«Инкай» бірлескен кәсіпорны жылына 4 мың тонна уран өндіретін өңдеу цехының құрылысын бастайды. Бұл жайлы Бірыңғай экологиялық порталдағы компания құжаттарында жазылған.
Құжаттарға сәйкес құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады. Онда бұрынғы ПВ-1 учаскесінде жұмыс істеп тұрған орталық өңдеу зауытын реконструкциялаумен зауыт түріндегі өндірістік қуаттылығы жылына 4000 тонна уран өңдеу цехын салу жоспарланғаны жазылған.
«Жоспарланған іс-шара барысында Инкай кенішінде табиғи уран оксиді (закись-окись урана) түріндегі уран көлемін 4000 тоннаға арттыру көзделеді. Жобада Инкай кен орнының бұрынғы ПВ-1 учаскесінде жұмыс істеп тұрған өңдеу орталығын қайта жаңғыртумен қатар, өңдеу цехының құрылысын салу қарастырылған. Егжей-тегжейлі жобаға мұнай өңдеу цехының, дизельдік генераторы бар трансформаторлық қосалқы станциясының құрылысы және өңдеу цехын қайта құру жұмыстары кіреді», – делінген құжатта.
«Инкай» бірлескен кәсіпорны» ЖШС Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қаратау ауылдық округі, Тайқоңыр ауылында орналасқан. «Инкай» БК» ЖШС негізгі қызметі – жерасты ұңғымаларының көмегімен шаймалау арқылы уран өндіру.
Қосымша объектілер қолданыстағы өнеркәсіптік нысандардан бөлек орналасқан және қосымша жер телімдерін бөлуді талап етпейді. Егжей-тегжейлі жобалау бойынша жұмыстар өндірістің технологиялық тоқтауына алып келмейді.
«Инкай» бірлескен кәсіпорны» ЖШС-нің 60% үлесі «Қазатомөнеркәсіпке», 40%-ы канадалық Cameco компаниясына тиесілі.
Еске сала кетсек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» уран кен орнының жаңа учаскесін игеруді жоспарлап отырғанын компанияның баспасөз қызметі өткен жылдың жазында хабарлаған. Сонда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңін қоса алғанда, әзірленетін жобалау құжаттарының негізінде 25 жыл мерзімге жасалатыны айтылған.
Ал 13 ақпан күні «Қазатомөнеркәсіп» пен Cameco есебі жарияланды. Онда «Қазатомөнеркәсіптің» ірі кен орны реагенттерді жеткізу мен ұңғымаларды бұрғылауда қиындықтарға тап болуы мүмкін екені жазылды.
«Біздің 2023 жылғы өнім үлесін Инкайдан жеткізу Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша уранды тасымалдау проблемаларына байланысты кейінге қалдырылды. 2023 жылы Инкай өндірісіндегі үлесіміздің шамамен үштен екісін қамтитын бірінші партия төртінші тоқсанда келді. Біздің 2023 жылғы өндіріс үлесінің қалған бөлігімен екінші партия Канада портына келді», – делінген есепте.
Өз кезегінде Cameco Инкайдың 2024 және одан кейінгі жылдарға арналған өндірістік жоспарларын айтарлықтай бұзу – айыппұлдарға және өндіріс шығындарының одан әрі өсуіне әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді.