Екі ай үзілістен соң Әлихан Смайылов мемлекеттік қызметке оралды. Ол енді Жоғары аудиторлық палата төрағасы

Жарияланды
Әлихан Смайылов
Әлихан Смайылов премьер-министр лауазамынан 5 ақпан күні босатылған / Фото: Үкімет

Екі ай үзілістен кейін бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайылов мемлекеттік қызметке қайта оралды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жоғары аудиторлық палата Төрағасы болып тағайындалды. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата Төрағасы Наталья Годунова болған. Ол бүгін президент жарлығымен қызметінен босатылды.

Еске сала кетсек, 5 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдап, Үкіметті басқару функциясын уақытша Роман Склярға жүктеді.

Amanat партиясы жаңа премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

Ал Мәжілістің пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

Бір айта кетерлігі, Әлихан Смайылов үкіметке басшылық еткен тұста Үкімет шығындары мен қарыздары айтарлықтай өскен. Егер 2022 жылдың қаңтарында (премьер болған кезде) мемлекеттік қарыз 43,3 млрд долларды құраса, 2024 жылдың қаңтарында ол 54,8 млрд долларға жеткен. Елеулі өсім мемлекеттік қазынашылық міндеттемелердің эмиссиясының ұлғаюымен байланысты болған.

Мемлекеттік қазынашылық міндеттемелердің эмиссиясының пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуы да қарыздың артуына алып келген.

2023 жылдың қорытындысы бойынша 5,5 триллион теңге рекордтық мемлекеттік несие алынған. Бірақ соған қарамастан, мемлекет бюджетіндегі тапшылық жабылмаған. Ал Ұлттық қордан аударылатын трансферттер 4 триллион теңгемен шектелген. Қордан бұдан былай кірістен көп қаражат алу мүмкін болмаған.

Сарапшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларын сатудан түскен 1,3 трлн теңге қаражаттың мемлекеттік бюджетке қайта бағыттауына да осы жағдай яғни Ұлттық қордан бюджетке аударымдарды шектеу мен несиелік шектеулер себеп болуы мүмкін деп топшылайды.

Сонымен бірге Әлихан Смайылов мұнай-газ саласына қатысты кездесулерімен есте қалды. Ол Қашаған газ өңдеу зауытының әлеуетті инвесторларымен 2 жыл келіссөз жүргізіп, өндіріс көлемін 4 миллиард м3 дейін жеткізуге күш салған. Бірақ соңында Қашаған акционерлері өздерінің ескі ұстанымдарында қалып қойды. Олар көрсеткіштерді 2 млрд м3 көлемінен 2,5 млрд м3 дейін көтерді.

Сондай-ақ оқыңыз