«Қаржылық және саяси шығындар орасан зор»: Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен халықтың шығыны толық өтелетінін айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетуді тапсырды. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысы пайдаланылмақ. Мемлекет басшысы су тасқынына қатысты Үкіметке қойылатын талап та қатаң болатынын ескертті. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Президент су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізген.
«Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесіне Үкімет назарын аударды.
«Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Тиісті шаралар, негізінен, жағдай орын алғаннан кейін немесе толыққанды болжам жасалмай қабылданады. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет. Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс. Айтпақшы, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкімдері жазғы маусымға да дайын болуы қажет. Өрт немесе басқа да табиғи апаттардың болуы әбден мүмкін. Қазіргідей қамсыз отырмай, алдын ала әрекет ету керек. Су тасқынын көргенде, көктен түскендей абдырап қалдыңыздар. Осы ретте еліміздің шығыс өңірлеріндегі су тасқынын модельдеу жөніндегі ТЖМ мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдануға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, әкімдіктер еріген қар суын елді мекендерден өзен арналарына немесе тоғандарға бұру жұмыстарын жүргізуі керек.
Тоқаев құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайтынын атап өтті. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Мемлекет басшысы жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет деді.
«Тағы да қайталап айтамын. Тасқынның алдын алу ісіне әрбір лауазым иесі тікелей жауап беруге тиіс. Сіздердің жұмыстарыңызды немқұрайлы және кәсіби міндетке сай келмейді деп бағаладым. Соның салдарынан азаматтарымыз үлкен материалдық шығынға ұшырады. Олар денсаулығы мен әл-ауқатына зиян келтіретін тұрмыстық қолайсыздықтарға тап болды. Әрине, мемлекет шығынды өтеу үшін шаралар қабылдайды. Азаматтарға айтарым, алаңдамаңыздар. Мемлекет, сондай-ақ кәсіпкерлер барлық шығынды өтеп береді. Бірақ қаржылық және саяси шығындар орасан зор. Оны да ескеру керек. Сондықтан Үкіметке жүктелер жұмыс көп. Қысқасы, талап қатаң болады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеу қажет екенін айтқан.
Қазір Қазақстанның бірқатар обыстарын су басып жатыр. Су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болып, үй-жайынан айырылғандардың 13 659 адамға жеткен.
Су шайған 55 автожол, оның ішінде 1 көпір және 54 жол төсемі бақылауға алынған. Қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорлары құрылып, көлік қатынасынсыз қалған 49 елдімекенге жеткізіліп жатыр.
Өңірлерді су басуына орай халықтан кешірім сұраған Тоқаев бған дейін министрлер мен әкімдерге қатаң сөгіс жариялаған.