Telegram-платформасында есірткі сататын 24 интернет-дүкен мен 12 бот жойылды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Telegram-платформасында есірткі сататын 24 интернет-дүкен мен 12 бот жойылды / shutterstock

Қазақстанда Telegram онлайн-платформасында есірткі сататын 24 интернет-дүкен мен 12 жарнамалық бот жойылды. Бұл туралы депутаттар сауалына жауап беру кезінде үкімет басшысы Олжас Бектенов жазған.

«Биыл «Telegram» онлайн-платформасында есірткі сататын 24 интернет- дүкен және жалпы аудиториясы 50 мыңнан асатын 12 жарнамалық бот жойылды», – делінген Бектеновтің жауабында

Премьер-министр орынбасары Тамара Дүйсенованың үйлестіруімен Ішкі істер министрлігінде жұмыс тобы құрылған. Оның аясында нашақорлықтың алдын алу және есірткіге байланысты қылмысқа қарсы іс-қимыл, оның ішінде әлеуметтік және басқа интернет-ресурстар арқылы есірткінің таралу жолын кесу бойынша қосымша шаралар кешені әзірленетін болады. 

Синтетикалық есірткіні техникалық прогресс жетістіктерін пайдалану арқылы тарату үрдісін ескере отырып, Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде жоба жасалып жатыр.

Және Ішкі істер министрлігі жанынан есірткіге қарсы департамент құрылып, профилактикалық тиісті қызметті күшейту мақсатында қосымша функциялар беру жоспарланған. 

«2023 жылы ІІМ есірткі сайттарын жедел іздеу, оларды пайдаланушылар мен әкімшілерді анықтау үшін 21 аппараттық-бағдарламалық кешен және басқа да техникалық құралдар сатып алды. Нашақорлықтың алдын алу жөніндегі жұмыс шеңберінде жыл сайын еліміз бойынша 500 мыңнан астам адам қамтылып, 9 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізіледі», – делінген премьер жауабында. 

Бір жылда қанша есірткі тәркіленді?

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі тәркілеген. Комитет жалпы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150-ден астам операция өткізгенін хабарлады. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылған. Сонымен бірге 36 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылған.

Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған. Олар осындай қылмыстарға қатысы бар деп күдіктеледі. Баспасөз қызметі одан бөлек, еліміздің және шетел азаматтарын қоса алғанда 169 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлескен 32 операция жүзеге асырылған. 

Сонымен бірге ҰҚК Павлодарда ірі синтетикалық цехы анықтап, жойды. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан. ҰҚК жедел қызметкерлері зерделеу барысында психотроптық заттарды әзірлеу үшін және оны одан әрі ТМД елдерінде сату мақсатымен Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды анықтады.

Тінту барысында 100 келіге жуық «а-PVP» психотроптық заты мен прекурсорлар табылған. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндірісіне арналған заманауи құрылығы анықталып, тәркіленген.

Ал 31 шілде күні Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті осы Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасын анықтап, жолын кескен болатын. Онда құны 2,5 млн доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталды. 

Сондай-ақ оқыңыз