Көкшетау әкімдігі су тасқынын болдырмауға 49,5 млн теңге жұмсаған
Қала әкімдігі биыл ақпан айында су тасқынына қарсы жұмыстар үшін бір жылдық келісімшарт жасасып, оған 49,5 млн теңге жұмсаған.
«Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі 2023 жылғы желтоқсанда су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу жөніндегі қызметтерді атқаруға ашық конкурс жариялаған. 2024 жылғы ақпанда бұл қызметтерді орындауға «КөкшеТазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ие болған.
Мекеме мен ЖШС арасында құны 49 млн 441 мың теңге болатын келісімшарт жасалды.
Келісімшарттың техникалық сипаттамасы бойынша «КөкшеТазалық» ЖШС мынадай қызмет атқаруға міндетті болған:
- жинағышта инертті материалды (ұсақ тас немесе ірі құм) дайындау – кемінде 10 000 м3.;
- 10 000 қаптан кем емес қаптағы инертті материалды (бөліктерді) дайындау (30 кг кем емес);
- қаланың барлық көше-жол желісінде еріген судың кедергісіз өтуі үшін көктемгі және күзгі су тасқыны кезінде жолдар мен тротуарлардың, науалардың, өткелдердің, су өткізу құбырларының қиылыстарында нөсерлік кәріз камераларын ыстық сумен жуу;
- Көкшетау қаласының аумағынан су басу жерлерінен күн сайын қар шығару;
- Қылшақты, Шағалалы өзендерінің арналарына, Қопа көліне, су басу және су тасқыны кезеңінде учаскелерге тексеру жүргізу, судың көтерілу деңгейін бақылау;
- алдын ала, су тасқыны басталғанға дейін Қылшақты өзенінің арнасын т/ж көпірінен Қопа көліне дейін, көлемі 10 000 ш/м2 болатын өскіндерді шабу, тазарту және еріген суларды өткізу үшін көпірдің алдындағы өзен арналарын дайындау.
Көкшетауда өзен тасып, су басқан
Осыған дейін Көкшетауда өзен тасып, 8 жеке үй, 28 жеке аула аумағы және 7 көпқабатты тұрғын үй ауласын су басқан еді.
150 метр жер нығайтылды, 280 тонна инертті материал құйылды. 110 м каналдар мен арықтар кеңейтілді және тереңдетілді. 310 қап төселді. Еріген судың 1000 м.3-тен астамы айдалды.
Қылшақты өзені қайта тасыған
Өткен жұмада ТЖМ Көкшетаудағы Қылшақты өзеннің суы қайтадан тасығанын хабарлады.
Өзен суы тасығандықтан, 16 жеке үйді, 29 жеке аула аумағын және 12 көп қабатты тұрғын үй ауласын, «Ертөстік» балабақшасының 1-қабатын су басты.
Сол күні 150 м жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 280 тонна инертті материалдар төселді. 111 адам эвакуацияланды, оның ішінде 30 бала бар.