Ақмола облысында шетелдік тұлғаға заңсыз берілген 1,4 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Ақмола облысында кадастрлық құны 42,5 млн теңге болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы облыс прокуратурасы хабарлады.
Ақмола облысы, Сандықтау ауданының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдары жер заңнамасын қаншалық сақтағанына талдау жүргізді.
Нәтижесінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2016 жылғы 6 мамырдағы мораторий енгізу туралы жарлығы бұзылғаны белгілі болды. Шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалға беру шарттарында уақытша жер пайдалану құқығын беру фактілері анықталды.
«Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша сот шешімімен мемлекеттік қорға кадастрлық құны 42,5 млн теңге болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы шетелдік тұлғаға заңсыз берілген 1,4 мың гектар жер қайтарылды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Бұған дейін Маңғыстау облысында 81 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғанын жазған едік.
«Прокурорлық қадағалау шаралары бойынша ағымдағы жылы мемлекетке құны 7 млрд теңгеден асатын, жалпы ауданы 81 мың га құрайтын 94 жер учаскелері, оның ішінде «Алтын учаскелер» деп аталатын жерлер қайтарылды», делінген баспасөз хабарламасында.
Қайтарылған жерлер арасында жағалау аймақтары да бар. Жағалау маңында 2004 жылдан бері игерілмеген 2,6 млрд теңгені құрайтын 255,5 гектар 6 жер телімі анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылған. Сондай-ақ, прокурорлар жер заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді де мемлекет меншігіне қайтарған.Атап айтқанда, құны 1 млрд теңге болатын «OilRealEstate» ЖШС-не тиесілі 225 гектар жер телімі қайтарылды.
Айта кетейік, Алматыда көп қабатты тұрғын үй салуға заңсыз берілген саябақ аумағы мемлекетке қайтарылды.
Алматыда 17 жыл бұрын заңды тұлғаға жекеменшікке беріліп кеткен саябақ учаскесі қайтарылды. Жер телімі заңсыз берілген. Заңды тұлға бұл жерге көпқабатты тұрғын үй салмақ болған.
«2007 жылы жергілікті атқарушы орган Алматы қаласының Бас жоспардың ережелерін және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын елемей, заңды тұлғаға саябақ аймағы қарастырылған учаскеге жеке меншік құқығын берген», – деп жазылған Алматы қаласы прокуратурасы хабарламасында.
Қалалық прокуратураның хабарлауынша, бұл жерге 2,3 млрд теңге өтемақы төленіп, мемлекетке қайтарылған.
Сонымен қатар прокуратура қадағалау актісін орындау үшін Алматы қаласы әкімінің қаулысын және одан кейінгі азаматтық-құқықтық мәмілелерді заңсыз деп тану туралы талап арыз берген. 26 наурызда апелляциялық сатыдағы сот талаптарды толық қанағаттандырды.