«Болашақ» стипендиясына құжаттар қабылдау сәуірдің соңында басталады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Болашақ» стипендиясына құжаттар қабылдау сәуірдің соңында басталады / коллаж kursiv.media

«Болашақ» халықаралық стипендиясына құжаттар қабылдау 29 сәуірде басталып, 25 қазанға дейін жалғасады.

Ашық НҚА жүйесінде Ғылым және жоғары білім министрінің «Болашақ» стипендиясына қатысты бұйрығы жарыққа шықты. Бұйрық жүйеде 11 сәуірге дейін талқылауда болады.

«2024 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткерлерден құжаттар қабылдаудың және осы конкурсты өткізудің мерзімдері бекітілсін», – делінген құжатта.

Бұйрыққа сәйкес, құжаттарды қабылдау – 2024 жылдың 29 сәуір мен 25 қазан аралығында, конкурсты өткізу – 2024 жылдың 20 мамыр мен 30 қараша аралығында жалғасатын болады.

Бұдан бөлек, бұйрықта 2024-2026 жылдарға арналған «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсының жеңімпаздары оқи алатын шетелдік оқу орындары мен ұйымдардың тізімі бекітілген. Яғни 26 елде білім алуға болатын 273 жоғары оқу орнымен тіл үйренуге арналған 69 ұйымның тізімі бар.

«Болашақ» стипендиясына айтылған сын

Осыған дейін стипендияға қатысты депутаттық сауал жолдаған Андрей Лукин аты аталған бағдарлама эммиграция құралына айналып кеткенін мәлімдеп, биыл 30 жылдығы аталып өтетін жобаны түкке тұрғысыз деп күмән келтірген еді

«Бұл жоба эммиграция құралына айналып кетті. Өйткені бүгінде шетелде «Болашақ» бағдарламасымен оқуға кеткен 270-тен астам стипендиаттар қалып қойып отыр. Мамандарды шетелде даярлауда бұл бағдарлама тиімді деп айтпас едім. Бұған стратегиялық құжаттардың жоқтығы себеп», – деді депутат.

Сенатордың сөзінше, бағдарламасының іске асырылуына жетекшілік ететін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да қаржы мониторингі жүйесі тиісті деңгейде емес.

Сенатор 15 мыңнан астам стипендиант (15 871) шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алғанын, 12,5 мыңнан астам маман даярланғанын және стипендиядан бас тартқандар мен айырылғандардың қарызы 6,5 млрд теңгені құрап отырғанын мәлімдеген еді.

Оның бұл сауалына «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова жауап берген еді. Әлия Оспанованың айтуынша, қазіргі таңда 268 адам «Болашақ» стипендиядан бас тартқандар мен айырылғандардың қатарында тұр. Бұл – елге қайтпай, шетелде қалып қойған, оқу үлгерімі нашар болған, оқуын тастап кеткен, міндеттемесін орындаудан бас тартқан адамдардың саны.

«Қаражатты қайтару барысында заңға сәйкес әрекет етудеміз. Сот өтіп, шешім шығып жатыр. Биыл өткен соттарда да жеңдік. 2023 жылы мемлекеттік бюджетке 1 млрд 579 млн теңге қайтарылды. Мемлекет қаражаты арнайы келісіммен қорғалады. Стипендиаттар біздің орталыққа жылжымайтын мүліктерін кепілге қояды. Елге оралмаса, сотқа арыз беріп, сол арқылы жұмсалған қаржыны мемлекетке қайтарамыз», – деді басқарма төрағасы.

Сондай-ақ оқыңыз