Су тасқыны: Қазақстанның бірнеше елдімекеніне газ беру тоқтатылды
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ су тасқынына байланысты Қазақстанның бірнеше елдімекеніне газ жеткізуді уақытша тоқтатты. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.
Тиісті ведомство әр өңірде жедел штабтар құрылып, тасқынмен күрес жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Әсіресе, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарындағы жағдай күрделірек.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары 28 наурыз күні Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Бірлік және Шалқар ауданының Шетырғыз ауылдарындағы еріген қар суының тасқынына байланысты қауіпсіздік мақсатында 100-ге жуық үйді уақытша газдан ажыратқан еді. Қазіргі уақытта барлық үй жедел түрде газға қайта қосылды»,– делінген Энергетика министрлігі таратқан хабарламада.
Министрлік мәлімдегендей, Ақтөбе қаласында Елек өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты «ЭКО», «Көктем», «Актюбрентген 16», «Саяжай», «Эколог 1», «Алтын күз», «Электрик», «Терек 3», «Зеленострой», «Рассвет-Орман Шаруашылығы» бау-бақша ұжымдары су астында қалған. Бүгінгі таңда тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, 693 үй мен 22 газ тарату шкафы газбен жабдықтау тоқтатылды.
«Сондай-ақ Ойыл өзенінің арнасынан асуына байланысты Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал, Жаңабаз, Екпетал ауылдарындағы 230 тұрғын үй мен 2 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын көгілдір отыннан ажыратылды. Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Анқаты елдімекенінде тасқын су бөгетті алып кеткен. Мұнда да қауіпсіздік мақсатында 12 екі пәтерлі үйге (24 тұтынушы) уақытша көгілдір отын беру тоқтатылды. Жауын-шашынның көп түсуі, еріген судың күрт артуы және Шыңғырлау өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсу кентінде су тасқыны орын алды. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі сәтте кенттің 112 тұтынушысына газ беру уақытша тоқтатылды», – деп хабарлады министрлік.
Сонымен қатар облыстағы Қаратөбе ауданының Жақсыбай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан бөгет бұзылып, Қоржын ауылын су басуда. Ондағы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін 90 жекеменшік үй шұғыл жағдайда газдан ажыратылды. Су тасқыны жүріп жатқан жерлердегі уақытша газдан ажырату шаралары тек қауіпсіздік мақсатында ғана жүзеге асуда. Газбен қамтамасыз етумен байланысты кез-келген төтенше жағдайға шұғыл әрекет ету үшін тәулік бойы жұмыс жасайтын авариялық- диспетчерлік қызмет қосылған. Азаматтар 104 нөмірі арқылы шұғыл көмек пен кеңес ала алады.
Сондай-ақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлері авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылған.
Өңірлердегі жағдай
Айта кетейік қазіргі уақытта Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 439 жеке тұрғын үй, 334 аула аумағы және 75 саяжай үйі су астында қалып отыр. Сондай-ақ республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдардағы 24 автожолды су шайды және 84 жол төсемі арқылы су жүрді. Бүгінгі таңда еліміздің 7 өңіріндегі 26 елді мекенде көлік қатынасы үзілген.
Азаматтық қорғау қызметтерімен 4 733 адам, оның ішінде 1 686 бала құтқарылды және эвакуацияланды. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 2 992 адам, оның ішінде 1001 бала орналастырылған.
Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс мининистрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұланның әуе кемелерімен 586 адам, оның ішінде 216 бала құтқарылды.
ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 2,5 млн. астам текше метр еріген қар суы сорылды, 162 мыңнан астам қапшық және 33 мың тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 6000-нан астам адам және 3000 бірлік техника мен 12 әуе кемесі жұмылдырылды.
Өңірлердегі су тасқынына байланысты ТЖМ-мен арнайы жиын барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынына кінәлі лауазымды тұлғалар тексерілетінін айтқан болатын.
«Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Мен бұл мәселені Бас прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Бірқатар өңірде ТЖ режимі жарияланды. Менің бірінші орынбасарым Роман Васильевич Скляр ең қатты зардап шеккен өңірлерде жүр», –деді Олжас Бектенов.