Ұлттық банк сәуір айында Ұлттық қордан сатылатын валюта көлемін арттырмақ
Ұлттық банк наурыз айында Ұлттық қордан 748 млн АҚШ доллар сатқан. Ал сәуір айында сатылатын валюта көлемін 1-1,1 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Яғни қордан алынатын қаржы көлемі үштен бір есе артпақ. Валюта сатуда түскен қаражат республикалық бюджетке трансферт ретінде түседі.
Бас банктің валюта нарығы туралы хабарламасында валюта Үкіметтің алдын ала болжамды өтініміне сай сатылатыны жазылған.
«Республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы сәуірде Ұлттық Банк Ұлттық қордан 1 млрд АҚШ долларынан 1,1 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді», – делінген хабарламада.
Наурыз айында теңге бағамы 0,9%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары 446,77 теңгені құраған. Қазақстан қор биржасында бір айдаға сауда-саттық 3,8 млрд АҚШ долларына тең болды. Соның ішінде 19%-ын Ұлттық қордан сатылған валюта құраған.
«Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», – деп хабарлайды ҰБ.
Өткен айда Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін биржадағы сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 13%-ын құрады. Сәуір айында да осы мөлшерде валюта сатып алу көзделген.
2024 жылдың қаңтар айында бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін 1,05 млрд АҚШ долларына тең валюта сатылғаны белгілі. Қордан сатылған валюта үлесі сауда-саттық көлемінің 29%-ын құрады.
Ал ақпан айында қордан 609 млн доллар сатылған еді. Одан түскен қаржы республикалық бюджетке трансферт ретінде жұмсалды. Бұл айда Ұлттық қордан сатылған валютаның үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 16%-ын құраған. Сатылым көлемі күніне 29 млн доллардан аспаған.
Яғни ақпан-наурыз айларында қордан салыстырмалы түрде валюта аздау сатылған. Наурыз айында оның көлемі қайта көбеймек.
Жалпы, 2024 жылы бюджетке Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге бөлінбек. Кепілдендірілген трансферт мөлшері – 2 трлн теңге. Заңмен кепілдендірілген трансферттерден бөлек, қордан жыл сайын нысаналы трансферттерге де қаражат бөлінеді. Биыл 1,6 трлн теңге республикалық ауқымдағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ.