Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде Kaspi.kz-пен бірге 200 млн теңге

Жарияланды
kaspi.kz

Қазақстанның бірнеше өңірі су тасқынынан зардап шекті, мыңдаған отбасы уақытша орналастыру орталықтарында. Kaspi.kz «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, зардап шеккендерге мобильді қосымша арқылы қаражат жинауды ұйымдастырды. Бірнеше күннің ішінде 55 мың қазақстандық 80 миллион теңгеге жуық ақша жинап үлгерді. Kaspi.kz өз тарапынан көмек көлемін 200 миллион теңгеге дейін ұлғайтты.

 «Biz Birgemiz Qazaqstan» ҚҚ төрағасы Перизат Қайрат:

«Дәл қазір су басқан аймақтардағы адамдарға көмек өте қажет. Адамдар үйлерінде қалған көптеген ауылдарға тек тікұшақтар немесе қайықтар арқылы жетуге болады. Құтқарушылар адамдарды эвакуациялауды жалғастыруда, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Біздің қор ашық жұмыс істеп, қаражаттың жұмсалуы бойынша барлық құжатты ұсынатынын көрген Kaspi.kz бізбен ынтымақтасуға шешім қабылдады және жедел түрде көмек жинауды ұйымдастырды. Қазақстандықтар аз ғана күннің ішінде зардап шеккендерге 80 миллион теңгеден астам ақша жинады. Ал Kaspi.kz -тің өз тарапынан тағы 120 миллион теңге қосу туралы шешім қабылдауы біз үшін күтпеген жағдай болды. Осындай қолдауы үшін Kaspi басшылығына алғысымыз шексіз, енді бізді волонтерлермен бірге ауқымды жұмыс күтіп тұр. Зардап шеккендер мен құтқарушыларға көмектескендердің барлығына рахмет!»

Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі және басшысы:

«Біз зардап шеккендермен біргеміз және су тасқынының зардаптары жақын арада жойылып, адамдар өз үйлеріне оралады деп үміттенеміз. Көмек қаржы жинауға үлес қосқан сүйікті клиенеттеріміздің әрқайсысына алғыс айтамыз. Kaspi.kz – әлеуметтік жауапкершілігі бар компания және біз әрқашан қиын жағдайда сүйікті клиенттерімізге қолдау көрсетуге тырысамыз. Біз өз тарапымыздан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қосымша 120 миллион теңге бөліп, жиналған соманы 200 миллионға дейін жеткіземіз».

Қаражат Ақтөбе және Қостанай облыстарында жол жөндеу, құтқару тікұшақтарының жұмысын қамтамасыз ету, генераторлар, сорғылар, үрлемелі қайықтар және дәрі-дәрмек сатып алу үшін «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қорына жіберіледі.

Көмек жинау жалғасуда. Kaspi.kz мобильді қосымшасының «Қайырымдылық» бөлімінде кез – келген адам зардап шеккендерге көмек ретінде «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорына қаражат аудара алады.

Kaspi.kz сонымен қатар сүйікті клиенттері мен серіктестеріне көмектесіп, қиындыққа тап болған жандарға несие төлемін кейінге қалдыруды ұсынады.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Павлодар, Ұлытау және Абай облыстарында 12 мыңнан астам адам эвакуацияланғанын хабарлаған. Бұл өңірлерде көптеген тұрғындар уақытша орналастыру орталықтарында, үйлерін еріген қар суы басып қалған.

Сондай-ақ оқыңыз