«Кез келген жазаны қабылдауға дайынмын»: Бишімбаев сотта жауап беріп жатыр

Жарияланды
Фото: Асқар Ахметуллин

Қуандық Бишімбаев сотта жауап беріп жатыр. Сотталушы марқұм Салтанат Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.

«Кінәм жоқ» немесе «айыпты мойындамаймын» деген мәлімдемемді түсіндіргім келеді. Мен әйелім Салтанатты аса қатыгездікпен, мақсатты түрде өлтірді деген айыпты мойындамаймын. Мені жек көруге, қарғауыңызға болады. Жаратқанның алдында, сіздердің де алдыңызда жауап беруге дайымын. Салтанатты жақсы көрдім. Оның өліміне қатысым бар екенін мойындаймын. (…) Кез келген жазаны қабылдауға дайынмын, бірақ өзімді қорғауым керек», – деді Бишімбаев.

29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы – қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Айтбек Амангелді тараптардың сұрағына жауап берді. Сот барысында Амангелді қарындасының қазасы туралы қашан естігенін айтты.

8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні Салтанат Нүкенова ағасына түнгі он екі шамасында ағасына хабарласқан. Ағасының пәтеріне келетінін айтқан.

«2:05-те қайта хабарластым, бірақ жауап бермеді. Қай жерде екенін қараған кезде Гастро орталықта екенін көрдім. Түнгі екіде жанындағы ғимаратта екенін көрдім, қонақүйге тоқтаған екен деп шештім. Таңертең тұрып, «қайдасың?» деп сұрадым. Ол уақытта ұйықтап жатыр деп ойладым. Әрі қарай жұмысқа кеттім, таңғы 7-де жіберген хабарламаны оқығанын көрдім, бірақ кейін жауап беретін шығар дедім. Үйге 4-5 шамасында келдім. Сегіз шамасында Салтанаттың құрбысы хабарласып, «шын ба?» деп сұрады. «9 қарашада Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтірді» деген хабарламаны жіберді. Оқып, «жоқ, жалған» дедім. Салтанатқа хабарласа бастадым, бірақ ол көтермеді. Телефоны қай жерде екенін қарадым, Тұран көшесіндегі үйінде екенін көрсетті. Қуандық, Бақытжанға, басқа да туыстарына хабарласа бастадым, ешкім жауап бермеді», – дейді Айтбек Амангелді.

Артынша жәбірленуші полицияға хабарласып, қарындасы үшін алаңдайтынын айтқан. Сол сәтте полиция ақпаратты растаған.

Іс туралы

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.

Айта кетейік, Күдікті Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ, Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

9 қаңтарда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасына жазған болатын.

Осыған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі өзінің жұбайы Салтанат Нүкенованың өлімін «жазатайым оқиға» деп санайтынын жазған едік. Бұл туралы оның адвокаты Назкен Құсайынова Elmedia YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.

Адвокат Салтанат Нүкенованың созылмалы субдуральды гематомамен бір ай бойы зардап шеккенін айтады. Ол туралы Бишімбаевтың өзі де, Нүкенованың өзі де білмеген болуы мүмкін екенін атап өтті. 

Ал 11 наурызда өткен сотта Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Бірақ бұл айыптармен келіспеген ол істі алқабилердің қатысуы және ашық режимді қарауды сұрады.

«Айыптау актісі түсінікті. (Тағылған) айыпты мойындамаймын”,– деді Бишімбаев.

Сондай-ақ оқыңыз