Үкімет басшысы кеден органдарының қызметкерлері еңбек өтілі бойынша неге  ерте зейнетке шыға алмайтынын түсіндірді 

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Кеден органдарының қызметкерлерінің еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдеріне құқығы жоқ / Архив: kursiv.media

Парламент Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов Премьер-Министр Олжас Бектеновке кеден органының қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты депутаттық сауал жолдаған еді. Оның айтуынша, былтырғы 20 сәуірде қабылданған «Әлеуметтік кодекс» пен Үкімет қаулысы бір-біріне қайшы. 

Депутат сауалы

«ҚР Үкіметі кодексті іске асыру мақсатында тиісті қаулылар қабылдағаны да белгілі. Осы кезеңде 2023 жылы 29 тамызда «№ 733 үкімет қаулысы» қабылданды. Аталған Үкімет қаулысының 1 ғана тармағының күші тұтас бір органның қызметкерлеріне зейнетке шығу уақытын тағайындап және өтілім мерзімін санап анықтау мүмкіншілігінен айырды. Осының салдарынан «орындаушы жауапты мемлекеттік орган» қаулы түрінде бекітілмеді», – дейді Амангелді Нұғманов.

Депутаттың айтуынша, жоғарыда көрсетілген қаулының тармақтарының іске асырылуы, Әлеуметтік кодекстің (1-баптың 1-тармағы 77-тармақшасы; 198, 208, 214, 215-баптар; 262-баптың 1-тармағы) баптарының өрескел орындалмауына әкеліп соқты.

Сондықтан да депутат бұл қабылданған қаулының тармақтары азаматтардың құқығын шектей отырып, Конституцияның ең негізгі талаптарының орындалуына қайшы екендігін дәлелдеп отыр деп есептейді.

Депутаттың сауалына Премьер-Министр жауап берді

Үкімет басшысының айтуынша, әлеуметтік кодекстегі баптар құқық қорғау органдарына жатқызылған барлық мемлекеттік органның қызметкерлеріне қолданылады. Ал зейнетақымен қамсыздандыру кеден органдары қызметкерлеріне қолданылмайды.

«Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақымен қамсыздандыру құқығы Әлеуметтік кодекске сәйкес құқық қорғау органдарына жатқызылған барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қолданылады. «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 3-бабында құқық қорғау органдарына жататын мемлекеттік органдар айқындалған (прокуратура, ішкі істер, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметі). Заңның 84-бабында оның зейнетақымен қамсыздандыру, жеңілдетілген салық салу, олардың еңбекке уақытша жарамсыз кезеңіндегі ақшалай үлес төлеу, тұрғын үйді күтіп-ұстау және коммуналдық қызмет ақыларын ақшалай өтемақы төлеу бөлігінде кеден органдары қызметкерлеріне қолданылмайтыны айқындалған», – деп жазылған Олжас Бектенов жауабында.

Осыған байланысты кеден органдарының қызметкерлерінің еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдеріне құқығы жоқ. Өйткені олар құқық қорғау органының қызметкері мәртебесіне ие емес. Сондықтан оларға 25 жылдық өтілмен жасынан ерте зейнетке шыға алмайды. 

Құқық қорғау органдары саласында 25 жыл қызмет еткендер зейнетке ерте шығады

Еске сала кетсек, кеден органдарының лауазымды адамдарына зейнетақы төлемдерін тағайындау Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес жасына байланысты жүзеге асырылды. Осыған байланысты, кеден органдарын басқа құқық қорғау органдарына ұқсас зейнетақымен қамсыздандыру көзделмеген. Қазақстанда құқық қорғау органдары саласында 25 жыл қызмет еткендер зейнетке ерте шыға алады.

Сондай-ақ оқыңыз