Қазақстандықтарға микрокредит беріп пайда тауып отырғандар негізінен шетелдіктер. Елдегі микроқаржы ұйымдары кімдерге тиесілі?
Микроқаржы ұйымдары иелерінің құрылымына зер салар болсақ, микрокредиттердің отандық нарығы қазақстандықтардан гөрі шетелдік инвесторларды қызықтыратынын көреміз. «Курсив» елдегі ірі 20 МҚҰ-ның тек төртеуі ғана қазақстандық бизнесмендерге тиесілі екенін анықтады.
«Курсивтің» есебі бойынша, осы жылдың басында ірі 20 МҚҰ-ның (229 ұйым) саладағы активтер жиынтығы 85%-ды құраған. Компаниялардың есептерімен танысқанда, бұл нарықтың негізгі бөлігі шетелдік инвесторлардың қолында екенін түсіндік. Ірі жиырма компанияның 15-інің ақырғы бақылаушысы шетелдіктер. Қалған бес МҚҰ-ның біреуі мемлекет, ал төртеуі резидент-жеке тұлғалардың меншігінде (төмендегі кестені қараңыз)
Активтер көлемі бойынша топ бастап тұрған микроқаржы ұйымдары
Бірнеше ірі МҚҰ шетелдік институтционалдық инвесторлаға тиесілі. Мысалы, сектордағы активтер көлемі бойынша №1 KMF компаниясының бақылау үлесіне америкалық ACDI/VOCA коммерциялық емес корпорация ие. Қазақстанда «KMF-Демеу» қорын құрып, сол арқылы бақылау пакетін ұстап отыр. KMF сайтындағы ақпарат бойынша, 2024 жылдың наурызында компания капиталындағы «KMF-Демеу» үлесі 45,4 %-дан 60,4%ға өскен. Бұл кейіннен банк болу үшін ЖШС-дан АҚ-ға ауысымен байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар голландиялық Triodos Bank, швейцарлық UBS AG банк пен британдық M&G Plc.жанама түрде KMF-тың миноритарлық иелері. Олардың компаниядағы үлесі 48,4%-дан 33,3%-ға азайған. Бұл ретте компанияның басты қызметкерлерінің қатысуы 6,2% көлемінде (шамамен 50 адам) сақталып қалған.
Активтер көлемі бойынша 2-орында тұрған «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» МҚҰ толығымен өзіне аттас жапондық корпорацияға тиесілі. Бұл – «Тойота Мотор Қазақстан» ЖШС ұсынған ресми дистрибьютордан автокөліктерді сатып алуға шағын несие беретін еншілес компания. Компания құжаттарында барлық кредиттер кепілдендірілгені айтылған. Компанияның басқа бәсекелестерінен артықшылығы да осында.
Автонесие беріп, кепілге автокөлік алып кредит беретін микроқаржы ұйымдары
Қазақстандағы ірі 20 МҚҰ тізімінде корейлік екі ойыншы бар. Бесінші орында тұрған «Шинхан Финанс» микро қаржы ұйымы толыққанды Shinhan Financial Group меншігінде. Көбіне автонесие берумен айналысады. Бас банкі Шинхан Банкке қарағанда несие беруде белсенді. 2024 жылдың басында МҚҰ-ның қарыз портфелі аттас банк портфеліндегі 22 млрд теңгемен салыстырғанда 39 млрд теңге болды.
Алдағы уақытта компания қарыз портфелін әртараптандыруы мүмкін. Компания 2023 жылдың қазан айында Халықаралық қаржы корпорациясынан 60 млн доллар көлемінде инвестиция алғанын жариялаған. Бұл қаражат шағын орта бизнесті қаржыландыруға, оның ішінде жалпы соманың төрттен бірі әйел-кәсіпкерлерге берілетінін айтқан.
Ал екінші корей ойыншысының еншісіндегі МҚҰ – «БиЭнКей Финанс Казахстан». Құрамына Busan Bank, Kyongnam Bank және бірнеше қаржылық компания кіретін BNK Financial осы микро қаржы ұйымына ие. Биыл «БиЭнКей» қаржы ұйымы одан әрі өсу және ШОБ-ты қаржыландыру жоспарына байланысты ЖШС-дан акционерлік қоғам болып құрылды. 2023 жылдың басында МҚҰ қарыз портфелінде 16,7 млрд теңге болған. Оның басым бөлігі автонесие (9,6 млрд) мен автокөлік немесе жылжымайтын мүлікті (6,0 млрд) кепілге қою арқылы берілген қарыз. Ал қамсыздандырылмаған несие үлесі аз, 6,7%.
«Азиялық несие қоры» МҚҰ-ның бақылаушы бенефициары жоқ. Компания Дания (30,3%) мен Финляндия (25,9%) үкіметі, сондай-ақ дат бизнесмені Торбена Остергаарда-Нильсеннің (17,3%) отбасы еншісінде. Ал 1,7%-ы қызметкерлерде. Компанияны 1997 жылы Қайырымдылық корпусы құрған. Миссиясы – қолжетімді қаржылық қызметтер арқылы ауылдағы ү шаруашылығының өмір сапасын жақсарту. МҚҰ өзінің сайтында өнімдердің кең ауқымын ұсынады. Олардың қатарында мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын қолдау да (үш жыл мерзімге 2 млн теңгеге дейін) бар. Компанияның берген несиелерінің басым көпшілігі кепілсіз несиелер (2023 жылдың басында 17,1 млрд теңге).
Жалақыға дейін «жарылқайтын» МҚҰ
МҚҰ тізімінде 12-орында тұрған «R-Finance» қаржы ұйымының 50,01%-ы өткен жылдың мамыр айында шетелдік инвестордың қолына өткен. Компанияның иесі Наталья Ни өзіне 49,99%-ын қалдырып, қалған үлесті сингапурлық Fortune Holdings-ке сатқан. Қаржы ұйымы автонесие мен автокөлікті кепілге қою арқылы қарыз береді. Өткен жылы МҚҰ-ның қарыз портфелі 7,6 млрд теңгеден 17,8 млрд теңгеге дейін өскен.
Топ-20 микро қаржы ұйымның тоғызын резидент емес- жеке тұлғалар бақылайды. Борис Батин және Александр Дунаев (БАҚ-та олар Израил және Ұлыбритания азаматтары деген ақпарат бар) «ОнлайнКазФинанс» (активтер бойынша №4, Solva бренді) және «ФинтехФинанс» (№14, MoneyMan) компаниялары акцияларының көп бөлігіне ие.
«ОнлайнКазФинанс» МҚҰ шағын орта бизнеске кепілсіз онлайн-кредит береді, банк болуға ұмытылып жүр. Мысырдағы миллиардер Савирисовтар отбасына тиесілі Neo Crystal Holdings былтырғы жылдың соңында Solva-ның ортақ иеленушісі болды. Solva ақпараты бойынша, таяу шығыстағы инвестордың 20 млн доллар қаражаты МҚҰ-ны екінші деңгейлі банк етуге жұмсалады.
«ФинтехФинанс» болса, жалақыға дейін 45 күнге шағын несие беретін PDL-ойыншы. 2023 жылдың басына дейін қаржы ұйымының 99%-ы IDF Eurasia (Kazakhstan) Limited жеке компаниясының қолында болды. Kompra.kz сервисіндегі мәлімет бойынша, компанияның бір ғана иесі бар. Ол – АХҚҰ-да тіркелген Solva Group Ltd.
Ірі 20 микро қаржы ұйымы қатарындағы үш бірдей МҰҚ-ның иесі – латвиялық бизнесмен Томс Юрьевс. Олар: «Сәлем Кредит» (№17), Sofi Finance (№19) және Creditum (№20). Бұл үш қаржы ұйымы да 30 күнге дейін қарыз береді. 2024 жылдың ақпан айында ҚНРДА микро қаржылық қызмет туралы заң талаптарын бұзғаны үшін «Сәлем Кредит» МҚҰ лицензиясын тоқтатты.