Шымкентте Қытай компаниясы керамикалық зауыт салып жатыр. Зауыт құрылысына шетел компаниясы 50 млн доллар қаржы құйған. Бұл жайлы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барған. Жұмыс сапары барысында министр индустриялық аймақтар мен өндірістік нысандарды аралаған.
Бірінші кезекте Шарлапаев «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан Орталық Азиядағы фарфордан жасалған бұйымдардың ірі өндірушісі «Wan Sheng Ceramics» ЖШС зауытының құрылыс барысымен танысқан.
«Бүгінгі таңда отандық керамикалық плитка нарығы шамамен 35 миллион шаршы метрді құрайды. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру нарық сұранысының үштен бірін жабуға мүмкіндік береді, ал жобаны кейіннен жүзеге асыру ішкі нарықты өзіндік керамикалық плиткалармен толық қамтамасыз етеді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Зауыт нарықты жоғары сапалы қаптау материалдарымен қамтамасыз ететін болады. Инвестициялық жоба жұмысы 70%-ға аяқталған. Зауыт ашылған соң, 700-ге жуық жұмыс орны пайда болады деп жоспарлануда. Жоба бойынша инвестициялардың жалпы сомасы 25,5 млрд теңгені құрайды. Мұндағы қытайлық инвестордың үлесі 100%-ды, яғни 50 млн долларды құрайды.
Ал Қазақстан тарапынан инвесторға 32 гектар құрылыс үшін жер учаскесі бөлінген. Бұл зауыт Орталық Азиядағы ең ірі фарфордан жасалған бұйымдар өндірушілерінің бірі болмақ. Сонымен бірге зауыт өнімдері елдегі қажеттіліктің 34% -ын жабады деп күтілуде.
Шымкентте керамикалық зауыт ашылатыны күзде белгілі болды. Онда жобаның бірінші және екінші сатысында жылына 12 770 мың шаршы метр керамогранит өндіретіні айтылған. Аталған екі кезеңінде 700 адамды жұмыспен қамтиды. Жобаның алғашқы кезеңі осы жылы, екіншісі 2025 жылы жүзеге асырылады деп күтілуде.
Ал 2026 жылға қарай зауыт өндіріс көлемін 25.4 млн шаршы метрге дейін екі есеге арттыруды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге Қазақстанда Қытайдың State Power Investment Corporation компаниясы мен Sany Group Co. Ltd компаниясы Қазақстанда жаңартылған энергия көздеріне арналған станциялар салады.