMittal Temirtau компаниясын сатып алуына ақша бюджеттен бөлінген болуы мүмкін.
Телеграм-арнаның ақпаратына сүйенсек, ашық дереккөзден Қазақстан даму банкі (ҚДБ) Qarmet үшін кемінде екі кредиттік желі ашқаны туралы мәлімет табылған.
«Ашық деректер компанияны сатып алу-сату кезеңінде мемлекет қаржысы тартылғанын байқатады. ҚДБ Qarmet акционерлік қоғамына қарыз берген. Бірақ нақты сомасын білмейміз. Тек әрбір несие желісі бүкіл Qarmet активтері құнының 25%-на тең, ал кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 8,41%-ды құрайды», – деп жазады телеграм-арна.
Ақпаратқа сәйкес, ҚДБ несие желісін компанияның акционері ауысуына бір күн қалғанда ашқан. Яғни несие туралы келісімге 2023 жылдың 6 желтоқсанында қол қойылды. Келесі күні, 7 желтоқсанда, ARCELORMITTAL NETHERLANDS B. V. металлург компаниясының иесі болуды тоқтатты.
Айта кетейік, телеграм арна ақпараттың нақты қай дереккөзден алынғанын және келісім сомасы қанша болғанын ашық көрсетпеген.
ҚДБ соңғы жариялаған есептерінде де бұл туралы ақпарат жоқ. Алайда есепте тау-кен өндірісі өнеркәсібіне 250 млрд теңге несие берілген жазылған.
ArcelorMittal Temirtau кен орнындағы жарылыс
Еске сала кетсек, 28 қазанда ArcelorMittal Temirtau компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды. Салдарынан 46 кенші опат болды.
Бұл қайғылы оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге ArcelorMittal компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.
Бұл оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Біраз уақыт өткен соң Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ компаниясының жаңа акционерін жария етті. Жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобының иесі Андрей Лаврентьев болды. Лаврентьев сатып алғаннан кейін компания атауы Qarmet болып өзгерді.
Kompra дерегінше, кәсіпкер 2023 жылы 5 кәсіпорын құрған. Олардың арасында 2023 жылғы 30 қазанда құрылған Qazaqstan Steel Group ЖШС бар. Компания болат құю ісімен айналысады деп жазылған. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 желтоқсанында QSG HOLDING LIMITED жеке компаниясы тіркелген. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, Лаврентьев инвестиция тарту үшін арнайы құрған компания АХҚО-ға облигация шығарған. «Курсив» осы облигацияларды тауып алды.
AIX дерегі бойынша, QSG HOLDING LIMITED 5 жыл ішінде 1 млрд доллар қарыз алады. Бұл ретте 355 млн доллар көлеміндегі облигациялардың бірінші траншы 2023 жылғы 20 қарашадан басталады. Бір қызығы, компания бірінші транш жарияланғаннан кейін 2 аптаға жуық уақыт өткен соң тіркелген. Жылына 15% мөлшерлемемен әрқайсының құны 500 мың долларға жуық 710 бағалы қағаз шығарылған. Облигация бойынша төлем жасау 2027 жылдың 20 қарашасына дейін жоспарланған.