Қазақстанның көші-қон заңын қай елдің азаматтары жиі бұзады – ІІМ

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Көші-қон заңын бұзған мыңнан аса шетелдік мигрант елден шығарылды / Фото: kursiv.media

Биыл көші-қон заңын бұзған мыңнан аса шетелдік мигрант елден шығарылды. Ал Қазақстанға келген шетелдіктер рейтингінде Өзбекстан азаматтары көш бастап тұр. Осындай дерек келтірген ІІМ орынбасары Игорь Лепеха елімізге қай елдерден мигранттар көп келетінін айтты.

Игорь Лепеханың айтуынша, Қазақстанға көбіне Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Қытай азаматтары келеді. Ағымдағы жылы көші-қон заңын бұзғаны үшін 9800 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 мың адам елден шығарылған. Заңды бұзғандардың басым бөлігі – Өзбекстан азаматтары. Олар елде болу мерзімін бұзған

«Жыл басынан бері Өзбекстанның 1 млн 73 мың азаматы елімізге келсе, 982 мыңы елден шығып кетті.  Өткен жылдың қорытындысы бойынша олар көшбасында тұр. Мысалы бір жылда елімізге  5 млн 396 азамат Өзбекстан азаматы келіп, 5 млн 373-і елден шыққан. Өзбекстанның 411 азаматын уақытша тіркеуге қойдық. Негізінен олар еліміз арқылы көрші мемлекеттерге барады», – деді ол.

Тәжік ұлтының азаматтары да Қазақстанға ең көп келетіндердің бірі. Вице-министр мәлімдегендей, жыл басынан бері елімізге  218,5 мың тәжікстандық келген. Оның 213 мың 726-сы елден кеткен. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 710 Тәжікстан азаматы жауапқа тартылып, 195 адам елден шығарылған. Игорь Лепеха өзбекстандықтар мен тәжікстандықтар Қазақстан аумағын транзит ретінде пайдаланатынын жеткізді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары 30 күн уақытша тіркеуге тұрмастан, бір-біріне сапарлай алады. Мәжіліс екі ел арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

«Бұл келісім бойынша екі ел азаматтарына уақытша есепке тұрмай, 30 күн елде болуына рұқсат беріледі. Осы мерзім аяқталғаннан кейін, олар уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті. Яғни оқу, жұмыс істеу, емделу, отбасымен бірігу, бизнес жүргізу үшін уақытша тіркеуге тұра алады. Уақытша тіркеу шеңберінде олардың елде болу мерзімі 6 ай ішінде 90 күннен аспауы керек. Қазір біздің азаматтар Өзбекстанда бес күннің ішінде тіркеуден өтуге міндетті екенін атап өткім келеді. Ал Қазақстанда тіркеу мен көш-қон карточкалары барлық шетелдік үшін 2020 жылдан бастап талап етілмейді. Бұл түзету біздің бастама бойынша әзірленді. Өзбекстан тарапы хаттаманы өткен жылдың сәуірінде ратификациялады», – деді құжатты таныстырған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

2023 жылы Қазақстанға 46 мың өзбек мигранты кірген

Депутаттар Өзбекстан азаматтарының елімізде арнайы тіркеусіз жүру жағдайлары жиі кездесетінін алға тартты. Олар осы келісім шеңберінде 30 күндік мерзімнен артық тұрған көрші ел азаматтарына қандай шаралар қолданылатынын сұрады. Министр 30 күн өткеннен кейін тіркеуге тұрмаған шетел азаматтарына заң талаптарына сай шаралар қолданылатынын айтты.

«Егер 30 күннен асып кетсе, Өзбекстан азаматы жауапкершілікке тартылады. Мигранттарға қатысты рейдтік тескерістер жүргізіп отырамыз. Егер рұқсат етілген мерзімнен 10 күнге дейін полиция хаттама толтырады. Ал егер одан 10 күн асып кеткен болса, оны сот шешеді. Сот айыппұл салуы және елден мәжбүрлеп шығару туралы шешім қабылдауы мүмкін. 30 күн асты ма, азамат міндетті түрде елден шығуы тиіс»,– деді министр.

Қанша қазақстандық шетел асып кетті?

Қазақстандықтар арасында да 2023 жылы 15 мың қазақстандық шетелге көшіп кетсе, елге 23 мың адам көшіп келген.  Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев мәлім етті.

«Былтыр сырттан келу көші-қоны бойынша оң динамика байқалды. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдайы бойынша елге 23 мың адам (8,3 мың адамға өсті) көшіп келіп, 15 мың адам елден шықты. Сырттан келу көші-қон өсімі негізінен ТМД елдері мен Қытайға тиесілі», – деді Ертаев.

Ел ішінде де көші-қон динамикасы болған. Ең көп адам Астана қаласына көшіп бар.

2023 жылы қаңтар-қыркүйек айы аралығында 733 мың қазақстандық ел ішінде көшіп қонған. Оның ішінде 338 мыңы облысаралық қоныс аударды. Көбісі мегополис қалаларға көшкен, яғни Астанаға – 74 мың, Алматыға – 67 мың және Шымкентке – 30 мың адам тұрақты тұруға келген.

Ал 2022 жылы Алматы қаласы ішкі көші-қон бойынша көш бастаған. Бұл қалаға қоныс аударатындардың қатары кеміген емес. Мәселен 2022 жылы Алматы қаласына 35,3 мың адам көшіп келген. Астана қаласымен салыстырғанда 1,5 мыңға артық.

Қазақстан азаматтары көбіне қай елге көшеді?

Ел ішінде көшіп-қонушылар саны 6,1%-ға өскен. Өңіраралық көші-қон бойынша Астана (33 798 адам), Шымкент (2 756 адам) қаласы және Алматы обласында (898 адам) халықтың көші-қонының оң сальдосы қалыптасты.2022 жылғы қантар-желтоқсанда елге 17 293 адам келсе,   24 239 адам көшіп кеткен. Көші-қон сальдосы –  -6 946 адам. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда Қазақстанға келушілер саны 57,5%-ға өсті, кеткендер саны 24,7%-ға азайды

Сондай-ақ оқыңыз