Қытайлық компания Атыраудағы жерасты суының көтерілу себебін зерттеу үшін өз мамандарын жібермек

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қытайлықтар жерасты суының көтерілу себебін зерттейді / коллаж: kursiv.media

Атырау облысында көтерілген жер асты суын қалыпқа келтіру қазіргі уақытта өзекті мәселенің бірі.  Сол себепті Қытай компаниясы өңірдегі жерасты суының көтерілу себебін зерттеу үшін мамандар жіберуге дайын екенін жеткізді.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Қытай құрылыс корпорациясының үшінші инженерлік бюросы» компаниясының басшысы Лю Мин бастаған делегациямен кездесу өткізді. Кездесуде кәріз жүйесін салу, жер асты суын өндеу, пайдалану және әлеуметтік нысандар салу сынды мәселелер талқыланды. Өйткені  Атыраудағы жерасты суы деңгейінің көтерілуі қазіргі уақытта жеке тұрғын үй иелеріне қиындық туғызып отыр.

Қытайлық компания басшысы Лю Миннің айтуынша, Атырау облысында көтерілген жерасты суын қалыпқа келтіру үшін дренаж жүйесін салу қажет. Осыған орай Лю Мин зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті мамандар жіберетінін айтты.

«Тұзды жердің суын тазалау – өте оңай процесс. Сондықтан арнайы уақыт белгілейік, кейін компанияның арнайы мамандары белгіленген аумақтарға келіп, зерттеу жүргізсін»,-деді Лю Мин.

Аймақ басшысы Серік Шәпкенов өңірдің инновациялық-индустриялық даму бағытында ұсынылған әр жобаны қолдайтынын, арадағы ықпалдастықты жандандыруға ниетті екенін білдірді.

Айта кетейік 2023 жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысының Қытаймен сыртқы сауда айналымы 3 млрд 242 млн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде экспорт 3 млрд. 79 млн, ал импорт – 163 млн АҚШ долларын құраған.

Жер асты су қорын ластаған 5 мұнай компаниясы жұмысын қашан тоқтатады?

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе облысында үш ірі қаланы тұщы сумен қамти алатын жерасты су қоры қорының үстіне мұнай скважиналары орналастырылғаны туралы хабарлаған едік. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мұнай скважиналарының алғашқыда жерасты көлінің үстіне орналастырылмағанын, қазіргі жағдайдың қалыптасуына жерасты су ресурстарының артуы себеп болғанын айтқан болатын. Ол 5 мұнай скважинасының жұмысын бірден тоқтату техникалық тұрғыда мүмкін емес екенін айтты. Өйткені бір мұнай скважинасының жұмысын тоқтатудың өзі оңайға соқпайды және процесс дұрыс жүргізілмесе су қоры екінші мәрте ластануы мүмкін. 

Бұл мәселені депутаттар да көтеріп, бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдаған. Депутаттардың сауалына жауап берген бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Көкжиде» жер асты су қорының үстінде тұрған мұнай компаниялы бұрғылау жұмыстарын 2028-2030 жылдарға дейін тоқтатайтынын мәлімдеген.

Депутаттардың дерегінше «Көкжиде» су қорының ластануы 2020 жылы тіркелген. Ол жылы Көкжиде жер асты суларында мұнай өнімдерінің құрамы шекті рұқсат етілген концентрациядан 6 есеге дейін асып кеткені анықталған. Ал 2021 жылы тіркелген компанияларға қомақты көлемді айыппұл салынған.

«Осы бірегей жерасты суларын сақтау мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша 2009 жылдан 2019 жылға дейін «Көкжиде» Құмы объектісіндегі 38 ұңғымаға мемлекеттік экологиялық зерттеулер жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша жыл сайын жер асты суларының мұнай өнімдерімен ластануы тіркелді. 2021 жылы Актөбе облысы бойынша экология департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК-Мұнай» АҚ және «Фирма Ада Ойл» ЖШС қызметінде тексерулер жүргізді, нәтижесінде Көкжиде құмдарының ластануы бөлігінде ҚР экологиялық заңнамасының бұзылуы анықталып, 1 миллиард теңгеден астам сомаға айыппұл салынды»,- дейді депутаттар.

Сондай-ақ оқыңыз