«7 млрд теңге емес»: ТЖМ вице-министрі су тасқынының алдын алуға қанша қаржы бөлінгенін айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
паводки
Су тасқынының алдын алуға қанша қаржы бөлінді? Фото: kursiv.media (primeminister.kz)

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов су тасқынының алдын алуға 7 млрд емес, тек 3 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді.

Үкімет отырысынан кейін журналистер Бауыржан Сыздықовтан «су тасқынының алдына алуға бөлінген 7 млрд теңге қайжа жұмсалғанын» сұрады. Вице-министрдің айтуынша, ондай қаржы бөлінбеген.

«Шын мәнінде су тасқынына қарсы 7 миллиард қаржы бөлінбеді. Бұл тек осы мақсатта «қарастырылған сома». Осыны дұрыс түсінейік. Бұл қаржы жергілікті әкімдіктердің бюджетінен қарастырылады. Қазіргі кезде әкімдіктердің мәліметінше, осы қаржыдан 3 миллиард теңге бөлінген. Қаржы су тасқынының алдын алу және онымен күресуге бағытталып жатыр», – деді Бауыржан Сыздықов.

Министрдің орынбасары су тасқыны салдары жоюқа нақты қанша қаржы жұмсалатынын айта алмайтынын жеткізді. Өйткені ел бойынша 20 өңірде төтенше жағдай жарияланған. Әкімдіктер келген шығынды толық санап шығуы тиіс. Сыздықов әр әкімдік жанында ТЖ резерві бар екенін айтады. Жергілікті жердегі резерв қаржысы жетпесе ғана Үкімет резервінен бөлінетін болады.

Үкімет отырысындағы баяндамасында вице-министр 5 өңірде 1405 үй су астында қалғанын мәлімдеді. 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалып, 9 тұрғын үй қираған.

Мемлекет су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев әкімдіктер өңірлердегі қираған үйлерді санап, жаңадан қанша үй салу керек екендігін есептеп шыққан сәтте зардап шеккендерге көмек беру басталатынын айтты.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқыны қайтадан күшеюі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде су тасқынының жаңа кезеңі басталады деп мәлімдеді. Өңірлер су тасқыны қаупін нақты бағалай алмады деген Премьер-министр жұмысты барынша күшейтуге тиіспіз деді.

Сондай-ақ оқыңыз