Жаңалықтар

Смартфоннан электромобильге дейін: Қытайлық Xiaomi алғашқы электромобильді сатылымға шығарды

Xiaomi алғашқы электромобильді сатылымға шығара бастады / shutterstock

Қытайдың Xiaomi корпорациясы өзінің алғашқы электромобилін сатылымға шығара бастады. SU7 маркалы электр көлігінің конфигурациядағы бағасы 29 900 АҚШ долларын  құрайды. Бұл туралы ВВС сайты хабарлады.

Технологиялық алпауыт корпорацияның бас директоры Лэй Цзюнь стандартты SU7 моделінің бағасы 215 900 юань, (29 872 АҚШ доллары; 23 663 Фунт стерлинг), ал  максималды нұсқасы 299 900 юань тұратынын айтты. 12 наурыз күні корпорация SU7 сатылымының басталғанын жариялағанда, Гонконгтағы Xiaomi акциялары 12%-ға қымбаттаған.

Жол талғамайтын көлік Tesla-ға қарағанда жылдамдақты тез үдетуге қабілетті «суперэлектр қозғалтқыш» технологиясына ие. Сарапшылардың айтуынша, Xiaomi танымал телефондары мен басқа да электрондық құрылғылары бар автомобильдің жалпы операциялық жүйесі компанияның тұрақты клиенттеріне ұнайды.

Компания сатылымның алғашқы 27 минутында 50 000-нан астам тапсырыс алғанын айтады. Дегенмен Xiaomi-дың электромобиль нарығына шығуы дүние жүзінде сатылым қарқынын бәсеңдетіп, баға соғысын тудырды. Технологиялық алпауыт компания Tesla және BYD сияқты электромобильдердегі бәсекелестерін ығыстыруды көздейді. Қытайдағы Tesla Model 3-тің бастапқы бағасы – 245 900 юань.

Компанияның негізін қалаушы Лэй Цзюнь Porsche Cayman және Panamera-мен салыстыратындарға SU7 кем дегенде 700 км (435 миль) қашықтыққа ие болатынын айтты. Бұл Tesla Model 3-тің 567 км-нен асып түседі.

«Менің ойымша, біз Model 3 пайдаланушыларына жақсырақ өнімді ұсына аламыз», – деді Лэй Цзюнь.

Алдағы 10 жылда Xiaomi электромобильдер өндірісіне 10 млрд доллар инвестицияламақ

Көліктер жылына 200 мың көлік шығаруға қабілетті BAIC Group мемлекеттік компаниясының Бейжіңдегі зауытында шығарылады. Алдағы 10 жылда Xiaomi электромобильдер өндірісіне 10 миллиард доллар инвестициялауды көздеп отыр.

«Қытайдың электромобильдер нарығы өте жетілген және электромобиль өндірушілері үшін өте тұрақты экожүйені жасайды», – деді Rystad Energy зерттеу фирмасының өкілі Абхишек Мурали.

Counterpoint зерттеу компаниясының мәліметі бойынша, Xiaomi нарық үлесі шамамен 12% болатын әлемдегі үшінші ірі смартфон сатушысы болып табылады. Алайда Xiaomi өзінің негізгі бизнесін электромобильдерге қарай әртараптандыруға ұмтылуда, өйткені смартфондарға сұраныс бәсеңдей бастаған.

AFP агенттігі Rystad Energy зерттеу компаниясының деректеріне сілтеме жасап мәлімдегендей, өткен жылдың желтоқсан айында дүние жүзінде сатылған барлық жаңа электромобильдердің 69%-ы Қытайға тиесілі болды.  Биылғы жылы сарапшылардың болжауынша, сатылған 17,5 миллион автокөліктің 11,5 миллионы немесе 65% – ы Қытайдың үлесіне тиеді.

Бұған дейін Қытайдың электроника өндірушісі Xiaomi Corp өзінің алғашқы электромобилін таныстырғаны туралы хабарлаған едік. Компания алдағы 15-20 жылда әлемдегі жетекші автоөндірушілердің бірі болуға ниетін білдірді.

«SU 7 (Speed Ultra) деп аталатын бес орындықты седан бір батареядығы заряды 800 шақырымға дейін жетеді. Электромобиль бір сағатта 265 км жүре алады», -деді Xiaomi басшысы Лэй Цзюнь.

Su7 батареяларын Қытай нарығының көшбасшылары Contemporary Amperex Technology және BYD Co кәсіпорындары шығарады.

«Xiaomi-дің мақсаты – Porsche және Tesla сияқты көліктер шығару», – деді Лэй Цзюнь.

Компания алғаш рет электромобильді 2021 жылы шығару жоспарын жариялаған болатын. Бірақ екі жылда Қытайдағы реттеуші ландшафт, сондай-ақ нарықтағы бәсекелестік деңгейі айтарлықтай өзгерді.