Олжас Бектенов «Отбасы банк» несиенің барлық сомасына пайыздық мөлшерлеме алады» деген депутаттардың сынына жауап берді

Жарияланды
Олжас Бектенов
Олжас Бектенов «Отбасы банкке» қатысты сынға жауап берді / Kursiv.Media коллажы

Премьер-министр Олжас Бектенов «Отбаса банкке» қатысты «несиенің барлық сомасына пайыздық мөлшерлеме алады» деген сынға жауап берді.

Депутаттар «Отбасы банкінен» ипотека алған азаматтар депозитке соманың жартысын жинайтынын айтты. Кейінірек банк қарыз алушыға мүлікті сатып алу үшін жетпей тұрған бөлігін береді. Бұл ретте банк тұрғын үйдің бүкіл құнына сыйақы мөлшерлемесін белгілейді. Бұл – адамның өз қаражаты және банк берген сома.

Олжас Бектенов әуелі банкке салымшы қаржыны қалай жинайтынына тоқталды. «Отбасы банк» АҚ тұрғын үй құрылысы жинақтары шарты бойынша, қарыз салымшыға кемінде 3 жыл шотта қажет соманың 50%-ын міндетті жинаған кезде беріледі. Бұл ретте қарыз алушы банктің сыйақысын жинаған қаражатты есепке алмай, қарыз сомасына ғана төлейді.

Салымшының қаражат жинауға мүмкіндігі болмаса, бірақ қажет соманың 50%-ы бар болса, ол аралық деп аталатын қарызды мерзімінен бұрын ала алады. Бұл жағдайда соманың 50%-ы салынған қаражат аралық қарызды пайдалану кезеңіне (3 жыл) кепіл ретінде әрекет етеді.

«Бұл тәсілде ипотекалық қарыз клиентке қажет соманың 100% мөлшерінде беріледі. Оған қоса банктің сыйақысы берілген барлық сомаға есептеледі. Депозит мерзімі кемінде үш жыл болғаннан кейін қарыз алушының банкте сақталған сомасының 50%-ы мөлшеріндегі қаражаты аралық қарызды өтеу есебіне өтеді. Ал қарыз алушы мөлшерлемесі жылдық 3,5-5%-ға дейін төмендетілетін тұрғын үй қарызына ауысады», – деп жауап берді Премьер-министр.

«Отбасы банк» пен коммерциялық банкті салыстыру

Олжас Бектенов «Отбасы банктен» ипотека алу мен жеке коммерциялық банктен ипотека алуды салыстырды.

«Салыстырып қарасақ, тұрғын үй құны 30 млн теңге, жылдық мөлшерлеме 18% және бастапқы жарна 20% болған кезде екінші деңгейдегі коммерциялық банктің қарыз алушысы 10 жыл ішінде ай сайын шамамен 430 мың теңге төлейді. Нәтижесінде артық төлем екі есеге жуық болады», – делінген жауапта.

«Отбасы банкінің» аралық қарыз жүйесі бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7%, қарыз сомасы 30 млн теңге және бастапқы жарна 50% болды дейік. Осындай мерзім ішінде қарыз алушы алғашқы 3 жылда ай сайын 200 мың теңгеден астам ақша төлейді. Қалған 7 жылда шамамен 160 мың теңге төлейді. Нәтижесінде артық төлем 8 млн теңгеден 10 млн теңге аралығында болады.

Бектеновтың айтуынша, осылай, «Отбасы банкінің» қолданыстағы жинақ жүйесі қарыз алушыға қаржылық жүктемені айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

«Отбасы банкке» қатысты сауал

Айта кетейік, депутат Ислам Сұңқар премьер-министр Олжас Бектеновке «Отбасы банкке» қатысты депутаттық сауал жолдаған еді.

Депутат Ислам Сұңқар «Отбасы банкінде» ипотека алған азаматтар қаржы ұйымында сол соманың жартысын жинайтынын айтады. Кейінірек банк клиентке қалған бөлігін береді. Бұл ретте тұрғын үйдің барлық құнына пайыз жүреді. Демек, адамның өз қаражаты есебінен де, берілген сомаға да есептеледі.

«Мысалы, клиент 10 миллион әкелсе, банк оған 10 миллион береді. Ал сыйақы мөлшерлемесі 20 миллион теңгеге есептеледі. Адамға өз ақшасын пайызбен беру және бұл үшін қосымша банк комиссиясын алу қаншалық әділетті? Салымшылардың наразылығына банк бұл ақша депозитте жатыр, оған пайыздық мөлшерлеме және мемлекет сыйлықақысы да бар деген жауап береді. Бірақ бұл жай ғана қаржылық айла деп есептейміз. Өйткені депозит мөлшерлемесі – небәрі 2 пайыз. Мемлекет сыйлықақысы шектеулі сомаға, яғни 200 АЕК беріледі», – деп түсіндірді Ислам Сұңқар.

«Отбасы банк» кірісі – 107,5 млрд теңге

2023 жылдың қорытындысы бойынша «Отбасы банкі» барлық банк арасында ең көп кіріс – 107,5 млрд теңге алғанын атап өтті.

«Екінші сұрақ туындайды: ақшаны кім табады, халық па әлде банк пе? Осының негізінде тұрғын үй құнының барлық сомасына банктік сыйақы есептеуді қайта қарауды ұсынамыз», – деп түйіндеді сөзін Ислам Сұңқар.

Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігі дерегінше, «Отбасы банкі» коммерциялық ипотекалық кредиттеу нарығына кіріп, одан жеке қаржы құрылымдарын ығыстырған. Бұл туралы Агенттік әзірлеген 2022 жылдың қорытынды есебінде айтылған. 

Сондай-ақ оқыңыз