Жаңалықтар

100 пайыз акциясы мемлекетке сыйға тартылған Phystech II компаниясы 2023 жылға дивиденд төлемейді

Phystech II
коллаж: kursiv.media

Былтыр акционерлері 100 пайыз акциясын мемлекетке сыйға тартқан Phystech II компаниясы 2023 жыл үшін дивиденд төлемейді. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы сайтында жазылған. Компания Маңғыстау облысында геологиялық барлау және мұнай-газ өндірісімен айналысады.

Мұндай шешім компания акционерлерінің жылдық жалпы отырысында шығарылған. Жиын барысында сонымен қатар компанияның жылдық есебі бекітілген. Қаржы есебіне сәйкес, компания 2023 жылы 2,4 млрд теңге шығынға батқан. Ал 2022 жылғы шығыны 4,6 млрд теңгені құрапты. Яғни компания бір жылда шығын көлемін 2,2 теңгеге қысқарта алған.

Аудиторлар компания шығынының көптігі оның қызметін жалғастыра аларына аздап күдік ұялататынын жазады. Алайда компания басшылары мен акционерлері 2024 жылы ірі шығын болмайды деп болжап, биыл компанияның қаржы жағдайы жақсарады деген үмітте.

Өйткені 2023 жылдың қыркүйегінде Қоғаммен байланысты тараптар 31, 6 млрд теңге қарызды есептен шығарып, сондай-ақ банктен алған қарызы толығымен өтелген. Одан бөлек, Қоғам акционерлері компанияның жарғылық капиталын 13,6 млрд теңгеге толықтырған

Бір жыл ішінде компания активтері 26,7 млрд теңгеден 25,8 млрд теңгеге дейін қысқарған. 2022 жылдың соңындағы 13,9 млрд теңге тапшы болған жеке капиталы былтыр 21,5 млрд теңгеге жеткен. Міндеттемелер 10 есе азайып, 40,6 млрд теңгеден 4,3 млрд теңгеге дейін түскен.

Phystech II компаниясының тарихы

Phystech II компаниясының негізі 2015 жылы Ақтау қаласында қаланған. Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражамбас кен орнында мұнай өндірумен айналысады. Қазіргі бас директоры – Байжалиев Ернар Берікбайұлы. Компанияның 99,28 пайызы -«Қазстройпроект-А» компаниясына, 0,72 пайызы Қайрат Боранбаевтың иелігінде. Ал «Казстройпроект-А» ЖШС Розыбакиев Білімжан Иманжанұлына тиесілі.

Аталмыш компанияның акцияларының басым пакетін 2022 жылдың желтоқсанына дейін «Қазтурборемонт» компаниясы арқылы Қайрат Боранбаев иеленген.

eGov мәліметтері бойынша, «Қазтурборемонт» холдинг компаниясы» ЖШС 2009 жылы тіркелген. Құрылтайшылары – Асхат және Талғат Өсеровтар. Компания «басқа жерде жіктелмеген басқа теңшелген қызметтерді ұсынумен» айналысады.

Қазіргі кезде Phystech II компанияның жарияланған жай акцияларының жалпы саны – 18,5 млн дана. KASE дерегі бойынша, соның ішінде 13,7 млн жай акциясы қор биржасына орналастырылған Компанияның орналастырылған акцияларының 99,28 %-ын «Қазстройпрект-А» ЖШС иеленеді.

Phystech II АҚ акционерлері 2023 жылдың қазан айында компанияның 100 пайыз жай акциясын мемлекетке өтеусіз сыйға туралы шешім шығарған. Бұл акциялардың жалпы құны 35,4 млрд теңгені құрады. Акциялары толық мемлекетке сыйға тартылады делінгенмен, қаржы есебіне сүйенсек, келісім әлі жүзеге аспаған көрінеді.

Дәл сол кезде  мұнай компаниясына мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамағаны үшін айыппұл салынды. Нәтижесінде мемлекетке 1,2 млрд теңгеге залалды өтеп, экология және еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 70 млн теңгеге айыппұл төлеген.

2022 жылдың желтоқсан айында Lada басылымы «Phystech II» АҚ-на тиесілі «Қаражамбас Северный» кен орнының мұнайшылары жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етіп ереуілге шыққанын жазған. Айтуларынша, олар 112–180 мың теңге алып келген. Бұған жауап ретінде компания басшылығы мұнайшылардың орташа жалақысы 212 мың теңге екенін айтып, жұмысшыларды сотқа береміз деп қорқытты. Кейін сот ереуілді заңсыз деп танып, компанияның шағымын қанағаттандырды.