Жаңалықтар

Владимир Ким мен Эдуард Огайдың мыс өндіруші компаниясы 2023 жылды миллиардтаған шығынмен аяқтады

Мыс өндіруші компания өткен жылды шығынмен аяқтады / Фото: kursiv.media

Миллиардер Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиеселі «Aidarly Project» АҚ өткен жылды 3 млрд 264 140 теңге шығынмен аяқтады. Бұл туралы компанияның KASE-ге ұсынған аудиторлық есебінде жазылған.

Жезқазғанда орналасқан  компанияның 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы аудиттелген деректерге сәйкес меншікті капиталы – 688 812 мың теңгені құраған. Ал жиынтық активтері 59 930 997 мың теңге. Жиынтық міндеттемелер 60 619 809 мың.  Қарапайым акцияның баланстық құны – 16 835,9 мың теңге.               

Айта кетейік, 2014 жылы ЖШС ретінде тіркеліп, 2022 жылы АҚ айналған компания құрылтайшылары «Қазақмыс копорациясы» ЖШС мен Нидерландыда тіркелген Aidarly B.V. Аталған компанияларға В.Ким мен Э.Огай иелік етеді. Компанияның басты қызметі – «Айдарлы» кен орнын игеру. Аталған кен орны Қазақстанның «Индустриаландыру картасына» енген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірі – Владимир Кимге тиесілі «Қазақмыс» корпорациясы жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарт талабын бұзғаны туралы хабарлаған едік.