«Jusan Bank» АҚ Басқарма төрағасының лауазымына Kaspi Bank төрағасының бұрынғы орынбасары тағайындалды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
«Jusan Bank» АҚ Басқарма төрағасы тағайындалды / Фото: shutterstock

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ARFRDF) «First Heartland Jusan Bank» басшысы лауазымына Гүлмира Жұмадиллаеваның кандидатурасын мақұлдады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

«Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен Жұмадиллаева Гульмира Жәнібековна «First Heartland Jusan Bank» АҚ Басқарма Төрағасының лауазымына келісілді (29.03.2024ж. №25/БВУ/П хаттамасы)», – деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін бұл қызметті  Арман Мангитов атқарған. 28 ақпанда «First Heartland Jusan Bank» АҚ Директорлар кеңесі Банктің басқарма төрағасы Арман Мангитовтың 1 наурыздан бастап өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар қаржы ұйымы Басқарма төрағасының міндетін уақытша Басқарма Төрағасының орынбасары – Қаржы директоры қызметін атқарып жүрген Алан Жабаевқа жүктеу туралы шешім қабылданды.

Гульмира Жұмадиллаева 2007-2021 жылдар аралығында «Kaspi Bank» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды, сондай-ақ «Нұрбанкті» басқарды.

Айта кететіні, «Jusan Bank» Қазақстанда жұмыс істейтін 21 банктің ішінде активтерінің көлемі бойынша 6-шы орында.

«First Heartland Jusan Bank» (Jusan Bank) 2019 жылы ірі қазақстандық «Цеснабанкті» және «First Heartland Bank» шағын коммерциялық банкін біріктіру арқылы құрылды. Бұған дейін «Цеснабанк» First Heartland Securities инвестициялық компаниясына өтті.

2020 жылдың соңында кәсіпкер Ғалымжан Есеновтен «АТФ Банк» акцияларының 99,76% сатып алған «First Heartland Jusan Bank» 2021 жылдың қыркүйек айының басында осы банкті біріктіруді аяқтады.

KASE мәліметінше, банк акцияларының 77,86%-ы «First Heartland Securities» АҚ-қа, 19,67%-ы кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз