Ресейден кеткен шетелдік компаниялар 107 млрд доллардан аса шығынға ұшыраған
Ресей нарығынан кеткен шетелдік компаниялар 107 миллиард доллардан астам шығынға ұшырады. Бұл туралы Reuters агентігі хабарлады.
Шығындардың көлемі 2023 жылдың тамызындағы соңғы бағалаудан бері үштен бірге өсті. Shell, HSBC, Polymetal International, Yandex NV компанияларына тиесілі активтерді 90%-ға дейінгі жеңілдікпен жалпы сомасы 10 млрд долларға жуық сатқаны туралы деректер жарияланды. Өткен аптада Danone келісімнен 1,2 миллиард еуроны құрайтын шығынмен Ресейдегі активтерді сатуға рұқсат алған.
Йель менеджмент мектебінің мәліметі бойынша, 2022 жылдан бері Ресейден 1 мыңға жуық компания кеткен. Алайда жүздеген адам жұмысын жалғастыруда немесе қызметін уақытша тоқтатты.
Соңғы үш жылда Ресейде шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың саны үштен бірге қысқарды. Бұл шетелдік компаниялардың нарықтан кетуімен түсіндіріледі.
Соғыстың ықпалы
Еске сала кетсек, Ресей Украинаға қарсы өз әскери қимылдарын 2022-ші жылы 23-ші ақпаннан 24-ші ақпанға қараған түні бастады, елдер арасындағы соғыс қазірдің өзінде де жалғасуда. Содан бері АҚШ мен Еуропалық одақ елдері Ресейге 10-нан аса санкциялар пакетін жариялады. Ресей нарығындан халықаралық компаниялар кетті. Төлем жүйелері жұмысын тоқтатты.
Қазіргі кезде Қазақстанда 23 мың ресейлік компания тіркелген
2023 жылы Ресей Федерациясынан Қазақстанға қоныс аударған компаниялар қатары айтарлықтай азайды. Дегенмен өзге елдермен салыстырғанда өсім динамикасы сақталған.
Бір қызығы, ресейлік компаниялар қатары «жаңа экономиканың» ресурстық емес секторларында – консалтинг пен IT-индустриясында басым.
Halyk finance талдаушысы Асан Құрманбеков ресейлік компаниялар Қазақстанның «жаңа экономикасының» болашағына сенеді деп тұжырымдайды.
«Батыс санкцияларының қысымы ресейлік бизнесті Қазақстанға қоныс аударуға ынталандыруды жалғастырып жатыр. Алғашқы ағыны баяулағанына қарамастан, 21 пайызға өскен. Осындай динамика аясында елімізде тіркелген компаниялардың жалпы саны 2021 жылдан бері екі есеге өсіп, 23 мыңнан асты», – дейді маман.
Ресейлік бизнестің 2021 жылдан бергі ағыны 3,4 есе өскен
Қазақстанда тіркелген 23 мың ресейлік компанияның жартысына жуығы сауда-саттық саласында жұмыс істейді. Олардың үлесі – 47 пайыз. Одан кейін телеком мен консалтинг бағыты келеді. Бұл салалардың әр қайсысында 2-3 мыңның айналасында ресейлік компания бар. Кәсіби ғылыми-техникалық салаға (консалтинг) ресейлік бизнестің 2021 жылдан бергі ағыны 3,4 есе өскен.
Ал білім беру саласындағы фирмалар саны 3,6 есе көбейді. Дегенмен компаниялардың қатары телекоммуникациялар (АТ) секторында өте қатты өскен. Бір қызығы, 2023 жылдың 9 айында компьютерлік және ақпараттық қызмет экспортынан түскен кіріс бір жыл ішінде екі есе өсіп, 400 миллион долларды құрады.
Соғыс басталғалы қазақстандықтардың үштен бірінің Ресейге көзқарасы нашарлап, Ресей Қазақстанға басып кіруі мүмкін деп қауіптенетіндер екі есе көбейген. Украинадағы жағдай азаматтардың 70,7%-ін алаңдатады. Тек 24%-не ғана геосаяси жағдай қызық емес. «Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы» тақырыбындағы кезекті сауалнама нәтижесі осындай.