Қытай компаниясы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздеріне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт салу мәселесін қарастырып жатыр – Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-ға жұмыс сапары аясында State Power Investment Corporation компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Лю Миншэнді және Sany Group Co. Ltd директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбоны қабылдады.
Кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде жаңартылатын энергия көздеріне негізделген серіктестік перспективасы талқыланды.
Қытайдың ең ірі энергетикалық компанияларының бірі саналатын SPIC корпорациясының басшысы Жамбыл және Павлодар облыстарында жалпы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станцияларын салуға қатысты жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Компания мәліметінше екі жобаға 1 млрд миллиард доллар көліменде инвестиция салынған.
Одан бөлек компания Қазақстанда ауқымды гидроэнергетикалық жобалар мен бу-газ турбиналарын салу перспективасын зерттеп жатыр.
Sany Group Co. Ltd Директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбомен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл» энергетика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Бұл корпорация Қазақстанда жалпы қуаты 1ГВт жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асыруға қатысып жатыр. Жоба барысында жаңартылатын энергия көздеріне арналған мұнара, қалақ және гондола құрастыратын зауыт салу мүмкіндігі де қарастырылған.
Өз кезегінде мемлекет басшысы Қазақстанның арнаулы техникалар, сондай-ақ олардың қосалқы бөлшектерін шығаратын бірлескен өндірісті жолға қоюға мүдделі екенін жекізді.
Еске сала кетсек, өткен жылдың аяғында KEGOC («Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы) China Power International Development Limited компаниясымен өз қосалқы станцияларының бірінде 5 МВт-қа дейін электр энергиясын сақтау жүйесін енгізу туралы келісімге қол қойды.
Келісім шеңберінде China Power International Development Limited компаниясы KEGOC-тың қосалқы станциясында қуаты 5 МВт-қа дейінгі электр энергиясын сақтау жүйесін орнатады. Пилоттық жобаның мақсаты – жаңартылатын энергия көздерін ҚР Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне біріктіру кезінде электр энергиясын сақтау жүйелерінің энергия жүйесін реттеуге әсерін зерттеу.
Жалпы алғанда елдегі орнатылған ЖЭК нысандарының ортақ қуаттылығы – 2,7 ГВт:
- Жел электр станциялары – 1,247 ГВт;
- Күн электр станциялары – 1,198 ГВт;
- Шағын су электр станциялары – 269,6 МВт;
- Биоэлектр станциялары – 1,77 МВт.