Қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстатқан: Қайрат Сатыбалды өзіне тағылған айыпты толық мойындады
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қайрат Сатыбалдыұлы қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қатысты айыпты мойындады.
Бұл жолы оған «қылмыстық жолмен тапқан ақшаны жылыстатқан» деген айып тағылып отыр. Мемлекеттік айыптаушы, Астана қаласы прокуратурасының басшысы Елдар Нұрмахановтың мәлімдеуінше қаржылық қылмыс 2018-2022 жылдар аралығында «ТехАльянс» ЖШС-нің қатысуымен жүзеге асырылған.
Сатыбалдыұлы өз бақылауындағы «ТехАльянс» ЖШС-ні пайдалана отырып, кәсіпкерлік қызметтен түсетін пайдасын ұлғайтуды көздеген. Ол аталмыш компания көмегімен 2018-2022 жылдар аралығында қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстата отырып, заңсыз қолма-қол ақша жасаған. Мұндай қылмыстық кіріске Қазақстан мен шетелден құрылыс нысандары мен жылжымайтын мүлік сатып алған. Сонымен бірге бұл қаржатқа Қазақстан Республикасының аумағындағы банктік шоттарға ақша қаражаттарын орналастырып, бағалы қағаздар сатып алған.
«Қайрат Сатыбалды қаражаттың қайдан шыққанын жасыра отырып, 18 млрд 400 млн теңгені «QS» ЖШС-ні пайдалана отырып, қаржылық операцияларды және қасақана заңсыз жолмен алынған қаражатпен басқа да операцияларды жүзеге асыру мақсатында заңды айналымға тарту арқылы заңдастырған. Сатыбалдыұлы 2019 жылы «QS Holding» ЖШС-нің 18 млн 400 мың мемлекеттік емес облигацияларын сатып алған. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде тіркелген акцияның 1 данасы 1000 теңгеге бағаланған. Инвестициялық депозит шарттарына сәйкес 1 миллиард 58 миллион теңге көлемінде тоқсан сайынғы сыйақы купоны қарастырылған. Мұнда облигация иесі Қайрат Сатыбалдыұлының өзі болған», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Бұл қаражатқа ол жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алып, оларды жалға беріп, қосымша ірі көлемде табыс тауып отырған.
Қайрат Сатбылдыұлының жылыстату арқылы тапқан әр елдегі активтері
Мемлекеттік айыптаушы Қайрат Сатыбалдының ақшаны жылыстату көмегімен иеленген әр елдегі қаражатына жеке-жеке тоқталды.
Қазақстан Республикасында сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүліктің жалпы сомасы – 34 млрд 863 млн 900 мың теңгені құрайды.
Ресей Федерациясындағы активтері 840 млн 572 948 рубль. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі валюта эквивалентіне сәйкес бұл сома 4 млрд 202 млн теңгеден асады.
БАӘ-дегі активтері – 162 миллион 150 мың дирхам. Теңгеге шаққанда 20 млрд 413 млн теңге көлеміндегі сома шығады.
Франциядағы активтері – 8 миллион 300 мың еуро, теңгеге шаққанда 4 млрд 150 млн теңге.
Түркия Республикасындағы активтер құны – 65 миллион 237 мың 341 түрік лирасы, теңгеге шаққанда 4 млрд 25 млн теңге көлемінде.
Жалпы алғанда Қазақстан аумағында алынған мүліктің жалпы сомасы 34 млрд 864 млн теңгеге жуық. Ал басқа мемлекеттер аумағындағы активтерінің құны 32 млрд 791 млн теңгеден асады. Прокуратура мәліметінше Қайрат Сатыбалдыұлының жылыстату арқылы қылмыстық жолмен тапқан активтерінің құны 67 млрд 655 млн теңгені құрайды.
Сонымен бірге Қайрат Сатыбалдыұлын прокурор 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2022 жылғы 10 ақпанға дейін заңды айналымға қылмыстық қаражатты тартты деп айтыптады. Айыптардың ішінде «Көліктік сервис орталығының» активтерін ұрлау, кедендік төлемдерді төлеуден жалтару, «Қазақтелеком» АҚ-ға мүліктік зиян келтіру сынды айыптар бар.
«Кәсіпкерлік қызметін пайдалана отырып, бақылауындағы «Техалянс» ЖШС кәсіпорнының айналымына енгізу арқылы жалпы сомасы 82 млрд 446 млн 658 мың 785 теңгені жылыстатқан… Қайрат Сатыбалды 218-баптың 3-тармағында көзделген қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату қылмысын жасағаны», – деді прокурор.
Прокурор айыптау актісін таныстырып болған соң, судья Бағлан Ыдырысов Қайрат Сатыбалдыұлынан «Сіз өзіңізге тағылған айыпты мойындайсыз ба?», – деп сұрады
Айыпталушы тағылған айыпты мойындайтынын айтты. Судьяның «толық мойындайсыз ба» деген сауалына «толық мойындаймын» деген жауап қайтарылды. Сондай-ақ Қайрат Сатыбалдыұлы айыптау қорытындысында көрсетілген қаражатқа де келісіп, Конститутциялық құқығының бұзылмағанын мәлімдеді.
Еске сала кетсек, судья Бағлан Ыдырысов Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлын 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын.
Процессуалдық келісімге өтініш білдірген
Айта кетсек, алдын ала сот отырысында сотталушының адвокаты А.Ш.Ашурбеков сотталушының прокурормен процессуалдық келісім жасасуға келісімін білдіру туралы өтінішхат түсіргені белгілі болды. Сол мақсатта Сатыбалдыұлының қорғаушысы процессуалдық келісім жасау мәселесін шешуге уақыт сұраған.
«Сотталушы Сатыбалдыұлы Қ. адвокаттың өтінішін қолдады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 628-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы кезінде мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы кінәсін мойындау туралы іс жүргізу келісімін, кінәсін мойындау және заңсыз алынған мүлікті қайтару туралы іс жүргізу келісімін жасау туралы өтінішхат беруге құқылы»,- делінген сот қаулысында.
Процессуалдық келісім немесе процестік келісім жасау және заңсыз алынған мүлікті қайтару туралы өтініш берілгенде, судья сот талқылауын үзіп, тараптарға оны аяқтау үшін уақыт береді.
Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке қанша қаражат қайтарды?
Еске сала кетсек, 8 ақпан күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты істі тергеу шеңберінде елге тағы 44,6 млрд теңге қайтарғанын хабарлады.
Ал 6 наурызда өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Арман Тілеукенов 2022 жылдан бері Қайрат Сатыбалдыдан заңсыз иемденілген 732,8 миллиард теңгенің активтері қайтарылғанын айтты.
Айта кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айырды.
Сатыбалдыұлына Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шаралары аясында елден заңсыз шығарылған активтерді қайтарғанын хабарлаған болатын. Ол кезде Бас прокуратурамен бірлескен іс-әрекеттер негізінде Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы сомасы 14 млн АҚШ доллары елге әкелінгені хабарланған еді.