Қашаған операторы Каспийге өндіріс суын төккені үшін 12,4 млрд теңге айыппұл төледі
Қашаған операторы күкірт диоксидін жағып, оны Каспий теңізіне төккені үшін 12,4 млрд теңге айыппұл төледі. Бұл туралы Экологиялық реттеу және бақылау комитеті хабарлады.
Қашаған кен орнының операторы NCOC компаниясы экологиялық нормаларды бұзғаны, соның ішінде рұқсатсыз күкірт диоксидін жағу және өндірістік суды тазартусыз Каспий теңізіне ағызғаны үшін 12,4 миллиард теңге айыппұл төледі.
«NCOC компаниясына қатысты 5 әкімшілік іс қозғалып, олар Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Биылғы ақпан айында Атырау қаласы сотының апелляциялық сатысы кәсіпорынға 12 млрд 419 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Айыппұл толық көлемде төленді», – делінген хабарламада.
Бұзушылықтарды жою туралы бұйрық қазіргі уақытта Жоғарғы сотта қаралып жатыр. Бұған дейін Астана қаласы сотының 1-ші және 2-ші сатысында нұсқама заңды және негізделген деп танылған.
Айта кетейік, 2024 жылғы ақпанда Қазақстан мен Қатар бірлесіп «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын салуға уағдаласқан. Жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын қаржы қалай қайтарылады?
«Қашаған кен орнында екі ірі газ өңдеу зауыты салынады. Бірінші газ өңдеу зауыты қазір салынып жатыр. «Қашаған» кен орнында 1 млрд текше метрге арналған зауыт. Екіншісін салу жоспарланып жатыр. 2,5 млрд текше метр газ өңдеуге есептелген. Бұл бағытта коммерциялық келіссөздерді QazaqGaz компаниясы жүргізеді», – деді министр.
Қатарлық компания салған инвестициясын қалай қайтарып алады?
«Инвестиция процессинг арқылы қайтарылады деп жоспарлануда. Бастапқыда осылай жоспарланған. Қатарлық компания мен QazaqGaz бірлескен кәсіпорын газ процессингі үшін ақша алады. Сол арқылы зауытты салу үшін жұмсалған қаражатты қайтарып алады», – деді министр.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, салынған қаржыны қайтару мерзімі келісімнің қаржылық-экономикалық шартына байланысты.
Айта кететіні, процессинг кезінде шикізатты өңдеген зауыт өңдеу қызметтері үшін белгіленген ақы алады, ал барлық өндірілген өнімдер жеткізушіге беріледі.
Еске салайық, Ірі мұнай компаниялары Қашаған кен орнына қатысты құны 5 млрд доллар болатын дауды реттеуге жақын.
Агенттік ақпаратына сүйенсек, Қашаған алып кен орнына иелік ететін ірі мұнай компаниялары мен Қазақстан билігі өзара мәміле жасауға жақын. Басылым компаниялар 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлға қатысты мәселені шешуге ниетті.
Bloomberg 18-19 қаңтар аралығында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италия мен Ватиканға кездесуі кезінде «Қазақстан – Италия» дөңгелек үстеліне қатысып, бірқатар ірі итальяндық компаниялардың басшыларымен кездесу өткізетініне баса назар аударған.