Жаңалықтар

Ақпанда бизнес субъектілеріне 2,6 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берілді

Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер көлемі 42,0% артты / Фото: kursiv.media

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан банк секторының 2024 жылғы 1 наурыздағы жай-күйі туралы ай сайынғы есебін жариялады.

2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның 11-і шетелдің қатысуымен. Оның ішінде 8-і еншілес банк.

Банк секторының активтері өсті

Банк секторының активтері негізінен несие портфелінің 2,6%-ға немесе 753,2 млрд теңгеге өсуі есебінен 2024 жылғы ақпанда 1,8%-ға немесе 0,9 трлн теңгеге өсті. 2024 жылдың басынан бері 1,0%-ға немесе 0,5 трлн теңгеге артты. 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 52,0 трлн теңгені құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 16,0 трлн теңгені немесе активтердің 30,8%-ын құрады. Бұл банктерге міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Банктердің меншікті капиталы 2024 жылғы ақпанда 3,2%-ға 7,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жыл басынан бері 6,9%-ға немесе 471,0 млрд теңгеге артты. 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,4%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,5%-ды құрады. Бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

Банк секторының міндеттемелері 2024 жылғы ақпанда жеке тұлғалар салымдарының 1,3%-ға 20,2 трлн теңгеге дейін өсуі (міндеттемелердің құрылымындағы үлес 45,2%) нәтижесінде 1,5%-ға 44,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жыл басынан бері 0,1%-ға немесе 52,1 млрд теңгеге өсті.

Кредиттердің теңгедегі үлесі 92,4%-ды құрады

2024 жылғы ақпанда екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттері артты. Бұл АҚШ долларының теңгеге қатысты 0,6%-ға нығаюы аясында валюталық қайта бағалау нәтижесінде болды. Оның ішінде ұлттық валютада 2,0%-ға, 26,3 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 3,0%-ға 2,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде кредиттердің теңгемен үлес салмағы 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 92,4%-ды құрады.

Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 2024 жылғы ақпанда 1,8%-ға 11,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды, Жалпы жыл басынан бері көрсеткіш 0,6%-ға төмендеді. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 1,5%-ға 9,5 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте де жыл басынан бері көрсеткіш 1,4%-ға төмендеген. Оның ішінде ШОБ субъектілеріне қарыздар 0,5%-ға 5,6 трлн теңгеге дейін, ірі бизнеске қарыздар 3,0%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Кәсіпкерлерге берілген несиелер көлемі артты

Жеке кәсіпкерлерге берілетін кредиттер бір айда 3,2%-ға 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ал биылғы жылың басынан бері 4,9%-ға өсті.

2024 жылғы ақпанда бизнес субъектілеріне 2,6 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берілді. Бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42,0%-ға артық.

Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы ақпанда 2,2%-ға ұлғайып, 17,2 трлн теңгені құрады (2024 жылдың басынан бері 3,4%-ға өсу). Халыққа берілген кредиттердің өсуі ипотекалық кредиттеудің 1,3%-ға 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюына. Сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 2,7%-ға 10,7 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты.

2024 жылғы ақпанда бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,5%-ды құрады. 2024 жылғы қаңтарда– 19,9% еді.

Кредит портфелінің сапасы тұрақты болып қалып отыр

2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,0%-ын немесе 906 млрд теңгені құрады. Ал 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 2,9% немесе 863 млрд теңге болған.

ШОБ-ты есептегенде заңды тұлғалардың портфелінде NPL90+ қарыздарының деңгейі 2,3%-ды немесе 284 млрд теңге болды. Жеке тұлғалардың портфелінде 3,6%-ды немесе 622 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 73,9% болды (01.01.2024ж. – 75,9%).

Депозиттер көлемі ұлғайды

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері артты. Ақпанда негізінен жеке тұлғалар депозиттерінің 1,4%-ға 18,6 трлн теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде 1,0%-ға 34,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 0,6%-ға 15,5 трлн теңгеге дейін өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2024 жылғы ақпанда 0,7%-ға 26,1 трлн теңгеге жетті. Шетел валютасында 2,1%-ға 8,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша долларландыру деңгейі 23,4%-ды құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2024 жылғы ақпанда 14,0%-ды құрады. Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,6% болды.

Банктердің таза пайдасы 390 млрд теңгені құрады

2024 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 390 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылғы ақпанға қарағанда 18,0%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 4,7%-ды, капитал рентабельділігі (ROE) 35,6%-ды құрады.

Еске сала кетсек, 2023 жылы Қазақстан, Армения, Әзірбайжан, Грузия мен Өзбекстанның банк секторы нақты ЖІӨ өсімінің драйвері болады, деп хабарлайды S&P Global Ratings. Дегенмен, бұл елдердің жалпы ішкі өнімі 2022 жылғы жақсы көрсеткіштерден кейін біршама төмендеуі ықтимал.