Жаңадан бастаған акционерге кеңес: акцияны қалай таңдау керек?
Қазір биржада не көп — акция көп. Сондықтан бұл саланың қыр-сырына қанығып үлгермегендердің қайсысын сатып алсам екен деп басы қатады. Акцияның басқа акциядан қандай артықшылығы болады, қайсысынан табыс молырақ түседі, тәуекел қай жерде аздау, қазір алған жөн бе, күте тұрған абзал ма — осы сынды сауал дәйім ойда тұрады. Олай болса, акцияны таңдағанда не нәрсеге мән беру керегін талдайық.
Экономикалық жағдайды бағу керек
Акцияны бас салып сатып ала салуға болмайды. Себебі алдымен әлемдегі экономикалық ахуалды бақылап үйрену керек. Нарыққа циклдің фазасы қолайсыз кезде, яғни төмендейтін кезде кірмеңіз. Ал жалпы цикл деген не? Экономикалық циклдің мынадай басты төрт түрі бар: өсу, шарықтау, рецессия және кризис. Цикл өсіп жатқан кезде, басында акция сатып алып қалсаңыз, онда максимум табысқа кенелуіңіз әбден мүмкін. Ал енді шарықтап тұрған шағында алғанда кейінірек баға қатты түсіп, шығынға батып қалуыңыз ғажап емес. Ондай болмас үшін экономиканың қандай циклде тұрғанын көрсететін макростатистикамен дос болу қажет. Оның ішінде ЖІӨ өсімінің көрсеткіштері, инфляция, жұмыссыздық, іскерлік белсенділік сынды көрсеткіштерге назар аударамыз.
Тағы бір айта кететін жайт, активтер циклдік және циклдік емес деп те бөлінеді. Алғашқысында компаниялар экономикалық ахуалға қатты тәуелді болады. Ондайда пайданың өсіп не құлдырауы нарықтың жағдайына тікелей байланысты. Мәселен автоөндіріс, металлургия, туризм және осы сияқты салаларда солай. Мұндай компаниялардың акциясын алар кезде қандай кезге тап келіп тұрғаныңыз маңызды. Өсу фазасында алып қалсаңыз, жақсы өседі. Ал рецессияға тап болғанда бағасы да қатты құлдырайды. Циклдік емес компаниялар экономикада болып жатқан оқиғаларға аса тәуелді болмайды. Сондықтан көбіне тұрақты қалпын сқатайды. Тіпті кейбірін бағасы түсіп жатқан кезде де сатып ала беруге болады. Айталық, алғашқы көмек тауарларын шығаратын, денсаулық сақтау саласындағы компаниялар осы қатарда. Себебі бұлар экономикалық ахуал қандай болса да, сұранысы жоғары болып қала береді.
Компанияға іргелі анализ жасау қажет
Егер сіз бір сатып алып, оны біраз уақытқа ұмытып кетуге дайын болсаңыз, онда алпауыт компаниялардың акцияларын алып қойыңыз. Ол кезде жалпы капитализациясына, табысы мен қарызына назар аудару керек. Мұндай ақпаратты оп-оңай табасыз. Себебі жылына бірнеше рет жариялайтын есептің ішінде осы мәліметтер қамтылады. Сонымен бірге кейінгі жылдарда компания не істеді, қандай көрсеткіштерге қол жеткізді — оны да шолып шығыңыз. Сонда көз алдыңызда әлдебір динамика пайда болады. Сол арқылы салыстырып, шешімге келесіз.
Мәселен компания тұрақты түрде табысы артып келе жатса, потенциалы да жоғары болса — онда мұны жақсы белгі деп білгейсіз. Бірақ қанша қарызы барын да қарауды ұмытпаңыз. Себебі ондағы жүктемесі жоғары болса, алдағы уақытта тапқан табысының бәрі сол қарызды жабуға кетуі мүмкін. Ондай кезде инвесторларға дивидендтер бермесе, таң қалмаңыз. Ал егер компанияға іргелі анализ жасаған кезде нашар көрсеткіші көп болса, онда оны ұзақмерзімді перспективаға қарастырудың қажеті шамалы. Ондайда қысқамерзімді спекуляцияларға қолдануға болады. Себебі құнды қағаздарының діңі берік болған кезде баға құласа да, тайсалмай аман қалып, қайта өсуі ытимал.
Дивидендтерге мән беріңіз
Бұл – акциялар арқылы табыс табудың бірден-бір жолы. Акцияны арзан кезде сатып алып, қымбаттағанда сатып жіберу деген тағы бір тәсілі бар болғандықтан, бір жолы деп айтып отырмыз. Ал енді дивидендтерге қатысты не білуіңіз керек — соған тоқталайық. Дивиденд деп компанияның таза табысының бір бөлігін айтады. Ол акционерлер арасында бөлінеді. Егер сіз осы дивидендтік стратегияны таңдағыңыз келсе, негізгі табысты осы тәсілден алып отыруды көздесеңіз, онда акция сатып алмас бұрын компанияның дивидендтік саясатын мұқият оқып шығыңыз. Өйткені компания дивиденд бере ме, берсе қандай шарттары барын, қаншалықты жиі беретіні, қалай беретіні — бәрі сол құжатта жазылады.
Сонымен бірге көздеп отырған компанияңыздың дивиденд тарихын қарап шығу керек. Компания қаншалықты сөзінде тұрып тұрақты дивиденд беріп отырады, уақыт өте келе өсіп жатыр ма — соған назар аударыңыз. Егер сіз басқа стратегиямен жүремін деп шешсеңіз, онда дивидендтің болу не болмауы басты фактор болмайды. Мысалы енді ашылған, тәй-тәй қадамды енді бастап келе жатқан компаниялар көбіне дивиденд төлемейді. Есесіне таза табысының негізгі бөлігін компанияны дамытуға жұмсайды. Сол арқылы акция бағасы еселеп көтерілуі мүмкін.
Компанияның болашағы бар ма, жоқ па?
Акцияны таңдаған кезде тағы бір баса мән беретін фактор — компания мен оның жұмыс істейтін саласының перспективасы. Барлығына бірдей жарайтын көрсеткіш өлшемдері жоқ. Десе де, компанияның заманауи, бәсекеге қабілеті мол, даму жоспары мықты болуы сынды көрсеткіштерге қарау керек. Әдетте акционерлеріне компаниялар даму жоспарын көрсетеді. Соған көз жүгіртіп шығу қажет. Десе де, заманауи тенденциялар мен сол бизнес жайлы жақсы білген абзал. Себебі компания жоспарының қаншалықты жүзеге асу ықтималы барын бағалай алуыңыз қажет. Кімде болсын болашаққа үмітті болады. Сондықтан даму жоспарын да барынша позитив жасайды. Ал инвестор эмоциямен ғана емес, нақты факторлармен бағалайды. Техно болған сайын, компанияның заман көшіне ілесіп келе жатқанын байқай аласыз. Мысалы қазіргі заман жасанды интеллект, роботизация, нанотехнология сияқты салалардың перспективасы мол деп саналады. Сол себепті осындай идеясы бар компаниялардың акциясын сатып алып қоюға болады.
Одан қала берді компанияның жұмыс істеу стиліне де қараған дұрыс. Ол жерде де мол ақпарат табылады. Яғни жасанды интеллектіні тіпті қоспай, киім сатуы мүмкін. Ондай кезде не нәрсеге қараймыз? Бір компаниялар бұрынғыдай дәстүрлі офлайн форматта дүкенде ғана сатады. Енді бір компаниялар заманға сай онлайн-дүкен қосып, әлеуметтік желіде брендті мықты қалыптастырып, виртуал киінетін бөлмелер ұйымдастырып, виртуал көмекші қосуы мүмкін. Осы сынды қадамдарға қарап, олардың бәсекеге қабілетті екенін көруге болады. Айтпақшы, технологиялық компаниялардың өнімдерінде қосымша құн болады. Соның есебінен бизнес табысты әрі тұрақты болуы мүмкін. Компанияның болашағына қатысты анализді ұзақмерзімді қоржын жасауды жоспарлайтындар жасайды. Сіздің акциялар портфеліңізде бәсекеге шыдас беретін, алдағы 10-15 жылда өсетін компаниялардың құнды қағаздары болуы керек.
Акциялар қаншалықты өтімді әрі құбылып тұрады?
Егер сіз нарықтағы бағамен кез келген уақытта сатып жіберуді көздесеңіз, онда өтімді қағаздарға назар аударған жөн. Соның ішінде көк фишкаларды қараңыз. Себебі олардың бағасы көп құбыла бермейді. Ал енді акциялардың құбылғанына қатты уайымдайтын адамдар бағасы демде өзгеріп сала беретін, ойламаған жерде құбылатын акцияларға жоламағаны дұрыс. Әдетте ұзармерзімді портфелін жиып қойған тәжірибелі инвесторлар бұған қатты мән бермейді. Себебі ол өтімділігі аздау, құбылып тұратын құралдардан да пайда табу жолын жақсы біледі.
Бағасына қатысты не білуіңіз керек?
Жоғарыда айтылған іргелі әрі макроанализ жасап болсаңыз, онда болашағынан үміт күттіретін компаниялар тізімін дайындадыңыз деген сөз. Дивидендтер, өтімділігі мен құбылуына қатысты мәселелерді де бір жақсы қылдыңыз. Олай болса, сізде қалып тұрған сұрақ бағасына ғана қатысты болса керек. Бұл да аса маңызды фактор. Өйткені компания он жерден мықты болса да, акциясы қымбат кезде сатып алынса, одан онша пайда көре алмауыңыз мүмкін. Белгілі инвестор Уоррен Баффетің мына кеңесін назарда ұстаңыз: іргетасы берік, мықты компаниялардың дұрыс бағаланбаған акцияларын таңдаған абзал. Яғни сіздің мықты деп іріктеп алған акциялардың нарықтағы бағасы шын бағасына қарағанда аз болуы керек. Ендеше акциялардың шын бағасын қалай анықтауға болатынына келейік. Біріншіден, баланстық бағасын қараңыз. Бағасы дұрыс қойылмаған акциялардың құны баланстық құны әдетте арзандау болады. Үнемі солай бермеуі мүмкін екенін де ұмытпаңыз. Мысалы материалдық емес активі (брендт, патент және т.б.) көп компанияларда мұндай көрсеткіштер дисконтталған ақша ағыны деп есептеледі.
Акциялардың көрсеткішіне мән беру
Акциялардың P/E (Price/Earnings) немесе P/B (Price/Balance Value) деген көрсеткіштері болады. Олар неғұрлым төмен болса, ол сізге соғұрлым жақсы. Соларға қарап бір саладағы компанияларды өзара салыстыра аласыз. Компанияның P/E көрсеткіші төмен болып қана қоймай, қарыз жүктемесінің де аз болғаны дұрыс. Осы факторлар қосылғанда бағаланбаған акциялар қайсысы екені анықталады. Ерте ме, кеш пе құны дұрыс бағаланбаған мұндай акциялар тиісті бағасын алады делінеді. Сол арқылы инвестор табыс табады. Әлбетте, қоржыныңыз тек осындай акциядан болмауы керек. Себебі ұзақмерзімді портфель қалыптастырған кезде потенциалы жоғары компанияның бағасы әділ бекітілген акцияларын алуға әбден болады. Ал енді бағасы шектен тыс өсіп тұрған акцияларға алған кезде асықпаған абзал. Құны түскенін күтіңіз.
Есте ұстайтын жайттар Қандай акцияны сатып алсаңыз да, диверсификация жасау керек екенін ұмытпаңыз. Яғни портфеліңіз түгел 1-2 акциядан тұрмауы керек. Әр түрлі елдің, түрлі компанияның активтерін салып қойыңыз. Валюта да бірдей болмасын. Алда-жалда бір жағдай бола қалса, барлығы бірдей құлдырып кетпес үшін осындай әртараптандырып жасаған дұрыс. Кризистен қорғануды ойлаңыз. Портфеліңізге акцияларды ғана сала бермеңіз. Тіпті ең мықты акцияларды алып қойсаңыз да, сақтансаңыз, сақтайды. Сондықтан акциядан бөлек, облигациялар, алтын және басқа да құралдарды қолданған жөн. Акцияны таңдағанда бас қатып кетсе, олардың түрлі көрсеткіш бойынша салыстыруға мүмкіндік беретін скринер сервистерін қолдануға болады. Олар құнды қағаздарды демде сорттап береді. Қалауызға қарай сауда көлемі, компания капитализациясы, дивидендтер, мультипликаторлар бойынша тізімдеңіз.