Қазақстанның Украинадағы елшілігі Одесса мен Харьков облысында жүрген қазақстандықтарға ол жақтан кетуді ұсынады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Одесса мен Харьков облысында жағдай шиеленісіп барады. Фото: shutterstock.com

Қазақстанның Украинадағы елшілігі қазақстандықтарға Украинаның Одесса мен Харьков облыстарынан кетуді ұсынады. Өйткені бұл аймақтардағы жағдай қатты шиеленісіп, қауіпсіз болмай тұр.

«Украинаның Одесса мен Харьков облыстарындағы жағдайдың шиеленісуіне және Қауіпсіздік қатерінің артуына байланысты Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі Қазақстан азаматтарына осы аймақтардан кету мүмкіндігін қарастыруды ұсынады», – делінген хабарлама

Ел азаматтары Украинадан Польша немесе Молдова арқылы өтетін жерүсті бағыттары, одан кейін коммерциялық рейстер арқылы шығып кете алады.

Польша арқылы кеткен жағдайда, Қазақстан азаматтарында Шенген визасы болуы керек, Молдова арқылы қайту үшін виза талап етілмейді.

Сонымен қатар елшілік барлық азаматты әуе шабуылы туралы ескерту кезінде дереу бомбадан қорғанатын орынға өтуге шақырады.

Елшіліктің байланыс телефондары: +38(044) 4831596, +38(044) 4891031. Қазақстан азаматтарына арналған сенім телефоны (төтенше жағдай кезінде): +380673470408.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады.

Соғыс басталғалы қазақстандықтардың үштен бірінің Ресейге көзқарасы нашарлап, Ресей Қазақстанға басып кіруі мүмкін деп қауіптенетіндер екі есе көбейген. Украинадағы жағдай азаматтардың 70,7%-ін алаңдатады. Тек 24%-на геосаяси жағдай қызық емес.

Бұған дейін РФ президенті Путин Ресей мен Украина түбінде бір келісімге келіп, екі ел қатынасы қайта жақсаратынын айтқан.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғыс басталғалы бері 31 000 украиналық сарбаз қайтыс болғанын мәлім етті. Reuters агенттінің хабарлауынша, Зеленский Киевте баспасөз мәслихатын өткізген. Ол қайтыс болғандардың санын айтқанымен, жараланғандардың санын жарияламады. Себебі бұл Ресейдің әскери жоспарларына қосымша ақпарат болуы мүмкін. Украина өзінің әскери шығындарын 2022 жылдың аяғынан бастап есептеуді тоқтатқан.

Сондай-ақ оқыңыз