Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыстың оңтүстік аймақтарында су тасқыны қайталануы мүмкін деп болжап отыр.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша 2024 жылғы 31 наурыздан бастап Қостанай облысының аумағында ауа температурасы күндіз +20 градусқа дейін көтеріледі. Аптаның ортасында түнде облыстың солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауады.
«Осыған байланысты Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыстың оңтүстік аймақтарында су тасқыны қайталануы мүмкін деп болжап отыр. Оған қоса облыс орталығы мен солтүстігінде күрделі су тасқыны болуы мүмкін. Қарасу, Әулиекөл, Наурызым, Қамысты, Сарыкөл, Алтынсарин, Меңдіқара және Ұзынкөл аудандарына қауіп төніп тұр», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Ресей Федерациясынан ірі өзендер бойымен су келуі мүмкін. Су ағыны өте жоғары, Жітіқара, Денисов, Қостанай, Қарабалық, Федоров аудандары мен Бейімбет Майлин ауданына қауіп төніп тұр.
Қарағанды облысының 250 тұрғыны пойызбен эвакуацияланды
Су тасқыны салдарынан Қарағанды облысының 250-ге жуық тұрғыны жолаушылар пойыздарымен эвакуацияланды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Ауа райының нашарлауына және қардың қарқынды еруіне байланысты биыл 30 наурызда «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қарағанды облысының 250-ге жуық тұрғынын эвакуациялауды ұйымдастырды. Кеше республикалық маңызы бар «Екатеринбург-Алматы» тас жолына шектеулер енгізілген болатын.
«Тұрғындарды тасымалдауды қамтамасыз ету үшін «Қарағанды-Балқаш-2» бағытындағы №8801/8802 жолаушылар пойызы бір рейске шықты. Сондай-ақ «Қарағанды-Балқаш-2» бағытындағы №605/606 жолаушылар пойыздарына екі бағытта бір рейске қосымша вагондар қатынайды», – делінген хабарламада.
Қарағанды облысының тұрғындарын эвакуациялау 31 наурыздың соңына дейін жалғасады. Анықтамалық ақпаратты «1433» тегін нөмірі арқылы алуға болады.
Айта кетейік, ТЖ аймақтарынан барлығы 11 306 адам эвакуацияланды.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.
Республикалық штабтың су басуға қатысты ақпараты мынадай:
- Төтенше жағдай жарияланған аймақтардан барлығы 11 306 адам эвакуацияланды.
- Уақытша орналастыру бекеттерінде 5 456 адам бар.
- Су шайып кеткен 40 автожолды, көпірді және 39 жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары бақылауға алынды.
- Көлік қатынасы тоқтап қалған елді мекендермен байланыс орнатылып, әкімдіктер азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажет қорын дайындады.
- ТЖ аймақтарындағы халыққа көмек беру тәулік бойы, оның ішінде әуе кемелерінің көмегімен жүзеге асып жатыр.
- Жұмысқа 7 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам техника, оның ішінде су айдау құралдары, жүзу және әуе кемелері тартылды.
- Су қоймалары мен өзендердегі жағдайға мониторинг жүргізіліп жатыр.
- Қазіргі уақытта Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартас су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп тұр, белсенді түрде су жіберу жүзеге асып жатыр.
- Қарғалы су қоймасы жинақтау режимінде тұр.
- Әкімдіктер су тасқынының қаупі жоғары өңірлерде алдын алу шараларын жүргізіп жатыр.
- Қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдар жіберіледі.
ТЖ салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мен жаңа үй салуға ҚР Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінетін болды. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.