Технология саласында төңкеріс жасап жатқан жасанды интеллектіні контент ретінде қолдану 2024 жылы көбеймесе, азая қоймас. Әрі әлеуметтік желілер де жаңа трендтерге ілесіп, өз өнімдерін, жаңартуларын енгізіп жатыр. Олай болса, бизнесіңізді әлеуметтік желі құралдары арқылы биыл қалай дамытуға болады? Соған тоқталайық.
Қысқа да нұсқа видео: бұл формат несімен ерекше?
Былтыр қысқа видеолар көпшіліктің көңілен шықты. Сол қарқын әлі де жалғасуы мүмкін. TikTok, Instagram Reels және Youtube Shorts көш бастай береді. Демек, осындай шорт формат аса маңызды, оны елемеуге болмайды деген сөз. Визуал сторителлиң мен креативке баса мән беру керегін ұғындырды. Бірнеше секунд ішінде фоллоуерді ұстап қалып, қызмет пен тауар сатуды бизнес иелері түсініп келеді. Соған қарай бейімделіп, нарықта жаңа эксперттер — TikTok маманы, рилсмейкерлер пайда болды. Әлеуметтік маркетиңнің ең маңызды бөлігіне айналды. Аудиториямен эмоциялық байланыс орнатып, брендке деген адалдықты арттыруға үлес қосты.
Дижитал технологиямен кіндігі байланып туған жаңа дәуір ұрпақтары әлеуметтік желілердің әрмен қарай да қатты қарқын алуына әжептәуір үлес қосады. Generation Z болсын, альфа ұрпақ болсын аутентика, креатив, юник қасиеттерді бағалайды. Сондықтан бизнес иелері бұрынғы стратегияларын қайта қарап, бейімдеуі керек. Оның ішінде өзгеше әрі интерактив формат қосу қажет болады. Әлеуметтік желідегі парақшаларды былай қойғанда, кәсіби алаң саналатын LinkedIn де өзгерістерге адаптация жасап жатыр. Оның контентіне жеке тақырыптар қосылды. Сол арқылы қолданушылармен тығыз байланыс орнатпақ екен. Осы сынды өзгерістер брендтер мен маркетологтарға жұмысын өрлетуге керемет мүмкіндік сыйлайды.
SEO, SEO және тағы да SEO
2024 жылы іздеу жүйесін оңтайландыру тіпті ауадай қажет. Себебі ол әлеуметтік медиада жаңа қарқын алып келеді. Олай дейтініміз, кейінгі кездері әлеуметтік желі парақшалары контент қарап қызықтайтын алаңнан гөрі ақпарат, тауар, қызмет іздейтін жерге айналып жатыр. Сондықтан SMМ-стратегия жасаған кезде осы SEO мәселесіне баса мән беру керек. Қазір қолданушылар іздеген затын Google-ға салып емес, Instagram-нан іздейтін болған. Демек компаниялар мен маркетологтар осыны ескеріп, компаниясының қызметі жайлы жазғанда бренд бірден көзге түсетіндей қылып дайындауы керек. Қазір алгоритмдер хештегті ғана емес, аккаунтты қаншалықты танымал, беделді болғанын да есепке алатын болған. Сол себепті жоспар жасағанда іздегенде атып шығатынын да, әр әлеуметтік желіге өз контентін жасау керегін де ескеру қажет.
Аутентика сәнге айналды
Биылғы трендтердің тағы бірі — шынайылық. Яғни сырт көзге «шикі» көрінетін, монтаж қолданылмаған, тікелей эфирде болған контенттің маңызы артып келеді. Осыған қарап, аудиторияның фильтрмен сәнделген, әбден қырқылған контенттен жеріп, шынайы болмысты бағалайтынын түсінуге болады. Аудитория ауқымын кеңейту үшін биыл видео салып қана қоймай, оның астына субтитр қоюды ұмытпау керек. Сонда әлгі видеоңыз әлеуметтік желіде жақсы таралады. Біреу телефон дыбысын қоса алмайтын жағдайда болып жатуы мүмкін, енді бірі мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін. Осы сынды факторларды ескеріп, барлығына бірдей өтімді, инклюзив форматты ұстанған жөн.
2024 жылы жарнама да көбейеді. SMM-нің басты тренді деп оригинал контент жасауды, блогерлермен коллаборацияларды айта аламыз. Былтыр брендтер мұның маңызының шет-жағасын байқады. Биыл тіпті үдете түседі. Себебі натив жарнаманың күші қандай мықты екені дәлелденді. Бар болғаны серіктес таңдағанда қателеспесеңіз болды. Бұл стратегияны қазақстандық брендтер жақсы қолданып жүр. Тікелей емес, жанама жарнамалауды үйреніп келеді. Осы тенденцияны байқаған әлеуметтік алаңдар коллаб жасалғанда екі тараптың да парақшасында тұра беретіндей кросс-постиң қосты. Әлеуметтік серіктес деп арнайы жобалар жасап, байқаулар мен интерактивтерді бірлесіп өткізуді айтамыз. Оригинал контент молайған сайын серіктестік де нығаяды.
Әлеуметтік жауапкершілік артады
Брендтер өнімін сату үшін осы әлеуметтік коммерцияны пайдаланады. Блогерлермен бірлескен серіктестіктен бөлек, тауар мен қызметті сол жерде-ақ сатуды айтып отырмыз. Айталық, сіз контент қарап отырсыз, жарнамасы өтті ме — бір батырманы басып-ақ сатып ала саласыз. Instagram, TikTok және Facebook сынды желілер сауда барынша ыңғайлы болсын деп барын салып жатыр. Бұл — бизнеске орасан мүмкіндік. Әрі екінші жағынан этика мәселесі де маңызды бола бастайды. Брендтерге бұл үлкен сынақ болайын деп тұр. Себебі тұтынушыларда қазір ақпарат көп, талап та артады. Демек, сатудан бөлек, бизнес иелерінде әлеуметтік жауапкершілік көтерілуі қажет деген сөз. Қызметін эко әрі этика тұрғысынан дұрыс жүргізіп үйренуі керек. Өтірік мақтап сатып жібергендердің беті ашылады. Ондайға жеткізбес үшін мойынға жауапкершілік алу керек болады. Әлдебір тауарды алдап сатсаңыз, ертең-ақ сол жайлы видео-пікір шығып қалуы мүмкін. Әлеуметтік желі алгоритмі өзгергелі минимум оқырманмен де миллион қаралым жинауға болады.
Жасанды интеллект қолданатындар көбейеді
Әлеуметтік мониториң мен маркетиңді автоматтандыру үшін AI қолдану қалыпты жағдайға айналады. Демек, биылдан бастап әлеуметтік медиа стратегияларында жасанды интеллект оның айнымас бөлшегі болады деген сөз. Ол қалай? AI үлкен көлемдегі деректерге анализ жасауға мүмкіндік береді. Сол арқылы аудиторияның әрекеттеріне қатысты терең инсайттар анықтайды. Осылайша маркетиңдік кампаниялар ұйымдастыру жеңілдей түседі. Таргет аудиторияны жаңылмай табуға болады. Әлеуметтік желіде бренд туралы кім не айтқанын қадағалап отыруға болады. Бұл болса маркетологтардың оң жамбасына келеді.
Одан қала берді, имидж қалыптастыру, видео мен контент жасау үшін де жасанды интеллект қолданатындар көбейеді. Осы арқылы біраз процесс автоматтандырылады. Контентті жасаудан бастап жариялауға дейін, жарнама кампанияларын ұйымдастырудан аудиториямен қарым-қатынас жасауға дейін жеңілдейді. Осылайша лоялдық арта түседі. Әрі конверсия жақсарып, осынау дижитал әлемде брендтердің бәсекесін қыздырады. Айтпағымыз, 2024 жылы жасанды интеллек жай тренд емес, кәдімгі қажет құралға айналады.
Геймификация мен интерактив контент те маңызды
Байқасаңыз, кейінгі кездері Mobile First тенденциясы байқалып келеді. Яғни қолданушылар іздеу керек кезде бірінші мобайл құрылғыдан қарайды. Осы трендке интерактив контент пен геймификация да қосылып, нығая түседі. Бұл тенденциялар қолданушылардың белсендірек бола түсуіне әрі мобайл платформалардағы контенттерді оңтайландыруға бағытталады. Оның ішінде ең қарапайымы — сауалнамадан бастап, фидбек беретін өзге де құралдар қолданылатын болады. Соның арқасында контент қызық әрі есте ұзақ қалады. Өз мобайл стратегияларына интерактив пен геймификация қосқандар озады.
2024 жылы аудитория жалпыға бірдей емес, әрқайсысына жеке бағытталған контентті көбірек қалайтын болады. Бизнес иелері де солай бағыттайды. Осы арқылы екі ортада терең байланыс орнайды. Әлеуметтік жауапкершілігі бар екенін көрсетсе, ұтады. Деректерге анализ жасау арқылы брендтер қолданушылардың қызығушылығын да дөп басатын болады. Соған қарай персонал контент жасайды. Ал ол болса, лоял клиент санын арттырады. Бұл жерде персонализация, эмоциялық байланыс маңызды. Осыны ескергендердің саудасы ғарышқа ұшады.
Кеңейтілген реалити: XR, VR және AR
Осы технологиялармен интеграция жасай білгендер де ұтады. Өйткені бұл маркетиң мен әлеуметтік медиадағы басты трендтің бірі болады. Мысалы Apple Vision мен оның баламалары шықты. Бұл сәнді қазақстандықтар да іліп әкетіп жатыр. Бизнес иелері осы кеңейтілген реалити технологияларын пайдаланып виртуал интерактив дүкендер мен іс-шаралар жасай алады. Одан қала берді ағарту, ойын-сауық бағытындағы контент дайындауға да болады. Нәтижесінде аудитория белсенді бола түседі, эмоциялық байланыс та нығаяды. Сарапшылар инновациялық жарнама кампаниялары осы AR-технологиялар арқылы жасалады деп отыр. Мысалы дүкенге бармастан киімді киіп көру мүмкіндігін іске қосуға болады.
2024 жылы әлеуметтік медиа мен маркетиңде виртуал инфлюенсер мен дижитал кейіпкер көбейеді. Соның арқасында дженератив дизайн мен анимация технологиялары дами түседі. Компьютер графикасының көмегімен жасалған виртуал образдар аккаунтарын ашып, блог жүргізіп, жарнама кампанияларына қатыса бастайды. Осы арқылы брендерге елден ерек болатын мүмкіндік сыйлайды. Ондай кейіпкердің пайдасы көл-көсір: хабарламаларды толық бақылауда ұстай аласыз, тәуекел жоқтың қасы.
Интерактив және иммерсив іс-шаралар
Мұндай оқиғалар ұйымдастыру арқылы әлеуметтік желі жаңа деңгейге шығады. Осылайша жаңа тренд пайда болады. Сол жерде қатысып отырғандай әсер беретіндіктен, брендтер бұл құралды пайдаланып аудитория тарта алады. Мұндай іс-шарада онлайн конференциялар да, виртуал концерттер де болады. Ол үшін аудио және видео эффектілер қолданылады. Осылайша брендтер танымал бола түседі. Басқа қалада не елде тұратындарға мұндай мүмкіндік сыйлай алса, бизнес иесіне деген құрмет шарықтамай ма? Бұл дегеніміз осындай интерактив, иммерсив іс-шаралар SMM-дегі креатив пен инновацияға жол ашады деген сөз. Өзгелерден ерекшеленіп, есте қалуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге әлеуметтік кеңістікті өз ыңғайына қарай реттеп алатын тенденция байқалады. Қолданушылар қазір не көргісі келетінін сорттап, түнгі уақытта хабарламалар келіп мазаны алмас үшін үнсіз режим қолданып, іздегенде оңай табылсын деп папка ашып қоятын болған. Бұл дегеніміз өзіне маңызды контентті ғана алып, ақпарат ағынына фильтр жасайды деген сөз. Осыны брендтер іліп әкете алады. Әлеуметтік желіде парақша ашып қана қоймай, қолданушылардың персонал әлеміне жол табуы керек. Демек, маркетологтар осы бағытта біраз терлеуі керек болады. Аудиторияның қызығушылығын, қалауын ескеруді үйрену қажет. Контент ұсынғанда осы сынды талап-тілектерді тыңдағанда ғана лоял клиент табады.