Жаңалықтар

Базалық мөлшерлемені мерзімінен бұрын төмендету жылдық инфляцияның өсуіне ықпал етуі мүмкін – сарапшылар

Наурызда жылдық инфляция өсуі мүмкін / Фото: kursiv.media

Ұлттық банктің жыл басынан бастап базалық мөлшерлемені мерзімінен бұрын төмендетуі наурыз айының соңына қарай жылдық инфляцияның өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл туралы Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) сарапшылары хабарлады.

«Елдегі жалпы баға деңгейі үшін ішкі және сыртқы инфляциялық тәуекелдер бар. Сондықтан Ұлттық банктің жыл басынан бастап базалық мөлшерлемені мерзімінен бұрын төмендетуі Қазақстандағы жылдық инфляция динамикасының наурыздан өсуіне әкелуі мүмкін», – деп хабарлады AERC сарапшылары.

Мақсатты дәлізге жете аламыз ба?

Ақпан айының соңында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-дан 14,75%-ға дейін төмендетті. Алдыңғы шолуда AERC бас банк монетарлық саясатты мерзімінен бұрын «жұмсарта» бастады деп ескертті. Сарапшылар реттеушінің инфляцияны төмендету бойынша қолға алған шараларына күмәнмен қарайды.

 «Қазір ол әлі де мақсатты көрсеткіштен екі есе дерлік жоғары», – деп атап өтті сарапшылар.

Бұл ретте Ұлттық банк 2024 жылға арналған орташа жылдық инфляцияны 7,5-9,5% шегінде болжайды.

Өз кезегінде, Kursiv Research соңғы шолуында 2021 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың желтоқсанына дейінгі базалық мөлшерлеменің өзгеруі инфляцияға аз әсер етті деген қорытындыға келді.

Наурыз, сәуір, мамырда баға өсе ме?

Бұл ретте Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы болжамын өзгертті. Оған сәйкес наурыз айындағы инфляция болжамы бұрынғы 8,96%-дан, 9,4%-ға өсті. Наурызда айлық динамика 0,95% (алдыңғы шолуда 0,82%) болады деп күтілуде. Инфляцияны бағалау ақпандағы нақты бағаның өсуіне байланысты қайта қаралды.

Сәуір айындағы болжамында AERC жылдық инфляцияны 8,96%-дан 9,53%-ға, ал айлық инфляцияны 0,85%-дан 0,97%-ға дейін көтерді. Сарапшылар бағаның бұлайша өсуі ақпандағы жоғары нақты инфляция мен наурыздағы инфляцияның қайта бағалануымен байланысты екенін атап өтті.

«Өткен жылғы жоғары мөлшерлеменің әсері біртіндеп төмендеуде. Осыған байланысты, AERC 2024 жылдың сәуірінде жылдық инфляцияның одан әрі үдейді деп есептейді», – деді сарапшылар.

AERC мамырда бағаның өсуін 9,84% деңгейінде болжайды. Айлық инфляция 0,86% деңгейінде қалыптасуы мүмкін.

Қазақстанда бағаның өсуіне қандай факторлар әсер етеді?

«Сонымен қатар ақпан айында теңгенің нығаюы жалғасты. Ұлттық валюта бағамы қаңтардағы 451,28 доллармен салыстырғанда орташа есеппен 449,5 теңгені құрады. Сонымен қатар, наурызда Ұлттық банк Ұлттық қордан 700-800 миллион долларға шетел валютасын сатпақшы, бұл ақпан айындағы сату көлемінен сәл артық. Бұл үрдіс теңгені нығайтады», – деп жазылған шолуда.

Сарапшылардың пайымынша, бұл Қазақстан экономикасы үшін инфляцияны төмендететін фактор болып табылады. Осы орайда елдегі инфляцияға импорттық тауарлар әсер етеді.

«Қазақстандағы бағаға Ресейдегі инфляция да әсер етеді. Ақпан айында ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,69% (қаңтарда 7,44%) және бір айда 0,68% (0,86%) деңгейінде болды. Ресейдегі бағаның өсуіне номиналды жалақының өсуі және жұмыссыздық пен кедейлік деңгейінің рекордтық төменгі деңгейге дейін төмендеуі әсер етті», – деп жазылған Орталық шолуында. 

Еске сала кетсек, ақпан айында Қазақстанда жылдық инфляция 13 өңірде бәсеңдеп, 4 облыста өсті.